ҰРПАҚ ЖАЛҒАСТЫРУ - АТА-БАБА АМАНАТЫ ғана емес, ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ
2018 ж. 24 маусым
12943
10
ЖИЕНДІ НЕМЕРЕ деген НЕМЕНЕ?!.
Қазір әлеуметтік желілерде «Ұл артық па, қыз артық па?», «Қыздан туған бала да немере» деген қолдан жасап алған жасанды «атауларды» келтіріп, айтысып-тартысып жату белең алды. Алдымен айтарымыз Алла ұлды өз ата-тегінің ұрпағын жалғастырушы, қызды жат жұрттың ұрпағын жалғастырушы - отын жағушы ретінде жаратқан. Ал Жаратқанның жаратқанын жаратпай, өзінше түзегісі келгендер шығып жатқанына қарап, қалай қынжылмайсың? Сондықтан да, оқырмандар сұрауымен қолға қалам алуға тура келді. Әлгіндей әлеуметтік желілер мен уатсаптағы түрлі топтарда Шернияз ақынның: "Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім. Еттің ащы болғанын тұздан көрдім. Жас күнімде "қыз бала", - деп менсінбеп ем. Қартайғанда рахатты қыздан көрдім!" -дегенін мысал етіп, ұл мен қыздың айырмашылығы жоқ деп, өмірдің парқын айырмай, нарқын насиxаттаушылар көбеюде. Әрине, бұл ұл көрмей, қызды болған отбасылардың өзін-өздері жұбатуы екенін түсінеміз. Алла оларға алда ұрпақ жалғастырар ұл беруін тілейміз. Бірақ, ӨМІР ШЫНДЫҒЫ - АЛЛАНЫҢ ЖАЗУЫ бар емес пе?! Дегенмен, бір Алладан үміт үзбеу керек қой. Ұл мен қыздың айырмашылығы, яғни басты мәселе - ұл-қыздан байлық, раxат көруде емес. Ең басты өмір мәні - ұлдан ұрпақ қалдыру. Қыздың мейірбан екені анық. Бірақ қыздың баласы СЕНІҢ ҰРПАҒЫҢ ЕМЕС - ЖИЕННІҢ ӨЗ ЕЛІ БАР, ӨЗ АТА-ӘЖЕСІ БАР. СЕН ҚЫЗДАН ТУҒАН БАЛАНЫҢ тек НАҒАШЫ ата-әжесі ғана БОЛАСЫҢ. ҚЫЗ ЖАТ ЖҰРТТЫҚ деп атам қазақ ақиқатын, турасын айтқан. Қыз да, Қыздан туған балалар да сенің ата-тек ШЕЖІРЕҢЕ ЖАЗЫЛМАЙДЫ! Ұл болмаса, ШЕЖІРЕ ҮЗІЛЕДІ!.. Қыздан туған баланы немерем деп, оның өз ата-әжесінің орнына таласу - Алланың дегеніне, табиғи заңдылық, ұлттық дәстүрге қарсы шығу. Бұл қыздың баласы мен ұлдың баласының аталық айырмашылық парқын айырмайтын орыстанудың зардабы. Мысалы, мына суреттегі "Жеті атаны" бір рудың бір отбасының жеті атасы шежіресі деп алайық. Сонда сіз өз руыңыздың АТА-ТЕК ШЕЖІРЕСІНЕ өзге руға кеткен қызыңыздың баласын - өзге рудың баласы - жиеніңізді қалай қоспақшысыз? Оған жиеніңіздің өз руы, өз ата-тегі, өз әкесі, ата-бабасы рұқсат береді ме? Осы қарапайым өмір заңын - екі жердегі екі-төрт дегенді түсінбей, немесе түсінгісі келмей өмір заңына, қазақтың қағидалы ұлттық дәстүріне қарсы шығып, яғни күнді алақанымен жапқысы келіп, жанығып жүргендерге таңым бар... Ана бір жылы Берік деген бір бауырымыз баласының тұсаукесерін жасады. Баланың нағашылары сөзге шыққанда, баланың тойын жасап жатқандардан біраз жерде қызмет етіп қалған бір үлкен апай құдаларына қарап, "Сіздердің де немерелеріңіз ғой, тілек айтыңыздар"-деді. Баланың нағашы атасы Талдықорған өңірінде, Қапал жақта талай жыл ел басқарған Боранхан Жүнісов деген текті қазақ еді, тек тұрсын ба: "Жоқ, бұл бала - менің ұлымның емес, қызымның баласы! Қыздың баласын немере дегенді қазақта қайдан көрдіңдер? Мен бұл жиен баламның нағашы атасымын! Әлде, маған қазақтың нағашы деген қадірлі атауын қимай тұрсыңдар ма?"- деп сарт еткізді. Тойда отырған нағыз қазақтар "Әй, бәрекелді! Міне, ақиқатын айтқан аталы сөз!"-деп разы болып қалдық. Орысшылдар бір-бірімен сыбырласып, күңкілдесіп жатты... Шернияз ақын жоғарыда келтірілген ол өлеңді жетіскеннен айтып тұрған жоқ. Бұл өлеңнің өзі - Шернияздың шері екенін сөздің төркінін, жырдың астарын түсінер әркім біледі. Қазақтың тағы бір тарлан ақыны Тұманбай "ҰЛДЫҢ АТЫ -ҰЛ ҒОЙ ШІРКІН ҚАШАНДА!"-деп, бекер жазды дейсіз бе?!. Сол үшін мейірімі шексіз Алладан шын тілеуді үзбесең, қызға қосып, ұл да береді. Бәйбішеден болмаса, екінші әйелден ұл тапқыз. Екіншіден болмаса, үшіншіден үміт күт. Бұған тек еркек емес, бәйбішенің өзі де мүдделі болуы керек. Бағзыдан келе жатқан басты байлам - бәйбішенің мақсат-мұраты, яғни аналық та, даналық та миссиясы - өзінің жеке басының, әйелдік қызғанышын ОРТАҚ ОТБАСЫНЫҢ ОТЫН СӨНДІРУГЕ жұмсамай, барлық отаналық парасатын ҰЛДЫ БОЛУДЫҢ БАР ЖОЛЫН іздеуге, ұрпақ жалғастығын ұлықтауға арнауы керек. Бұл әрине, бәйбішенің ақыл-парасатымен бірге, ең алдымен ЕРКЕКТІҢ ЕРІК-ЖІГЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ! Ал Еркек өзінің ұрпағын жалғастыруды ойласа, Қай жаста болса да, Қандай Тәуекелге болса да, баруы тиіс. Артыңда қалған УАҚЫТША өсек-аяң АРТЫҢДА ҚАЛАТЫН МӘҢГІЛІК ҰРПАҒЫҢНЫҢ ҚАСЫНДА ТҮККЕ ДЕ ТҰРМАЙДЫ! Өз есебі түгелдер өрбітетін өсекті емес - ӨЗІҢНІҢ ӨСЕР ҰРПАҒЫҢДЫ ОЙЛАУҒА ТИІССІҢ! Себебі сені ұрпақ жалғастыру үшін өмірге әкелген Ата-бабаңның саған басты аманаты осы - Ұрпағының үзілмеуі! ҰРПАҚ ЖАЛҒАСТЫРУ - АТА-БАБА АМАНАТЫ ғана емес, ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ! Ал, денсаулығы жарап тұрса да, не өзі тумай, не ұл туатын екінші әйелге ұлықсат бермей отыратын әйелдерінің алдындағы жігерсіздігін көбінесе еркектер "махаббаатымыз күшті" немесе "қыздарымды қимаймын" деген желеумен жамап-жасқағысы келеді. Егер шын махаббаттары күшті болса, онда ол екіжақты болуы керек. Екіжақты болса, күйеуін шын сүйетін әйел ең алдымен өзі орындай алмағандықтан, өзгеден болса да, ерінің ұрпақсыз қалмауын ойлауы тиіс. Ал қимас қыздарына келсек, қыздар шынында да, мейірбан, қамқор болады дейтініміз рас болса, олар да әкелерінің ұрпақсыз қалмауын ойлап, әрі інілі болудан қаша қоймаса керек. Әрине, отбасында ұлдың болмауы ердің денсаулығына байланысты болса, сөз басқа. Ондай жағдайда туған, туыстардың балаларын асырап алу бұрыннан бар үрдіс. Ал тағдырдың жазуымен жастай, отбасын құра алмай, немесе ұрпақ жалғастырар ұл күтіп жүріп, дүниеден озып кеткендерге амал жоқ... Оларға арғы дүниеде Раббымның өзі рақымын берсін дейміз. Бәрінен де бұрын, Алла берерінен жазбасын! Шамамыз келгенше, мектеп баласы да түсінетіндей түйсік болса, ұғатындай-ақ жазуға тырыстық деп ойлаймыз. Ұрпақ жалғастығы мәңгі үзілмесін! Ұл-қыздарымыздың жұлдыздары жарқырай бергей! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz