Қазыбек Иса. ТҮБІ БІР ТҮГЕЛ ТҮРКІДЕН СҮЙІНШІ СҰРАР ЖАҢАЛЫҚ!
2018 ж. 20 маусым
11993
2
ЕЛБАСЫ ЕЛ ТІЛЕГІН ЕКІ ЕСЕ ОРЫНДАДЫ
Түркістан – екі дүние есігі ғой. Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңір берген несібі ғой! Тұран тұлға тұтқан Мағжандай ұлы ақындардың маржан жырына арқау болған, бүкіл Түркі ардақ тұтқан қасиетті Түркістанның түлеуі жаңа кезеңге қадам басты! Түбі бір түгел түркіден сүйінші сұрайтын жаңалық – Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның атында жаңа облыс ашылып, Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болды! Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа жария түрде қол қойды! «Бүгін мен қол қойып отырған Жарлық Шымкенттің республикалық мәртебесін бекітеді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің 17-аймағы болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болып келген Түркістан қаласы болады. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталады», – деген мемлекет басшысы «Бірлік бесігі -Түркістанның» зор маңызы жөнінде толғамды сөз сөйледі. Иә, Елбасымыз бастаған Рухани жаңғыруымыз – Рухани орда Түркістанның жаңа заманға сай жарқын келбетін жасаудан жарқырай көрінуі тиіс. Осыдан 22 жыл бұрын Түркістанға келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан болашақта облыс орталығы болады» деп айтқан еді. Енді міне, Елбасы ел тілегін екі есе орындап, Түркістанның атында облыс та ашып берді! Мемлекет басшысының бұл өлкенің бұрынғы тарихи атауын қайтаруы әділ шешім болды. Түркістанның түлеуі – Тұран рухының жаңғырып, Туымыздың биік өрлей беруі деп білеміз! Қасиетті Рамазан айында Түркістан қаласында ауызашар беруді дәстүрге айналдырған «Ақ жол» партиясы биыл мамырдың 25-26 күндері партияның Орталық Кеңесі пленумын да бірге өткізді. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев биылғы ауызашарда: «Жыл сайын ауызашарда Түркістанды облыс орталығы немесе республикалық маңызы бар қала етуді тілейтін едік, қасиетті Рамазан айында тілегіміз періштелердің құлағына шалынып, биыл осы түгел түркі елеңдей күткен игі шара қолға алынып жатыр»-деген еді. Енді міне, ел күткен шешім де шығып, халық жаппай қуана қолдауда. Жырмен бастаған жүрекжарды сөзімді жырмен аяқтағым келеді. Осыдан он сегіз жыл бұрын, Түркістан қаласының 1500 жылдығында жазылған өлеңімді келтіре кетейін:ТҮРКIСТАН. ӘЗIРЕТ СҰЛТАН КЕСЕНЕСI
Сан ғасырдан бүгiнге жеттiң де өзiң, Мәңгiлiкке жеткiздiң көптiң көзiн. Көк аспанның көркем бiр көшiрмесi Көкке қолды жайғызар көк күмбезiң… Сағанаңды саңлақтар саялардай, Қасиеттен зерделi ел ой алардай… Қас шебердiң төбесi көкке жетiп, Көктен алған көк түспен бояғандай… Кереметке киелi қарай қалып, Келгендердiң кетедi бәрi ойланып… Боз биенiң сүтiне иленген қыш, Күндiз-түнi тұрады арайланып… Түгел түркi пiр тұтып үкiлеген, Бiр өзiңе арналар бүкiл өлең. Жұлдыздармен шегелеп күмбезiңдi Жуады ылғи Айлы түн сүтiменен… Қырға бiткен қырмызы жапырағы, Өрнектелiп, өзiңе шақырады… Құралатын Құранның аятынан, Оюларың ойға елдi батырады. Бозiнгеннiң тамырын қуса күйшi, Боз даланың үнiне сусар үйшi… Әлемдегi әйгiлi жалғыз қала Желпiндiрер желменен жусан исi… Қылқұйрықты қосқан соң қыртыс қалмай, Кетiгi жоқ келiстi кiрпiш қандай. Түгiн тартсаң… түркiлiк тарих шығар, Тұлғаларға тұрандық Түркiстан бай. Тартыспенен атқан-ды талай таңы, Көкбeрiнiң көкке әлi көп айтары… Ай таңбасы айқындап бағытымды, Шабытымды бiр Алла молайтады… Мұнарадан естiлсе құдiреттi үн, Тұра қалып мен дағы күбiр еттiм… Әзiреттен әдiлет тiлеп келiп, Айтылады өзiңе мұңы көптiң… Шаңыраққа баладық Күндi биiк, Бiр құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып. Топырағыңды басқанда жалаңаяқ, Тұла бойға туған жер нұрды құйып, Алтын жұққан табаным тұрды күйiп… Алуан үн бойыңда қырқысқанда, Аруағың жаныңды шын қысқанда, Бiр Құдiрет eмiрде бар екенiн, Бiлгiң келсе – Келiп қайт Түркiстанға! 2000 жыл