АЗАН ДАУСЫН АЗАЙТУ – ДІНИ РӘМІЗГЕ ҚАРСЫЛЫҚ, ДІН МИНИСТРІ мырза!
2018 ж. 14 маусым
34336
32
Қалетаев қасиетті діни қағидамызға қарсы шығып, мұсылманның күнәсін көбейтпек пе?
Атам заманнан қалыптасқан АЗАН шақыру – яғни намазға, иманға шақыру Ислам дініміздің игі символы, қасиетті қағидалардың бірі, діни аса ізгі амал. Азанның дініміздегі орны ерекше, өйткені Азан – негізгі ислам рәміздерінің бірі. Мұсылман баласы азан шақырылғанда оны ықыласпен тыңдап, азан сөздерін қайталауы керек. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанның дауысын естігенде азаншының сөздерін қайталаңдар...» деген. Азан – (арабша (араб.: أَذَان) азана — хабарлау, құлақтандыру) — мұсылмандарды намазға шақыру. Ал шариғаттағы мағынасы – шариғат бекіткен арнайы сөздерді айтып, намаз уақытының кіргендігін құлақтандыру, хабарлау. Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан шақыру ерлер үшін – бекітілген сүннет. Алланың Елшісі (ﷺ) айтады: «Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі. Оған берілетін сауап онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі». (Хадисті Абу Умамадан имам Таборони жеткізеді. Жамиғул сахих № 6519). «Азаншының дауысы үзілген жерге дейінгі күнәлары кешіріледі. Әрбір естіген жанды-жансыз заттардың барлығы ол үшін жарылқау тілейді». (Хадисті ибн Умардан имам Ахмад жеткізеді. Мажмагул зауаид 326/1). Ал Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев министр бола салысымен осы қасиетті діни қағидамызға қарсы шықты. Министрлік мешіттердегі азанның даусын азайтуға шешім шығарды. "Министрлік азанның даусын азайту туралы қатаң тапсырма берді.«Осы тұрғыда Дін істері комитеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және облыстардың, Астана мен Алматы қалалары Дін істері жөніндегі басқармалармен бірлесіп, мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін тұрғын үй және басқа үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды ұстауға және пайдалануға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деп жазылған хабарламада.Азан даусы – намазға шақыру, яғни имандылыққа шақыру. Азан шақырғанда шайтандар құйрығын бұтына қысып қаша жөнеледі дейді. Шайтанмен бірге барлық жамандық, бәле-жалалар бірге қашады. Яғни, АЗАН ДАУЫСЫ КІМДЕРГЕ ҰНАМАЙДЫ? - ШАЙТАНДАРҒА! Ал министрлік Азан даусын азайтып, шайтандарды көбейтіп отырғанын, яғни, жамандық шақырып отырғанын түсінеді ме? Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, Азан шақырушының дауысы жеткен жерге дейін күнәсі кешірілсе, министр Қалетаев азанның дауысын азайту арқылы мұсылманның күнәсін көбейтіп отырғанын түсіне ме? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа төрағасы Серікбай қажы Ораздың да бас мүфти болғаны кеше ғана. Еліміздің Діни басқармасы бұндай кесепаттыққа қарсылық білдірудің орнына министрдің алдына түсіп алып шауып, барлық облыстағы діни басқармалар министрлік бұйрығын орындауға кірісіп кетті... Яғни, жаңа министр Дархан Қалетаев пен жаңа бас мүфти Серікбай қажы Ораздың аттары діни дәстүрімізге қарсы шығуларымен қалайын деп отыр... Екеуінің он екі айдың сұлтаны - қасиетті Рамазан айындағы. ертеңгі Айт мерекесі қарсаңындағы Қазақ елі мұсылмандарына жасаған "сыйлығы" осы болып тұр... Исламдағы ең қасиетті ізгі амалдардың бірі Азан шақыру бізге күніне бес мезгіл намаз уақытының кіргенін хабарлап, ғибадатымызды өз уақытында орындауға үндейді. Азан шақырғанда бізге бес уақыт парызымызды орындауды еске түсірген Раббымыздың шақыртуы екенін ұғынамыз да, намазға асығамыз. Яғни, Азаншы Алла тағаланың шақыртуын жеткізуші. Ал шариғат бекіткен Алла тағаланың шақыртуына шамданып, қарсы шығушылардың талабын орындау арқылы Дін министрі мен мен хазірет мүфти Аллаға, Ислам дінінің негізгі рәмізіне қарсы шығып, өздерінің негізгі міндеттеріне қарсы жұмыс істеп отырған жоқ па? Бұл еліміздегі мұсылман қауымның қарсылығын айтпағанда, кезінде Ислам ынтымақтастық ұйымын басқарған Қазақстанның атына әлемдегі өзге мұсылман елдері айтар сын емес пе? Көрші туысқан түркі мемлекеттерінің алдында намыс емес пе? Дін министрі Діни қағидаға қарсы шығып, Азан дауысымен алысқанша, түнгі клубтардың –жын ойнақтардың шуына қарсы шықпай ма? Кеңес заманын айтпағанда, Тәуелсіз Қазақ Елінде 27 жыл бойы «азанға қарсылар» қалай ұйықтап келгенін кім айтып бере алады? Министр ме, мүфти ме? Пайғамбарымыз (с.а.у): "Ассалату хайрум минән наум" (Намаз ұйқыдан артық) тек таң намазында ғана айтылады», – деген. Қайраткер емес, қайраткер түгілі салмақты саясаткер емес адам билікке келсе, кім көрінгеннің айтқанына еріп, айдауына жүріп кететіні белгілі жәйт. Сондықтан да, кейбір әкімдердің Ақ ордадан рұқсат берілсе де, ерігіп, көшеге шыққан екі-үш зейнеткердің қарсы болуына бола, елдің қолдауын таптап, Алаштың 100 жылдығында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атына Қарағандыдан көше бере алмай кеткені... Бұл халық тілегі әлі орындалған жоқ. Азан дауысына қарсылар бұған дейін де бірен-саран болған. Бірақ Азанға қарсы аз ғана топтың тілегін орындаған билік болған жоқ еді... Бұрынғы және алғашқы дін министрі Нұрлан Ермекбаевты да алғашында тілге байланысты сынағанымызбен, дінге байланысты діттеген нақты іс-шараларын құптап, қолдап келген едік. Көп істемей ауысып кетуінің себебі - діни алаңды теріс ағымдардан тазалауда көп істеп қойғандықтан емес пе екен деген әңгіме де босқа айтылмай жүр-ау деп ойлаймыз... Ал кезінде талай ұсыныстары күлкіге ұшыраған жаңа министр Қалетаевтың жамағатқа жағымсыз «жаңалығы» мұсылман қауымының орынды наразылығын тудырып отыр. Ана бір жылы Алматы қаласын басқарып тұрғанда көрнекті саясаткер Иманғали Тасмағамбетовке әкімнің есеп беру жиналысында Республика сарайында бір орыс кемпірі «Менің үйімнің қасындағы мешіт күніне бес рет азан шақырып, мазамды кетіреді» дегенде, Имекең қыннан қылыш суырып алғандай: «Егер енді алты рет азан шақыратын болса, маған айтыңыз»-деп сарт еткізді. Рахметін айта-айта кемпір кетті. Ел күлкіден қырылып қалды... Міне, нағыз ұлт қайраткері, саңлақ саясаткер! Ал. белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов болса, Павлодарда мешіт дауысына қарсылығын білдірген өзге ұлт өкіліне: "Мен сіз үшін Алланың үйін, қасиетті мешітті көшіре алмаймын. Азан дауысы ұнамаса, өзіңіз көшіп кетіңіз!"-деп кесіп айтып, нүкте қойғанын ел жақсы біледі. Иманғали Тасмағамбетовтың Атырауда алып "Иман" мешітін салып, Ғалымжан Жақияновтың Керекуде керемет "Мәшһүр Жүсіп" мешітін тұрғызғанын ойласақ, ұлттық қаны бар қайраткерлердің асыл дініміздің ізгі амалдарын қорғауда зор қайрат көрсетуінің тамыры тереңде жатқанын ұғынамыз. Біздің әлеуметтік желілерден түспейтін белсенді діни уағызшыларымыз ауыздарына құм толтырып алғандай үнсіз әзірше. Үндемеу - келіскендікті білдіретін болса, ертең олар Азанының даусы әлсіз мешіттегі жарым көңіл жамағаттың алдында қалай уағыз айтпақ? Министрлік өтініш түссе болды, бәрін орындағыш болса, Азан дауысының азаюына біз де қарсымыз. Азан дауысына кімдер қарсы, қанша адам екен, жариялаңыздар! Олардың Азан даусын азайтуына қарсы жүз есе, мың есе көп адам қарсы болатынына бәс тігемін. Бұндай болса, көңілге шіркеу түсіретін шіркеу қоңырауына да қарсылығын айтып шығатындар аз емес... Осыдан 7 жыл бұрын Ислам дінінің құдіретіне құлап, «Мінәжат» деген жыр жазып едім. Соның Азан шақырудың ізгілігін жырлаған шумақтары ойыма оралып отыр: Табындырып әр діндік дарындарды, Қабылдады барлығы нанымды алғы. Ләә иләәhә илләллааh – арым мәңгі! Тау мен тасқа соғылған маңдайыммен, Жайнамазға жығылып жаным қалды!.. Ләә иләәhә илләллааh – арым мәңгі! Әуейі боп кетпегін әр елеске, Намаз ғана Тәубеңді салады еске… Тұла бойға тұнатын шымырлатып, Азан даусы – ең ұлы ән емес пе?!.. Бар Ақиқат осында бар емес пе?!.. Алла десең жақсылық несіп болар, Намаз сайын рухың өсіп қалар. Алла нұрын себелер адамзатқа, Қасиетті Мекке мен мешітке бар! Көктен түскен киелі есіт хабар! Мен осы мақаланы жазып болғанда, мешіттен Құдайдан жеткен Құдіретті Азан дауысы естілді де, таң намазын оқуға кірістім... Қазыбек ИСА Qazaquni.kz