Қытайдағы мұсылмандар жаппай қасиетті Құранды жерге көмуде
2018 ж. 13 маусым
10811
1
Қытайдың ислам дінін ұстанушы мұсылмандарға көптеген қысым көрсетіп жатқаны жасырын емес. Олар міне бірнеше жыл қатарынан Ораза ұстауға, намаз оқуға, мешітке баруға тыйым салып, халықты қатаң биліктік бақылауға алған. Осыған сәйкес Шығыс Түркістанның қашуға мәжбүр болған премьер-министрі Анвар Юсуф Турани шетелдік басылымдарға сұхбат берді.
Бұл туралы arhar.kz хабарлады.«Біздің аумағымыз отарланды. Біздің мұсылман бауырларымыз азаттық үшін талай мәрте бас көтерсе де, мұсылман әлемі әлі үнсіз», — дейді ұйғыр диаспорасының басшысы Анвар.
Ол ұйғыр халқының әлем бойынша 35 млн екенін, оның тең жартысы Қытайда түрлі қысым көріп жатқанын да айтты. Халықтың басым көпшілігі Қытай билігі қойған «Синьцзян» атауын мойындамай, Шарки Түркістан деп атайды екен. Алайда бұл атаудың өзін ресми билік сепаратизм ретінде қабылдап, қатаң жазалайтын көрінеді. Турани 1962 жылы дүниеге келіп, өмірінің жастық шағын Қашғар қаласынан 40 шақырым жердегі Аруш ауылында өткізген. Ол сәтте аталмыш аймақ бөлшектеніп, әр аймаққа қытайдан басшы тағайындалып, ислам дініне қысым артып, маоистік идеология күштеп енгізіліп жатқан сәт болатын.
«Мен 3-4 жыл бойы Теджен қаласының маңындағы еңбек лагерінде өмір сүргенімді жақсы білемін. Лагерьге бізді ата-анамның Қытай билігін мойындамағаны үшін жапқан болатын», — дейді Анвар.
Сол сәттен бастап оның отбасын 22 жыл бойы қудалау жалғасқан.
«Біздің қаламызда Кудрат есімді адам өмір сүрді, оның Куреш Хан есімді әйелі болды. Олар өте кедей өмір сүрді. Бірақ кейіннен коммунизм идеологиясын қабылдады. Оған себепкер болған өлім жазасына кесілген шенеуніктің үйін иемденуі еді. Осылайша Қытай билігі жергілікті халықты өзіне баурап алды», — дейді ол.
Бірақ кейіннен үй алған отбасыларға шошқа бақтырған.
«Біздің қаламыздағы барлық мешіттерді кинотеатрлар мен жиналыс орындарына айналдырды. Ал көптеген байларды өлтірді. Менің әкемде Құран болған еді, ол оны ұзақ жылдар бойы сандыққа салып, жерге көміп тастады. Себебі ол үшін үлкен жаза алуы мүмкін еді. Ал Мао өлгеннен кейін, қайта қазып алды. Солайша Құранына қайта қол жеткізді. 2017 жылы Ұйғыр автономиясында тексерістер орын алып, 4 мың Құранды өртеп жіберді. Ендігі таңда қасиетті Құранды сақтап қалу үшін, халық тағы да жаппай жерге көміп жатыр. Құдды Мао дәуірі қайта оралғандай. Бұл сондай қорқынышты», — дейді Анвар.