Қазыбек Иса. «ҚҰДАША ҚЫЗ» әні қалай шықты?..
2018 ж. 06 маусым
12488
6
Бұл әнді бір жігіттің бір қызға ғана емес, бүкіл құда балалардың құдаша қыздарына айтатын әні деп білу керек
Коллажды жасаған Ғазиз Оспанов
2006 жылы болуы керек, белгілі баспагер досымыз Қонысбек Ботбай Бішгекке барып келді де маған: Сенің "Құдаша қыз" әніңді қырғыздар көшіріп алып, шырқап жүр бар жерде, міне, кассетасы" деп, ән таспасын ұсынды. Тыңдап, таспадағы жазбаны да оқысам, менің өлеңімнің алғашқы шумағы мен қайырмасы сол күйінде де, әрі қарай өздерінше өзгертіп алып кетіпті. Ал әні сол күйі сақталған. Сол жылы болу керек, жазушы Сәбит Досановты қырғыздар шақырып, кітабын шығарып, "Алтын қалам" сыйлығын берді. Сонда бірге бардық Бшгекке. қасымызда жеңгей де, Сәбеңнің інісі, Ғабит досым да болды. Кез келген кешінде, концерт, жиынында,, тойларында "Құдаша қыз" хит болып тұр екен. Бұрын Қырғыз Жазушылар одағын басқарған, сол кезде Қырғызстанда халықаралық авторлар қоғамын басқарып тұрған көрнекті ақын Марқабай Ааматов бұл әннің менікі екенін білгесін, риза болып, бір жағы әннің ұрланғанына наразылығын білдіріп: «Біздің Авторлық қоғамға арыз жазып бер, авторлық құқың бұзылғаны үшін өтемақы өндіріп берейін» деді. Мен «Әннің авторы Бауыржан Тұрғара ініме айтайын, маған салса, қырғыз бауырлар айта берсін. Біздің әншілер де олардың әндерін өз әндеріндей шырқап жүр ғой»-деп, күлдім де қойдым. Бауыржанға бір кездескенде айтқанымда ол да: «Қырғыздар айта берсін,» деп күлді де, қойды. Кейін бір қарап қалсам, елдің сүйікті хабарына айналған «Айтуға оңайда» Бейсен Құранбек бауырым қырғыздан ұрланған әндер туралы хабар өткізіп жатыр екен. Сонда Бейсенге «Енді қырғыздардың бізден ұрлаған әндері туралы хабардың жалғасын түсіру керек» деп айту ойыма келді де, кейін ұмытып кеткен едім. Жалпы, бұл кезінде елдің бәрі той-томалақтарда сүйсініп айтатын «Құдаша қыз» әнінің шығуына белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі себепкер болған еді. Ол ағасы, академик-ғалым Кәрімбектің балдызы, яғни өзінің құдашасына ән жазбақшы екен, соған маған сөз жазып бер деді. «Алдымен көрейік құдашаңды, жырға лайық па екен»-деп едім, екеуміздің де «қайдан шәй ішеміз»-деп жүрген бойдақ кезіміз, Кәрімбектің үйіне ертіп барды. Жайнагүл деп танысқан құдаша қыз еліктің лағындай қараторының әдемісі екен, сызылып шәй құйып беріп отырды. Құдаша қызды солай бір-ақ рет көрдім, қайтып жолымыз түйіспеді. Ал өлеңді бірден жазып бердім.Құдаша қыз
Көңілге құдаша қыз, қарасаңыз, Өмірде жанымызбен жарасамыз. Тойларды тамашалап жүрміз талай, Болады біздің қашан тамашамыз? Жолықсақ, жағдай ғана сұрасамыз, Қашан біз сыр ашамыз, қыр асамыз? Ақ қанат көңіліңмен көкке мені, Көтеріп кете бардың құдаша қыз. Ақтарып не қылайын текке бәрін, Жандырды жүрегімді от жанарың. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша, неге сонша көп қарадың?.. Өткен бір қателігін кінәлаған, Айыптап қарамашы мына маған... Өзіңнің үлесің ғой, құдаша қыз, Өкініп өтер болса құда балаң... Қолымды жеткізгендей айға бүгін, Біз енді жолығамыз кайда күнім? Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Қалдыбек бұл әнді домбырамен, халықтық дәстүрлі әуенде шығарды. Бірақ, кейін 1996 жылы «Керімсал» атты тұңғыш кітабым шыққанда, ақын ағам Исраил Сапарбайға бір данасын алып барып беріп, үйінен шығып келе жатсам, аулада белгілі композитор Бауыржан Тұрғара інім жолығып қалды. Ол қолымдағы кітапты көріп жабысты. Мен «өзі жалғыз қалды, кейін беремін» деп көнбедім. Сөйтсем, ол Исраил ағасынан менің кітабымды сұрап алып кетіпті. Өзінің айтуынша, ол құдаша қызына құмартып жүрген кезі екен, ән де туа кетіпті. Әнді мен алғаш рет сықақшы ақын досым Базарбек Түкібайдың Алматы мақта –мата комбинатының Алтынсарин-Шалияпин көшелеріндегі сарайында өткен шығармашылық кешінде "Нұр-Мұқасан» тобы әншілерінің орындауында тыңдадым. Шынымды айтсам, мұңдылау жазған жырыма шыққан бұл ойнақы ән онша ұнай қоймады. Бірақ, Нұрлан мен Мұқасанның орындауындағы бұл ән кейін елдің кез келген жерде айтатын әніне, қазіргі тілмен айтқанда хитке айналып кетті. Көбісі бұл әнді халық әні деп ойлайды екен. Бұл әнді кейінгі кезде, алғаш әнші болып таныла бастағанда Төреғали Төреәлі де айтып, екінші тынысын ашқандай болып жүрді. "Хабар" арнасындағы «Жеті ән». «Нұр Мұқасан» тобының әндері" хабарында жас әнші Серік Ибрагимов те орындады. Бірақ әннің бағын ашқан "Нұр-Мұқасан" тобы болды. Әннің әйгілі болуы дегенде есіме түсіп отыр, 2000-шы жылдардың басында Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфандияровтың атына көше берілді де, оған күйеу бала болатын белгілі кәсіпкер Еркін Қалиевтың өтінішімен мен де барып едім. Қайтарда "Отырар" пойызымен қайтып келе жатқанда ресторанда бәріміз көңілді отырғанбыз. Кезінде, 2000 жылы туған 2 мың баланың өкіл әкесі болып, әрқайсысына 100 мың теңгеден жөргекпұл берген (сыйақы иеленгендер ішінде әнші Роза Рымбаева да бар), Көлік министрі болған, сол кезде "Қазақстан Эйр" әуе компаниясының президенті Еркін Қалиевке елдің бәрі келіп амандасып жатыр. Бір кезде қазақша ұлттық киім киініп алған екі жігіт домбыраларымен ән айтып кіріп келді. Шырқап тұрған әндері әйгілі "Құдаша қыз" әні. Өзі де ән айтатын, кейін Көктөбеге әйгілі "Битлз" тобына ескерткіш орнатқан Ерекең құлшына қосылып айтып, риза болып, қалтасына қол сала бастады. Мен сол кезде Ерекеңе: "бұл менің өлеңім" -деп едім, ол кісі орнынан алақайлап, атып тұрды: "Бұл не деген керемет! Сенің әніңді көшедегі кез келген қарапайым халық айтып жүр ғой! Бұл ғажап ән ғой!" деп айқай салды. Әншілерге қайта-қайта айтқызып, олардың бір айда табатындарын бір-ақ беріп, қошеметтеп шығарып салды. Ана бір жылы белгілі ақын, марқұм Ибрагим Исаев ағамыз екеумізді сол кезде соттың атқару комитетінің төрағасы болып істеп жүрген Иса Момбаев шақырып, Атырауға бардық. Атыраудағы кейбір кісілер мені жыға танымай жатса, Ибрагим ағам "Құдаша қыздың" авторы десе, бәрі тани кетеді. Сонда менің "Керімсал" кітабымды түгел оқып шыққан, өзі де өлең жазатын, поэзияны терең түсінетін, ақынжанды Иса Момбаев: "Керімсал" кітабындағыдай мөлдір лирикалық жырлар жазған ақынды тек "Құдаша қыздың" авторы деп тану әділетсіздік қой" деп күйіп-пісіп отыратын... Өткен жылы Сәбит ағамыздың туған күнінде бауыры Ғабит Досановтың жары Жанна да тойда асаба да, әншілер де шырқаған "Құдаша қыз" әніне қуанышын білдіріп, бір құмыра гүлді әкеліп, біздің үйдегі абысыны Жәннатқа «Бұл сізге арналған ән ғой» деп тапсырды. Күліп жіберген Жәннат: "Бұл сізге де, бәрімізге, қазақ қыздарына арналған ән"-деп, әдемі жауап берді. Қазір Кәрімбек Құрманәлі құрдасым жиындарда көрген сайын: «бола алмай қалған бажамыз» деп қалжыңдайды. Мен де «құдаша қыздың жағдайы қалай?»-деп сұрап қоямын. «Ақтөбеде, аман-есен жүр» дейді ол... Құдаша қыздардың бәрі «маған жазылған» деп, әзіл-шынын араластырып айта беретін бұл әннің шын тарихы осындай. Шынында да, бұл әнді бір жігіттің бір қызға ғана емес, бүкіл құда балалардың құдаша қыздарына айтатын әні деп білу керек. Қолымды жеткізгендей айға бүгін, Біз енді жолығамыз кайда күнім? Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім!P.S. «Құдаша қыз» әнін видеосымен фейсбуктағы парақшаларына салып, "Әсем әнмен таныс - Авторына алғыс" жобасымен (жоғарыдағы суретте) талай әнді таныстырып жатқан және осы мақаланың жазылуына себепкер болған Ғазиз Оспановқа және Ерлан Төлеубай бауырларыма Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz
ҚҰДАША ҚЫЗ Ән Көңілге құдаша қыз, қарасаңыз, Өмірде жанымызбен жарасамыз. Тойларды тамашалап жүрміз талай, Болады біздің қашан тамашамыз? Тойларда тамашалап жүрміз талай Болады біздің қашан тамашамыз? Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Жолықсақ, жағдай ғана сұрасамыз, Қашан біз сыр ашамыз, қыр асамыз? Ақ қанат көңіліңмен көкке мені, Көтеріп кете бардың құдаша қыз. Ақ қанат көңіліңмен көкке мені Көтеріп кете бардың құдаша қыз! Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Ақтарып не қылайын текке бәрін, Жандырды жүрегімді-ау от жанарың. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша, неге сонша көп қарадың?.. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша неге сонша көп қарадың?.. Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Қолымды жеткізгендей айға бүгін, Біз енді жолығамыз кайда күнім? Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? 1996 жыл.