Тасмағамбетов: Қазақстанның ғимараты өзгелерге қарағанда оқ бойы озық тұруы шарт
2018 ж. 29 мамыр
5414
6
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Иманғали Тасмағамбетов ВДНХ-да (Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі) қайта жөнделіп жатқан қазақстандық ғимарат кешеніне барып көшпелі жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшілік сайтына сілтеме жасап.
Астананың 20 жылдығына орай түрлі көрмелер орталығына айналған Мәскеудегі ВДНХ-дағы Қазақстандық ғимарат кешені Астананың 20 жылдығына орай қайтадан жаңартылып, сәулет өнерінің соңғы үлгісіне сай әспеттеліп, су жаңа күйінде ашылуға әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына жауапты тұлғаларға жиын өткізген Қазақстанның елшісі Иманғали Тасмағамбетов, бұл ең алдымен елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жасалып жатқан ірі жоба екендігіне тоқталды.
Жуырда кешен осы жердің інжу-маржанына айналып, еліміздің абыройын Ресей жерінде асқақтататынын айтты. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының қарқынына қарап, ғимараттың тек ішкі ғана емес, сондай-ақ сыртқы келбеті айрықша өзгеретіні байқалып отыр. Себебі қайта жаңартылып жатқан кешен адам танымастай өзгерген.
«Қазақстанның ғимараты өзгелерге қарағанда оқ бойы озық тұруы шарт. Сол себепті құрылыс жүргізіп жатқан топ ең алдымен сапасына мән аударса, оның уақтылы бітіруін де қаперінен шығарып алмауы тиіс», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың кіре берісі, ішкі құрылымы мен композициясы ерекше сәулет өнерінің талаптарына сай жасалып, баспалдағы мен терезе әйнекпен көмкерілген күмбез тәрізді шаңырағы жаңадан салынады.
Ескере кету керек, федералдық мәдени мұра ретінде танылған 11 «Металлургия» кешені 1964 жылы Қазақ КСР-ның халық шаруашылық жетістіктерін көрсететін, кейіннен республикамыздың түрлі-түсті металлургия, мұнайгаз және көмір өндіру өнеркәсібін паш ететін жеріне айналды. Ал 2011 жылы Ресей Федерациясы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстанға 50 жылға жалға берілді.