Марат Байділдәұлы: Георгий лентасымен сауда жасаған қазақ жігіттерінің намыссыздығына қайранмын
2018 ж. 10 мамыр
5314
1
Бүгін Жеңіс күнінде жұмыстан үйге қайту үшін Мəңгілік алау жанымен (Алматы) төтелей шықпақ болғам. Гоголь көшесінен өте берісте түрлі маркілі үстіне "Катюшаның", Т-34 танкісінің, пулеметтің макеттері қондырылған оншақты жеңіл көліктер мен джиптер қаптап келіп қалды. Орыс жігіттері айқайлап, шулап, сигналдатып, көшені басына көтеріп даңғазалатып келеді. Кейбір көліктерде "Спасибо деду за победу", "Можем еще повторит!", тіпті "1941-1945" деп эротикалық сурет салынған. Қазақстандық орыстардың қырымдық эйфориясы көзге ұрып тұр. Орыс нацизмінен орыс фашизміне бір-ақ қадам. Əсіресе олардың осы күнге ұйымдасып əрекет еткені өте алаңдатады. Бір-екі сурет түсіріп үлгердім.
28 панфиловшылар паркімен келе жатсам, мəссаған, екі қазақ жігіті Георгиев лентасын сатып жүр. "Ей, жігіттер, патша бұл лентамен ата-бабаларымызды қырғаны үшін орыс солдаттарын марапаттағанын білесіңдер ме?" , "Ұлы Отан соғысы кезінде бұл лентаны Гитлер жағында соғысқан Власов армиясы таққанын білесіңдер ме?". "Қазақстандық лента неге сатпайсыздар?" Жігіттер қипақтап қалды. Білмейді екен. "Колорадо қоңызын" сатып бизнес жасамақ болған. Тастауға қимай тұр. Əрқайсысы жүз теңге көрінеді. Онда əкеліңдер, мен сатып алайын". Олар келісті. Сөйтіп қалтамдағы бар ақшама қолдарындағы 200-ге жуық "колорадо қоңызын" түгел сатып алдым. Маған қазақтардың таққанын көргенше оны өртеп жіберген артық. Əсіресе, ресейлік лентамен сауда жасаған қазақ жігіттерінің надандығы мен намыссыздығына қайранмын. Белоруссия бұл лентадан ресми түрде бас тартыпты. Біздің билік те осындай қадам жасауы тиіс. Бұл ұсақ-түйек емес. Орыс фашизміне ертерек заңмен тойтарыс бермесек ертең қарумен тойтарыс беруге тура келеді.
Марат Байділдәұлы, Фейсбук парақшасынан