Мұхтар ШАХАНОВ жаңа МӘЛІМДЕМЕ жасады
2018 ж. 05 мамыр
25405
9
Жақында ғана сайланған Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек ғаламторда менің беделімді түсіруге өзінше күш салыпты. Маған жеткен мәлімет бойынша Ақберен Шыңғысхан рухын ерекше қастерлейтін, тіпті өзі де тәңірші дінімен рухтас адам көрінеді. Кезінде Шыңғысхан төңірегіндегі әлемдік деңгейге ұласқан үлкен даудың, менің «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғысханның пенделік құпиясы») атты шығармамнан өрбігенін жұрттың бәрі біледі. Шыңғысханшыл болғандықтан Ақберен маған ежелден қарсы екен. Бұл арада көп адамдардың күні бүгінге дейін түсіне алмай жүрген бір мәселесі бар. Мысалы, «Құран Кәрімде» «Егер біреу жазықсыздан жазықсыз бір адамды өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» – деп жазылған. Ал Шыңғысханның әлемдегі 900 қаланы қиратқанын, тек қылышпен, найзамен 40 миллионға жуық адамды о дүниеге аттандырғанын ескерелік. Бірақ мұны пайымдамай, Шыңғысханды теңдесі жоқ ұлы тұлға санап, оны моңғол емес, қазақ етіп, тіпті кейбір рулар ұлы қиратушының өз руынан шыққандығын дәлелдеп, қалың қауымның басын қатыруда. Ғаламтордағы Ақберен Елгезектің маған тиіскен сөзіне үн қосқан 49 парақтық пікірлердің бел ортасында жүргендердің екеуі – Бердалы, Ералы Оспановтар. Бұлар Шымкент қаласында тұратын жігіттер. Олардың әкесі – Әсілхан Оспанұлы деген мейірімді жан еді. Мен ауылдағы трактор рулінен келіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректордың көмекшісі – жітікөз боп істеп жүргенімде де, кейіннен мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер міндетін атқарғанымда да және Шымкент педагогикалық институтының сырттан оқу бөліміне түскен шағымда да маған ерекше қамқорлық көрсеткен болатын. Әсілхан ағаммен ара қатынасымыздың бұзылуына мынадай оқиға әсер етті. Менің Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапханасы салтанат құрған, Әбу Насыр Әл-Фарабиден басқа математика, физика, астрономия саласында таңғажайып жаңалықтар ашқан отыз Әл-Фарабиі бар ұлы Отырар қаласын тас-талқан етіп қиратқан, Шыңғысхан зұлымдығы жайлы поэма жазуым Әсілхан аға екеуміздің ара-қатынасымызды күрт бұзды. Ол кісі өзін Шыңғысханмен руласпын деп есептейді екен. Бүкіл жан-тәнімен Шыңғысхан рухына берілгендігі айқындалды. Ақберен Елгезектің мені жамандаған пікірін қолдаған Ерлан Оспанов былай деп жазады: Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов бірігіп шығарған «Жер бетіндегі бірдеме?» деген кітапты оқып шыққан әкем, әдебиетші, ғалым Әсілхан Оспанұлы “Мен Мұхтар Шыңғысқа еріп тау басынан көрінер деп үміттеніп едім, қайта Шыңғысханды даладағы тақырға отырғызды” дегені бар. Ең қызығы мынада. Бердалы мен Ералы Оспановтардың суреттеуінше мен Шымкент қаласындағы арақты ессіз, түссіз ішетін, екі күннің бірінде қаладағы арық бойында құлап жататын нағыз маскүнем адам боп күн кешіппін. Өз қаламдастарым арасындағы араққа ернін тигізбеген жалғыз ақын мен болғанымды айналамдағы рухтастарымның кез келгені дәлелдей алады. Рас, қызмет бабына орай (ол кезде келген қонаққа ішімдік бермесеңіз нағыз сараң атанатынсыз) стаканға жасырын түрде түрлі – түсті шырын құйдырып, қонақтармен соғыстырып отыратынмын. Тіпті қатты ішіп жүрген шағында Шәмші Қалдаяқов “Мені тоқтата алмайсыңдар, ал Мұхтардың ерніне арақ тигізе алмайсыңдар” деп әзілдейтін. Егер Бердалы, Ердалы Оспановтар мені ғайбаттаған былапыт сөздері үшін кешірім сұрамаса, менің жақтастарым оларды сотқа беруге әзір... Қазақстан Жазушылар Одағының шыншыл рухты жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулеттің іс-сапарға кеткенін пайдаланып, оның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек кейбір Шыңғысханшыларды жинап және мен ащы шындығын жайып салған белгілі адамдардың руластарымен, туыстарымен үлкен әңгіме өткізіпті. Олар бір ауыздан «Шахановты Жазушылар Одағының мүшелігінен шығару керек» – деген ұсыныс айтыпты. Бұл ұсынысты мен де толық қолдаймын. Қазақстан Жазушылар Одағы жаңа басшының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жан-тәнімен маған қарсылық білдіріп тұрғанда, Одақта менің қандай шаруам бар? Шындыққа жүгінсек, Жазушылар Одағына қарап қалған күнім жоқ. Кезінде, шындық үшін республикамыздың ең жоғарғы “Халық қаһарманы” атағынан бас тартсам, есімім Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабына жазылса, Новельдің алтын медалін және тек шет мемлекеттердің 120-дан астам сыйлықтарын иеленсем, Қазақстан Жазушылар Одағының мен үшін қандай беделі болуы мүмкін? Өткенде Ақберен Елгезекке телефон соғып, «Маған әділетсіз күйе жаққаның үшін, ғаламтор арқылы кешірім сұрамасаң арнайы мәлімдеме жасаймын» – деп ескерттім. Бәлкім жоғарыда қызмет істейтін бір сенімді адамы бар шығар, менің ұсынысымды немқұрайлы қабылдады. Шындық үшін және кейбір қаламгерлерге қол үшын беру мақсатында ғана Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Темірхан Медетбек бәріміз бірлесіп Қазақстан Жазушылар Одағын 23 жылдай басқарған, сонда да “Мәңгілік төраға” болып қалғысы келген, талай алаяқтық іс атқарған Нұрлан Оразалинге қарсы шығып, қызметінен тайдырғанбыз. Сол Нұрлан Оразалин Мұқағали Мақатаевтың руласы екен. Атақты ақын Мұқағалидың туған жері Қарасазға бара салып, оның руластарын жинап, оларға мен туралы былапыт сөздер жаздыруда. Бұрын жарияланған «Шындықтан мүлде шет жүру, ұлт намысын пенделікке тептіру емес пе?» –деген мәлімдемемде мынадай жолдар бар еді: «Бүгінгі кезеңде бүкіл қазақ халқын рулық сезім жаулап алды. Біреумен жолыға қалсаңыз, ол міндетті түрде алдымен қай жүзден, қай рудан екеніңізді сұрайды. Рас, әркім ата-тегін, руын білгені жөн. Бірақ, рулық сезім бүкіл қазаққа ортақ – елдік, ұлттық мүддені басып кетпеуі керек. Өкінішке орай, қазір солай болды. Кей жерлерде әрбір ру өздеріне арнап, жеке бейіт салып алған. Кезінде баспасөзде жазылды, қытайдан келген, руы басқа бір қандасымызды сол рудың бейітіне жерлеген екен, олар үлкен айқай шығарып, әлгі адамды басқа бейітке жерлеуге мәжбүрлепті. Мәселен, менің туған өлкем Оңтүстік Қазақстан облысында кейбір рулар өз ата-тегіне үлкен ескерткіштер орнатып қойған. Баз бір рулар өздеріне арнап әнұран да шығарған. Ащы шындық мынада. Егер біздер, ұлтымыздың пайымды, парасатты адамдары бірлесіп, шектен шығып кеткен рулық сезімдерге тосқауыл қоя алмасақ, болашақта ұлтымызды сақтап қала алмасымыз айқын».
Енді менің мына бір жырыма да назар бұруларыңызды сұраймын:
Бүкіл әлем тұрғандай ғой, рухсыздық торында, Материалдық байлық, спорт шықты басты орынға. Және екі иығын жұлып жеген, Гүрілдеген, ғырылдаған, дірілдеген, Маймыл, қораз, бір сәт бұлбұл үніменен, Телеарнадан ән салатын күніменен, түніменен, Кейде тіпті жалаңаштанып билейтін, Ізеттілік, ізгілікке мүлде басын имейтін, Бұл заманның мақтанышы, басты даңқы аталған, Жеңіл әндер орын алды ең бірінші қатардан. Жұрт қуана тамсанатын, Билеп жүріп қол соғатын, Тіпті «Зың-зың» және «Зу-зу» деген атпен ән шықты. Мән-мазмұнға құлықсыздық, Шектен шыққан құлыпсыз рухсыздақ, Қалың елдің ой-санасын құлдыратты төменге, Ессіз әндер қасіреті шықты дара кемерге...
Ал адамды адам етер айбынымыз, Рухани-парасат байлығымыз, Секілденіп ауылдағы беделі өлген ат арба, Сырғып кетті елуінші, алпысыншы қатарға.
Барлық жерде рухы жоқ жеңіл әндер хит болды. Біз сол үшін қайғылымыз, Әлгінде айтқан рухани байлығымыз, Егесі өліп, күн көре алмай, дала кезген ит болды.
Жазылардай тіпті қара таспаға, Бір дүкендер пайда бопты, бұл не деген масқара? Әйел демей, еркек демей, Секілденіп жыртық көмей, Тамақ дүкеніне тек жалаңаштанып барасыз... Ой толғайық, кімді-кімдер тонаған? Жалаңаштанғаныңыз үшін затыңызды қалаған, Бес-алты есе арзан етіп аласыз. Сонда кімге қажет боп тұр рухсыздыққа сатылу, Адамдарды шектен шыққан ұятсыздыққа шақыру?
Бұл кезең қадірлейді қулық пен ептілікті. Жемқорлықтың жұрт сенімін жалмағаны рас, Сатылмайтын ештеңенің де қалмағаны рас, Кей телеарнаға тек қана ақша берсең жеткілікті.
Ақшасы көп адамдардың өнегесіз, бөспелі, Ой-санасыз, мәз-мазмұнсыз кештері, Тіпті бір аптада төрт-бес рет беріледі, Ел-талғамын жаулап алды рухсыздық серілері...
Енді қайттік, даңғой күштер ұлт мазмұнын кесе ме? Осы арада бұғып жатыр бір қауіпті мәселе: –Ұлы әміршім, жеңіс жеңіс болар ма екен жеңгенге, Егер біздер бағындырған жауымызды аясақ? Шығыстағы жаулап алған елдерге, Қолданамыз қандай дара саясат? – Деп Гитлерден сұрағанда, Ойдан мазмұн құрай кеп, Оған Гитлер жауап берген былай деп: –Ол халыққа күндіз-түні тек музыка берілсін, Жан тынысы жеңіл ырғақ, жеңіл әнмен өрілсін. Ойлануға және кітап оқуға, Ойдағысын санасына тоқуға, Жол бермеудің мүмкіндігі жан-жақты қарастырылсын, Бар қимылы пайымсыздықпен таластырылсын... Біздерге тек рухани саяз күштер қолайлы, Рухани саяз адам, – Өзін ылғи бақытты адам санайды!
Міне, қызық, Гитлердің осы арман – талғамы, Үлкен жеңіс иеленіп, күллі әлемді шарлады. Өзін шексіз бақытты адам сезінетін, Тек бақытты сезіммен көз ілетін, Жеңіл ырғақ, жеңіл әндер болып дара мақтаны, Жердің бетін «рухани саяз адам» қаптады.
Біздің ел де музыкалық қиратқыш күш торында, Ойсыз, мисыз жеңіл әндер шықты басты орынға. Жүрміз бе біз Гитлер айтқан, Халық сорын күйттеп айтқан, «Рухани саяз адам» көбейтудің жолында?... ........................................................................................... Бұдан елді алып шығу, кәне, кімнің қолында?
Күллі әлемде парасатты адам таң қаларлық даңғаза оқиғалар алға шықты. Кез-келген телеарнаны басып қалсаңыз, бар күшімен жұлқына секірген немесе жалаңаштана билей жүріп ән салған әншілерге тап боласыз. Жұрт сүйсіне құлақ түретін пайымды әндер жолықса мейлі ғой. Жоқ, мазмұн, мағынадан жұрдай «Супер келіншек», «Жо-жо-жоқ...», «Кап-кап... тук-тук...», «Шудың бойында...», «Пах-пах...» секілді тілімізді, рухымызды келемеждейтін әнсымақтар қаптап кетті. Телеарналар үшін қазіргі кезеңнің ең ардақты, ең сыйлы, ең қажетті, ең даңқты, ең бай адамдары әншілер. Орташа ғана дауысы бар, елдік, ұлттық мүддеден мүлде бейхабар, кез-келген шаласауатты әншінің екі-үш қабат жер үйден тұратын кең сарайға ұласқан, ең кем дегенде бір-екі үйі бар. Дәл осы сәтте Гитлердің: «Жаулап алынған елдерге ертеден-кешке дейін тек музыка бере берген жөн. Ойлануға, кітап оқуға мүмкіндік бермеу керек. Өйткені, адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, ол солғұрлым өзін бақытты сезінеді...» – деген сөзіне қайта назар аудармау әділетсіздікке апаратыны айқын. Енді мына қызыққа бой бұрыңыз: Қазақстанның басты-басты қалаларында, тіпті Алматы қаласында да газет-журнал сататын дүкендер түгелге жуық жабылған... Сондықтан да мен күндіз демей, түн демей, тек дүмше әншісымақтарға ғана назар бұратын телеарналардың жетекшілеріне, аудан, қала, облыс басшыларына және бүкіл билік өкілдеріне мынадай ұсыныс айтқанды жөн көріп отырмын. Ең қауіптісі мынада: Біз қалың қауымның ой-санасын, сезім, талғамын мүлде әлсіретіп, бейшара күйге түсіріп алдық. Мәселен, Алматыдағы 3 мыңға жуық халық сиятын Республика Сарайында әр күн сайын жарыса өтетін ән кештеріне үңілелік. Сонда 80-ге, 90-ға келген кемпір-шалдарға дейін, тек ән ырғағына ғана бой ұрып, құлшына билеп жатқанын көресіз. Бүкіл республикада рулық сезім бірінші қатарда тұрғандықтан, олардың жұртқа белгілі руластарының пендешілігін, кемшілігін мүлде айтуға болмайды. Шындық алға шықса, бәлеге қаласыз. Сондықтан да мен шындықты айтқаным үшін, олардың руластарынан кешірім сұрағаным рас. Менің таза шыншыл фактілерге құрылған 12 мың дана болып басылған кітабым алдымен өртелмекші еді, кейіннен түгелдей туралып, ұнтақталып, ұнға айналдырылды. Келесі шығатын кітабым да биліктің талғам, талабына сай жарық көрмек. Ойланалық. Осылай кете берсек, болашағымыз қандай күйге түспек?!