ТЕМІР ЖОЛ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР
2018 ж. 28 сәуір
5213
1
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!
ЖОЛАУШЫЛАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТ САПАСЫ МЕН БАҒАСЫ НЕГЕ СӘЙКЕС ЕМЕС? Бүгінгі техника мен технология дамыған жаппай жаһандану заманында адамның қолы ғана емес, аяғы да «ұзарып», жеті айлық жерге санаулы сағаттарда жетіп баратындай мүмкіндіктер пайда болды. Ертегідегі «ұшқыш кілем» ұшаққа айналып, тіпті ғарышқа да барып қайтып жатырмыз. Жер бетіндегі көліктің де түр-түрін мініп жүрміз. Адамзат санасының жетістіктерін кеңінен қолданған қазіргі кезеңде бұдан артық не керек дерсіз? Қалаған көлігіңе мініп ал да тарта бер, жол жүруге барлық жағдайлар жасалған дейді жарнамалар. Бірақ, сол бас пайдасын ғана ойлайтын түрлі тасымалдаушылар ұсынған мүмкіндіктер бәрімізге бірдей берілмеген, қарапайым көпшілік үшін қол жетімсіз. Соның кейбіріне тоқталып көрелік... Әңгіме темір жол туралы болмақ. Шынын айтсақ, қазіргі біз қолданып жүрген көліктердің ішінде ұзақ жолға ең қолайлысы да, ең қауіпсізі де темір жол болып отыр. Әуе кемелері құлап немесе жиі-жиі уақытынан кешігіп ұшып, автобустар аударылып, өртеніп жатса, әрине өз еліміз аумағында жүретін жолаушылар темір жолды таңдайды. Ауа-райының суығы мен ыстығы, жауын-шашыны әсер етпейтін көліктің бұл түрін пайдаланушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқаны да сондықтан болар. Тіпті халық шаруашылығы жүктерін тасымалдау үлесі де өзге көлік түрлеріне қарағанда аталмыш салада анағұрлым жоғары екені белгілі. Бір кездерде небары бір мың шақырымдай ғана темір жол торабынан басталса, бүгінгі күні елімізде 15 мың шақырымдай темір жол халыққа күнделікті қызмет етеді екен. Бір ғасырдан аса тарихы бар болат жолдар жылдан-жылға ұзарып келеді. Алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірін түгелдей қамтитынына да күмән жоқ. Мәселе тек қана көрсетілетін қызметтің сапасы мен бағасының мүлдем сәйкеспейтінінде болып отыр. Содан болар, жолаушылар тарапынан темір жол тасымалына айтар арыздар да аз емес. Жақында ғана Алматы – Павлодар бағытындағы №31 пойызбен жол жүруге тура келді. Әншейінде жарты ай бұрын кассада атымен жоқ болатын билеттердің бүгінгі күні еркін сатылып жатқаны қуантып, тіпті таңғалдырды. Оның да тасымалдаушылар түсіндіргендей өз себебі бар екен. Бұрындар купедегі бір орынға 6,5 мың теңге төлесек, жолақысы енді бірден екі есеге өсіп 12-17 мыңға дейін көтеріліпті. «Жүрдек пойыз» деген жарнама жалғауын да тіркеуді ұмытпапты. Рас, жолдағы жүретін уақыты 28 сағат орнына 25 сағатқа дейін шегерілген екен. Демек, Алматыдан Керекуге бару үшін үш сағат уақытымызды үнемдейді екенбіз. Алғашқыда үш сағат ерте апарғаны үшін бағаны екі есе өсірген бе деген ойға қалдық. Егер уақытымен есептесек, билеттің көтерілген бағасына орай 28 емес, жолаушыларды діттеген жеріне 14 сағатта жеткізуге міндетті сияқты. Уақыт пен қымбаттаған баға мүлдем сәйкеспейді. Сонда жолақы ненің есебінен өсіп отыр? Бұл қымбаттауды қалтасы көтермегендер Семейге дейін басқа бағасы арзан пойызбен жүріп, ары қарай Павлодарға автобуспен баратын болыпты. Онсыз да жұқа қалтадағы қаржыны үнемдеудің басқа жолы жоқ. Есесіне бұл пойызбен жүретіндердің саны күрт азайған. Өйткені, жұрттың бәрі әкімдер мен министрлер сияқты 1 миллион теңге жалақы алмайды, қымбат көлікпен жүруге мүмкіндіктері жоқ. Олай болса тасымалдаушылар қандай жолаушыларға иек артып отыр? Қалтасы қалыңдар пойызға отырмасы белгілі. Сонда олар кімнің есебінен пайда көрмекші? Әлде бұл сол баяғы тойымсыздық па? Билет бірден екі есеге қымбаттайтындай олар қандай ерекше қызмет түрін көрсетіп жатыр?.. Сөйтсек, бұрынғы өзіміздің ескі үлгідегілердің орнына «Тальго» атты еуропалық, дәлірек айтсақ испандық вагондарды жолға шығарыпты. «Тальгоның» тамашасын ішіне кіргенде көрдік. Дәліздерінен екі адам қарсы жүріп өте алмайды. Екінші адам біріншіге қуысқа кіріп жол беруі керек. Өйтпесеңіз Алматының көшелеріндегідей кептеліс пайда болады. Ал, қомақты қол жүгімен мұндай дәлізбен жүру тіпті де мүмкін емес, оны қоятын вагон ішінде орын да жоқ. Дәретханасы қуықтай ғана, отырсаңыз тізеңіз есікке тіреледі. Сыртынан әдемі көрінетін орындықтар ыңғайсыз, басыңыз үстіндегі жатын орынға тиіп, бүкшиіп отыруға тура келеді. Осылай отырсаңыз бір тәуліктен кейін мұндай вагоннан бүкір болып шығасыз. Шай ішуге алатын ыстық суы қайнамаған, өйткені бір кесе су алсаңыз одан әрі суық су ағады, оның қашан ысығанын күтуге тура келеді. Шай ішпесе басы ауыратын қазақ үшін «Тальгоның» бұл ең басты кемшілігі дер едік. Ішкі төрт қабырғалар түгелдей нақты неден жасалғаны белгісіз пластикалық материалдармен қапталған. Оның экологиялық жағынан тазалығын, адам ағзасына қалай әсер етерін кім тексерді дейсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бас пайдасын өзгелерден жақсы білетін «іскер басшылар» осындай қытайлық вагондарды удай қымбат бағаға сатып алып, көпке дейін басылмаған шу шыққаны есімізде. Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беріп, одан түскен ақшаға түкке тұрғысыз вагондарды сатып алғандар сол күйі ешқандай жауапкершілікке тартылмай-ақ кетті. Бағасы ғана емес, вагон материалдары да улы, адам денсаулығына зиянды болып шықты емес пе? Құдай сақтасын, егер өрт шыға қалса мұндай вагонда ешкім тірі қалмайды. Оның үстіне вагондардың есіктерін тек қана жүргізуші машинистің өзі ғана ашады, онсыз жолсеріктер де қауқарсыз. Бәрі электр күшімен істейтін механизмнен ақау шықса 30 вагонның есігін машинистің өзі де аша алмасы анық. Терезені сындырып шықпаса, өрт орын алған жағдайда жолаушылар табаға түскен тауықтай вагонның ішінде тірідей қуырылады. Ал, темекі тартатындар үшін бұл көлік Сәкен Сейфуллин өзінің атақты «Тар жол тайғақ кешу» романында жазғандай нағыз – тозақ вагоны. Темекіге заңмен тиым салынбағандықтан оны тартпа деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл вагондарда шылым шегуге мүлдем болмайды. Тек қана аялдамаларда ғана арнайы орындарда рұқсат етілген. Тәртіп бұзып, перрондарда темекі тартсаңыз өріп жүрген полицейлер ұстап алып, айыппұл төлеттіреді. Семей қаласына келгенде пойыз екінші жолға тоқтады. Алаңда қоқыс салатын бірде-бір қорап қойылмаған. Темекі тартатын орын вокзалдың сыртындағы бір бұрышта орналасқан. Ол үшін басыңызды қатерге тігіп, бірінші жолда тұрған пойыздың астымен не үстімен өтуіңіз керек. Осы жерде тазалық жағын да айта кеткеніміз орынды. Темір жолдың бойы, әсіресе елді мекендерге жақындағанда қоқыстан көрінбейді. Қағаз, целлофан қаптамалар шашылып жатыр. Семей қаласының шетінен кіргеннен орталықтағы вокзалға дейін жол жиегінде қоқыс пен бұзылған үйлердің қалдықтары көз сүріндіреді. Қаншама жыл осы жолмен жүргенде осы бір аумақтың бір тазаланғанын көрмеппіз. Онсыз да сынға жиі ілігіп жүрген Семей қаласының әкімі мен жергілікті темір жол басқармасындағылар қайда қарап отыр? Темекі тұқылын тастағаны үшін айыппұл салатын шенділер мен қала басшылары сол үйіліп жатқан қоқысты көрмейтіндей көздеріне шел біткен бе? Бұл жолмен шетелдік қонақтар да жүреді емес пе, олар қандай әсер алады деген ой жергілікті атқамінерлердің ешқайсысының басына келмегені ме? Қасымыздағы серіктес болып келе жатқан өзіміз сияқты жолаушы Әділет атты зейнеткер мына вагонның ыңғайсыздығынан жол бойы мазасызданып келді. Дөңгелектердің дүрсілі түні бойы ұйықтатпай, құлақты тұндырды. «Бұрынғы вагондар әлдеқайда ыңғайлы еді. Іші кең, шуы аз болатын. Билет бағасын да екі есе қымбаттатып жіберіпті. Керекуде тұратын туысым қайтыс болып, амалсыз жолға шықтым. Әйтпесе мынандай пойызға отырып қор болғанша, үстіне біраз ақша қосып ұшақпен кеткенім жақсы еді. Бірақ оған да билет табылмайды, оның үстіне қалта көтермейді. Апырмау, осындай вагондарды сатып алған жоғарыдағы басшылардың халықтың жағдайын мүлдем ойламағаны ма? Бұл не болып барады...» – дейді күйіне. Қария қайдан білсін, бұл «Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамы» атты ұлттық компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорны алдымен жолаушылардың қамын емес, өздерінің қалтасын ғана ойлайтынын. Әйтпесе осындай ыңғайсыз вагондарды енгізіп, жолақысын екі есе көтермес еді ғой. Бағаны көтеруге өздерінше жақсы сылтау ойлап тапқанмен, адамдардың қиналып жатқаны оларды қызықтырмасы анық. Жолаушыларды айтасыз, жол бойы тәуліктеп қызмет көрсететін жолсеріктердің өзі осы вагонды іске қосқанына наразы екен. Өйткені вагонда олар демалатын бөлме жоқ. Жұрт әрі-бері ағылып жатқан дәліздің бір бұрышындағы орындықта отыруға мәжбүр. Енді ойлап көріңіз, бір сағат емес, бірнеше тәулік бойы аяқтан тік тұрып қалай қызмет көрсетпекші? Бұрынғы вагондарда демалатын, жүк, төсек-орын сақтайтын арнайы бөлмелер болатын. Ал, мына «Тальго» вагондары тек қана жақын қашықтыққа жол жүруге арналғаны айтпай-ақ көрініп тұр. Испания Қазақстан емес, оның бір шетінен екінші ұшына велосипедпен де жетуге болады. Біз Еуропаға еліктеуден алдымызға жан салмаймыз. Жылтырағанның бәрі алтын емес, сырты әдемі болғанмен бұл вагондар қолданысқа өте ыңғайсыз екенін жоғарыдағы басшылар білмегені ме? Әрине, олар мұндай пойызбен жүрмейітіні белгілі, бірақ халықтың қамын ойлау керек еді ғой. Сол үшін оларға сенім артып, жоғары лауазымды орындарға отырғыздық емес пе? Мысалы, Алматы вагон жөндеу зауыты осыдан он шақты жыл бұрын өте әдемі, жол жүруге ыңғайлы вагон құрастырғанын білеміз. Іші кең, екі дәретханасы, тоңазытқышы, тіпті жуынатын «душ» бөлмесі де бар. Бірақ оны одан әрі шығаруға рұқсат берілмеді. Сондағы айтқаны бар сылтаулары - қаржылық жағынан тым қымбатқа түседі екен. Соншалықты ақша осы «Тальгоға» да кетіп жатыр. Сол вагондарды өндіріске қойғанда қаншама жұмыс орындары ашылар еді. «Отандық өндірісті дамытып, отандық өнімді тұтынайық!» деген сөз жалаң ұран екеніне осыдан-ақ көруге болады. Біздегі қалыптасқан әдет бойынша қағаз жүзінде сатып алу бағасын қымбат көрсетіп, түкке тұрғысыз тауарды арзанға алып, арасындағы қомақты соманы қалтаға басу әлі де тоқтар емес. Бұл үрдіс барлық салада, әсіресе дәрі-дәрмектерді сатып алуда жиі кездеседі. Енді «Тальго» тектес вагондарды Астанада өзіміз шығаруды қолға алдық дегенді естігенбіз. Соған қарағанда бұл да біздегі бір мықтының бизнесі болғаны ғой, жол жүрудің азабы әлі алда секілді. Бұндай ұсынысты енгізген адамды «Тальгоға» отырғызып, төрт тәулік бойы жүргізіп көру керек еді алдымен. Осындайда ел арасында жиі айтылатын, шыңырауында шындық жатқан мына бір әзіл әңгіме еске түседі. Өте шұғыл шаруаларымен жолға шыққан бір қария Қарағандыдан Астанаға баруға билет болмаған соң пойыздың вагондарын жағалап, жолсеріктерге ала кетуін өтініп, жалынып сұрайды. Бірақ ешқайсысы келісе қоймайды. Ең соңғы вагонға жеткенде Құдайға қараған бір жолсерік таяғына сүйеніп әзер ілбіген қарияны аяп кетіп, мінгізіп алады. Бірақ орын болмайды да қарияны келесі вагонға жібереді. Келесі вагондағылар одан әр сырғытады. Сөйтіп соңынан басына жеткенде пойыз да Астанаға келіп тоқтайды. Көліктен түсейін десе жолсерік жолақысын сұрайды. «Ау, айналайын, Қарағандыдан бері жаяу жүріп келемін. Астанаға өз аяғыммен жеттім ғой, не үшін ақша төлеймін?» деген екен. Сол қария айтқандай бұл «лайықты қызмет» үшін біз неге екі есе ақша төлеуіміз керек? Үкіметке қарасты министрліктер мен «Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамы» ұлттық компаниясын басқарып отырғандар бұған не дер екен? Сенбесеңіздер Өскеменнен осындай вагонға отырып, Орал қаласына дейін жол жүріп көріңіздер, мырзалар. Бұл сіздерге өздеріңіз күнделікті пайдаланатын жайлы ұшақ емес екеніне көз жеткізесіздер. Бәлкім сонда бастарыңызға темір жол бойында халыққа көрсететін қызметті жақсарту туралы бір ой келер. «Жол азабы – көр азабы» деген екен қазақ атамыз. «Үйден қырық қадам шыққан адам – мүсәпір» дегенді де айтқан сол данышпан аталарымыз. Мүсәпір сөзінің уақыт өте мағынасы өзгергенмен, оның негізі араб тілінде «жолаушы» деген ұғымды білдіреді. «Самарқанның сар жолы, Бұланайдың тар жолын» қолдан жасаудың қажеті қанша? Мүсәпірлерді мүсіркейтін тым болмаса бір адам табыла ма жоғары жақтан? Тойымсыздықты қойып, бір уақыт халықтың да қамын ойлайтын кез жеткен жоқ па? Ел экономикасының дамуы сол қарапайым халықтың арқасында екенін ұмытпаңыздар. Жолақысын көтеріп қатардағы жолаушылардың қалтасын жұқартқаннан мемлекет ұтпайды, ұтылады. Өз отанының гүлденуі мен өз мемлекетінің қуатты болуын қалайтын қолында билігі бар әрбір лауазымды тұлға, қолында байлығы бар кез-келген кәсіпкер осы бір қағиданы есте ұстаса керек...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz