Қажымұқан Ғабдолла: "Қуанышәлин Козловтың "Ұлтшылдарға қарсы пайдаланатын құлақкесті құлы..."
2018 ж. 19 сәуір
9676
58
Қашанда ашық ақпартқа алаңы дайын Abai.kz сайтында жарияланған қоғам қайраткері Қажымұқан Ғабдолланың Жасарал Қуанышалиннің әлеуметтік желідегі жалаларына жауабын көшіріп басып отырмыз. Әділін оқырмандар айтады деп сенеміз.
Бүгінгі күннің айдай бір ақиқаты – қазіргі Қытайдағы қазақтардың хал-ахуалы өте ауыр. Адам төзгісізі азап пен тозақ, жазықсыз жазғыру, нақақ жала жабу, күнәсіз қудалау – қазақ бауырларымыздың жанына күннен-күнге батып барады...
Әрине, көршілік сыйластық, елшіаралық сыпайыгершілік, қоңсылық бітімгерлік, дипломатиялық әдеп секілді аса қажетті әрі құнды аралас-құраластықтан құралақан емеспіз. Бірақ, арғы беттегі ата-бабасының туған топырағында, бейітінің басында қарауылда отырған қандастары-мызға (әке-шешесіне,бауыры мен досына т.с.с.)арнайы ат терлетіп жеткен, ағайындық қонақжайлылықпен барған бауырларымыз себепсізден-себепсіз, нақақтан-нақақ неге тергеуге түсіп, теперіш көруі керек?..
Біздің баспасөз бетінде, желдің өтінде, күнделікті күйбеңде, қазақы үйлерде жанымыз ауырып, жүрегіміз сыздап, айқайлап та, абайлап та айтып жүргеніміз – бүгінгі күннің аса ащы шындығы - қытай қазақтарының жан дауысы!
Бірақ, өкінішке орай, жат елдің, жебір тердің қыспағына түскен қандас бауырларымыздың адам аярлық ақуалын айқайлап айтқаным – кезінде Ақтөбе қаласында Ішкі саясат басқармасын басқарған, қазіргі қоғам белсендісі Жасарал Қуанышалин ағама тағы да (кезекті рет...) тым артық, асқан асылық көрінгенге ұқсайды...
Фейсбуктегі жазбасында мен сияқты ізетті інісіне барлық әдепсіз сөз, әңгүдік әңгімелерін қарша боратқан ағамыз атының басын ірки алмай, жарты әлемді «шулатыпты»... Дәлірегі, менің Қытай еліндегі жапа шеккен қазақтарға араша үшін дайындалған, әлі еш жерде жарияланбаған xатымды менің айналамдағы біреулер арқылы қолына түсіріп, менің аяғымнан шалмақшы болып алаөкпеге түсіпті...
Адамдық қасиетті былай қойғанда, саяси талқылау мәдениетінен жұрдайлық – екі елі ауыздан тек мейлінше лас, қоқысқа толы запыран құстырады екен. Еріксіз жиіркенесің...
Жылуы бар жалын лауламаса, бықсық түтін де тоқтамайды екен...
Жасарал ағам менің бақшама тас атудан әсте жалықпаса, әлеуметтік желі белсенділері былай дейді: ««Жасарал – Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы Мұхтар Шаханов бастаған 138-дің хатына қол қоймай, қазақ тілін қолдаудан қашқан, ұлт мүддесін әлдеқашан сатып кеткен...»; «Нағыз ұлт көсемі, атақты ақиық ақын Мұxтар Шаханов ағамыз Жасаралға «Саяси-бомж» деп айдар таққан...»; «Ұлты татар Жасарал – қазақ ұлтына қарсы арнайы ашылған жобаның ұйымдастырушысы, орыс пен батыстың жансызы Владимир Козловтың «Ұлтшылдарға қарсы пайдаланатын менің екіжүзді торпедом» деп атаған құлаккесті құлы...» т.с.с.
Шынында да, қазір гуглге "Коловтың малайы" деп жазсаңыз, Жасарал ағамыздың аты мен сұрқы сопаң етіп шыға келеді. Иә, Жасарал Қуанышалин – Козловтың малайы. Бұны Козловтың өзі Батыстағы бір жиналыста: «Біздің ұлтшылдарға қарсы торпедомыз бар, ол – Жасарал Қуанышалин»-дегенін елдің бәрі естіген. Бұл туралы «Жас қазақ» газетіндегі «Жекпе-жек» айтыста Қуанышалинді сұлатып түсіріп, өшіріп тастаған белгілі қоғам қайраткері, Серік Сапарғали фейсбук парақшасында да, баспасөзде де ашық жазды. Ақ ит кіріп, қара ит шыққан шіріген аузынан ақ көбік ағып құлап жатқан Жасаралға «Жас қазақ» газеті редакциясы «жедел жәрдем» шақырғанын елдің бәрі біледі.
Бұл – өте ауыр сөздер! Мейлі, мені Жасарал ағамыз соншама жек көріп, көзсіз күстаналай берсін, бәрібір, мен ол кісіге бір заманда жастық қызбалықпен абайсызда ауызымыздан шығып кеткен: «Қой терісін жамылған қорқау Жасарал...»; «Козлов пен Сизовтың құйыршығына айналған...»; «Қазір Жасарал да қаусаған шалдың жасына ілікті, бұлар жастарға қашан орын береді?..» т. б. деген сөздерді делқұлы қылықтары айтуға мәжбүр етті...
Бір топалаң кезеңдерде былай деп жазыппын: «...Мәселе – сіздің Владимир Козловты қолпаштап: «СІЗ – ЖҮЗ ҚАЗАҚҚА ТҰРАСЫЗ!» немесе «МЕН КОЗЛОВТЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚҚА АЙЫРБАСТАМАЙМЫН!» – деген масқарашылық сөзіңізде болып отыр. Бұл сұмдық сөзге кеудесінде жаны, бойында рухы, жүрегінде намысы бар әрбір қазақ қарсы тұрып, өре түрегелді. Діні мен ділі бөлек келімсектер Козлов пен Сизовты қарапайым қазаққа жаны ашиды деу – есалаңның ертегісі ғана…
Саясат дегенің – сиқыры мол, зардабы зор апиын, есімізді жиып, етегімізді жинасақ, қазағымыз да ұтылмас. Мүмкін болса, тізе қосып, тізгіндесе жүріп, ұлтымыздың тәуелсіздігі мен қазағымыздың еркіндігін
мәңгілік сақтап қалу жолындағы күресте батыл, адал, айнымас, табанды болсақ деймін. Мейлі, Жасарал – мен туралы қаншама ауыр сөз, қатты пікірлер айтса да, інілік ізетпен кешіруге тырысамын. Реніш-өкпе де, өштік те жоқ, жаман сөз бен қарғыс та айтпаймын...»
Жүрегіндегі иман-таразысы бұзылмаған пенде бұдан артық не десін?!.
ТАҒЫ бірде былай деп жазған екем: «…Арсыз-нәрсіздің, имансыз-ділсіздің, ұры-қарының, залым-зұлымның, сұм-сұрқияның, қорқақ-қорқаудың заманы жүріп тұр, қазір… Жаңа технология мен жетік өркениет те ТАСАДАН ТАС АТУҒА таптырмас құрал болды…»
Бір жалғаны жоқ, тұтас шындық!
***
...Жасарал ағам бір кезде өзінің Аслан Мусин басқарған Ақтөбе облысының әкімшілігінде дүрдей басқарманың тізгінін ұстап, облыс әкімінің тапсырмасын тастай етіп орындағыш, оппозициялық басылымдарды қудалағыш мұздай-көк шенеунік болғандығына қарамай, бір күн немесе бір минөт мемлекеттік қызметте жұмыс жасамаған айдаладағы мені біраздан бері билікке жапсырып, таңып қойды. Өзі кейін облыс әкімі қуып жібергесін жалған оппозиционерге айналып шыға келді. Ал қазір мұның сөзіне қарасаң, Шахановтан бастап, Дос Көшімге де, Ермұрат Бапи мен Әміржан Қосановқа да жаппаған жаласы жоқ, бәрі жалған оппозиционер, сатқындар. Тіпті 20 жылдай шетелде жүрген Қажыгелдиннің өзі де биліктің адамы, сатқын екен де, тек өзі ғана таза екен. Көзі қарақты оқырман бұған сенеді деп тек алжығандар ғана ойлайды. Мұндайда атамыз қазақ «Көкек – өз атын өзі атайды» дейді.
Былтыр қырғыз президенті Атамбаев қасиетті Қенесары бабамыздың аруағын қорлағанда бұл Жасаралыңыз алақайлап, Атамбаевқа алғыс айтып, парақшасында оған арнап видео жолдағанда сатқынның нағыз өзі екеніне анық көзім жеткен еді...Егер, расында, менің билікте көкем һәм қолдаушым болса, қазір Қазақстанда «ҚАЖЫ ТВ», «Радио-ҚАЖЫ», «ҚАЖЫ сайты» тағы басқалар табан бастырмай, қаптап кеткен болар еді.
Ал, мен Жасарал ағаммен аузымды ауыртып мылжаңдап ұрыспай, жылы теңіздің жағасында:
«Ей, Жасарал, Жасарал!
(Өз буына – мас арал...)
Қарап тұр ғой Жасаған,
Тас атпағын тасадан!..
Бір «Алға»-дан сен қашып,
Бір «Алға»-ға жеткенде,
Ақтөбені ада қып,
Жау бетіне өткенде...» – деп, дігідіктетіп өлең жазып жатар едім...
...Жылы теңіз түгіл, жылы сөзге зар болып; бір жағынан, ақыл-есі шайқалған кемпір-шалмен кердеңдесіп; екінші жағынан, көзіңе күліп, к...е үріп, арқаға қанжар сілтеген қарақұрым, қара қытаймен алысып-жұлысып жүргеніміз мынау...
Тек, сын айтып, сына қағуға аса шебер қазақ – кешіру мен есіруді шатастырып алмаса деймін...
Қажымұқан Ғабдолла
Abai.kz