Қойнауы құпияға толы киелі Ақыртас
2018 ж. 16 сәуір
6308
1
Қазақ даласының әр тасын аударып қарасаң – байырғының әнін айта жөнеледі. Тауы, суы, кең даласы да бұрынғының әңгімесін бүгінге жалғап тұрғандай. Көне мен жаңаның алтын көмбесі – ежелгі Тараз маңындағы, шаһардың өзіндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің әрқайсысының да айтар сыры, жыры, мұңы бөлек. Әрқайсысы әр дәуірдің, әр кезеңнің, әр заманның куәгері...
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша келелі кеңес Тараз өңіріндегі Ақыртас тарихи кешенінде өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ «Жүктасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов үшжақты Меморандумға қол қойды. Меморандум «Ежелгі Тараз» қалашығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сонымен қатар ғылыми жобаларды және архелологиялық зерттеу, консервация, реставрация жұмыстарын қарқынды жүргізу саласындағы бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді...
Ең әуелі Ақыртас жайлы... Бұл тарихи кешен – күрделі құпияға толы алып нысан. Ақыртас сарайы аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. «Оның 70-ке жуық бөлмесі болған», – дейді зерттеушілер. Жалқын қызыл тастары анандайдан менмұндалайтын көне мекеннің ішіне бүккен сырына қаныға түсіп, құмартқан жандар арғы-бергі за-манда аз болмапты. Ақыртас кешені туралы XIII ғасырдың басында осы өңір-ге келген қытай саяхатшысы Чан-Чунь мынандай мәлімет қалдырған екен: «Жол бойында тастан тұрғызған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады...».
Чан-Чуньның алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылыс туралы ешқандай дерек айтылмайды. Сол уақыттың өзінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқтап қалыпты. Неліктен? Ол жағы біз үшін әлі де құпия. Ресей империясы Қа-зақстанның оңтүстігін жаулап алғаннан кейінгі уақытта орыс суретшісі М.С.Знаменский көне кешеннің орнына келіп, Ақыртас қабырғаларының сызбасын жасап, суретін салады. Зерттеуші П.И.Лерх: «Ақыртас – салынып бітпеген будда ғибадатханасы», – десе, академик В.В.Бартольд: «Несториан ғибадатханасы», – деген болжам айтады.
Ал археолог Т.К.Басеновтың жа-зуына қарағанда «Ақыртас – салынып бітпей қалған ірі бек сарайының ір-гесі» екен. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін академик К.М.Байпақов бастаған ғылыми топ кең көлемді археологиялық жұмыстарды француз ғалымдарымен бірлесіп жүргізе бастайды. Соның нәтижесінде түбегейлі жүргізілген ғылыми-зерттеулер «Ақыртас – бабалар мұра қылып қалдырып кеткен ежелгі сарай-кешен» екенін дәлелдеп берді.
Ғалымдардың пікірінше, «Ақыртастың астында өте үлкен қуыс бар». Ол жерде табиғи газдардың мол қоры жатыр. Жердің астындағы осынау геотектоникалық процестер адамның бойындағы қарым-қабілетін ашуға көмектеседі екен. Сол себепті, бұл маңға келушілер Ақыртасты тек тарихи кешен деп қана емес, киелі орын деп те санайды. Ол сөзімізге дәлел – кешен аумағында шүберек байланған бірнеше бұталарды кезіктірдік. Одан бөлек, тақ секілді тастың үстінде отырып тілеген тілегің қате кетпейді деген сенім бар екен. Ауруына медет тілеп, жүрек түкпіріндегі арыз-арманын арқалап келетіндер қарасы көптеу көрінді... Жалпы, бұл жердің ерекше киелі мекен екеніне сенетін жандардың айтуынша, Ақыртас адам ағзасындағы «ұйықтап жатқан» жасушаларды оятатын табиғи генератор іспеттес. Әрине, анығын Алла білер. Жалпы, ЮНЕСКО тізіміне енген бұл археологиялық ескерткіштің құпиялары бүгінгі күнге дейін толық анық-талмаған. Мамандар Ақыртастың балбал тастары
Түріксіб теміржолын салу кезінде құрылыс материалдары ретінде пайдаланылғанын айтады. Сол уақытта кешенді бұзып, дайын тастарды теміржол астына төсеп, бекеттердің іргетасын қалаған көрінеді. Осы жоғалған дүниелерді қалыпқа келтіру мақсатында үшжақты меморандум негізінде үлкен жұмыстар қолға алынбақ... Үшжақты басқосу нәтижесінде осы мәселелер кеңінен талқыланды. БАҚ өкілдері, Қазақстандағы ірі тарихи-археологиялық музей басшылары, туризм саласы өкілдері қатысқан бұл жиын қорытындысында Қазақстандағы туризмнің бары мен жоғын елеп-екшеуіне мысқалдай болса да үлес қосылса игі деген көңілді байқадық.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақ-станның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», – деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пай-далануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Ақыртас, Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді, Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей кешен болып табылатын Ақыртас ескерткішінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңды құраған. Соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту – Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, Туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты. Осы ретте, бүгін Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі екіжақты меморандумға қол қойып отыр», – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы.
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов өңірде 3400-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш барын айтып, алдағы уақытта Ақыртас кешенінде қазақы этноауылдар туристер үшін қызмет ететінін, онда ұлттық құндылығымызды дәріптейтін дүниелердің болатынын атап өтті:
– Халықаралық нарықта туризм индустриясы өте көп қаражат тарта-тын сегменттердің бірі. Бізде туристер қызығатын нысандар жет-кілікті. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлуетінің негізі деп есептеймін. Бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – Ақыртас кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, қазақстандық және шетелдік туристерді қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Кеңесіміздің осы Ақыртас сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында. Ақыртас кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Мысыр кереметтері, Афины акро-польдары, Рим Коллизейі, Перудағы Майя пирамидалары және анти-калық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда, – дейді Асқар Исабекұлы.
Ақыртас сарай кешені маңында са-лынған заманауи ғимаратта өткен баспасөз мәслихатына «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим, «Мәдени мұра» журналының редакторы Қуаныш Жиенбай, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, «Айқын» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Серікбол Хасан, «Қа-зақстан Заманы» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Бауыржан Карипов, «Адырна» Ұлттық этнографиялық порталының жетекшісі Арман Әубәкір, «Қазақ» газетінің қызметкері Қали Қамбаров, т.б. журналистер қатысты.
Жиында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Шара барысында Қуаныш Жиенбайдың: «Тарихи жерлердің көшірме кәдесыйларын жасау жұмыстары қолға алынса, туристерді тарту мәселесі де біршама алға жылжитын еді», – деген пікіріне Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бұл орынды ұсынысты қолға алар кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
«Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим алдағы уақытта бұл жұмыстар басқа облыстарда қалай жүргізілмек екенін және ішкі туризмді дамытуда министрліктер, жергілікті әкімдіктер қандай жоспарлар жасап отырғанын сұрады. Арыстанбек Мұхамедиұлы өзге өңір-лердегі тарихи кешендерді дамыту назардан тыс қалмайтынын, республикалық дәрежеде шаралар өткізілетінін айтты. Астананың 20 жыл-дығы аясында Бозоқ қалашығында да үлкен республикалық орталық ашу қажеттілігін жеткізді.
«Ішкі туризмді дамытуға байланысты Білім және ғылым министрлігімен бірігіп жаз кезінде оқушыларды, студенттерді әртүрлі бағдарлама бойынша тарихи орындарды таныстыруды қолға алдық. Жаз айларында жергілікті университеттердің студенттерін тарихи кешендерге алып келіп, ұлттық жәдігерлерімізбен таныстыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бірнеше студенттік топтарды археологиялық жұмыс тобына бағыттау шаралары да жүзеге асырылады», – дейді А.Мұхамедиұлы.
Ішкі туризм мәселелеріне қатысты қойылған сауалға Облыс әкімі А.Мырзахметов былайша жауап берді: «Қазіргі уақытта ішкі туризмді дамытуға қатысты облыстың жоспарын түзеп жатырмыз. Біріншіден, осыған қатысты арнайы Басқарма жа-қында ғана құрылды. Бүгінгі таңда интерактивті сабақтар арқылы оқу-шылардың тарихи орындармен танысуына мүмкіндік жасаймыз», – деді.
Аймақ басшысы ішкі туризмді дамыту үшін тиісті инфрақұрылым керектігін тілге тиек етті. Қазіргі кезде ең бірінші кезекте көңіл бөлетін нысандар анықталып жатқанын баса айтты.
«Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса Үржар өңірінен табылған Сақ ханшайымының қазіргі жағдайы және Сарайшық тарихи кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сауал қойды. Министр Сақ ханшайымына реставрация жасалып, Сарайшық кешеніне қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сапар орталығын құру жоспарда бар екенін жеткізді. Осы орайда, Отырар мен Тамғалыда да сапар орталықтары құрылмақ.
Арман Әбубәкір: «Туризмді дамыту үшін иммидждік видеороликтер мен халықаралық ауқымдағы жобалар жасау мәселесі қалай?», – деген сұрағын ортаға тастады. Мәдениет және Спорт министрі А.Мұхамедиұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая-сында «Қасиетті Қазақстан» орталығы ашылып, оны басқаратын Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен еліміздегі киелі жерлер туралы кітаптар 3D электронды форматта жарық көріп, мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалға-сатынын айтты. 2017 жылы Халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында этноауыл ашылып, сол ауылдағы ипподромда бірінші рет Дүниежүзілік чемпионат өткенін мысалға алды. Ал, Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов мамыр айында «Қымызмұрындық» фестивалі өткелі жатқанын тілге тиек етіп, ту-ризмді дамыту мақсатында мұндай ауқымды жобаларды өңір бойынша алғаш бастап отырғанын жеткізді. Шара барысында журналистер сұра-ғына жауап бере отырып сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы көне ескерткіштерді реставрациялау, туризмді насихаттау туралы да кеңінен тоқталып өтті: «Әрине, қазір археологиялық жұмыстарға реставрация керек. Деректі фильмдер шығаруымыз керек. Сонымен бірге үш тілде бүкіл Дүниежүзіне кеңінен тарайтын кітаптар немесе мағлұматтар жасауды қолға алу қажет. Ақыртасты дамытсақ, туристер келіп жатса, сол туристен түскен пайда осы Ақыртасты әрі қарай дамытуға жұмсалады. Бір жыл бұрын жұмбағы көп нысанды «Қазақстанның Киелі жерлері картасына» енгіздік, енді көне қаланы жан-жақты зерттеу мә-селесін көтеріп отырмыз. Бұл ретте, бізге көмек қолын созып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог ғалым К.Байпақовқа айтар алғысымыз шексіз», – дейді. Министрдің сөзінше, орта ғасырлық «Ақыртас» сарай кешені толық зерттеліп, туристік тартымдылығы артпақ. Ол үшін елімізге белгілі академик, археологтармен қатар, шетелдік ғалымдар да тартылатын болады...
Иә, қазақ даласының әр тасын аударып қарасаң – байырғының әнін айтады. Ежелгі Тараз маңындағы, шаһардың өзіндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің әрқайсысының да айтар сыры, жыры, мұңы бөлек. Тек оны тыңдар құлақ, құрметтер ұрпақ болса деңіз...
Қарагөз СІМӘДІЛ,
Қазақ әдебиеті