«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев депутаттар сынына ілікті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Нығматулин Ақышевқа: Депутат сіздің логикаңыз жоқ екенін айтып отыр
2018 ж. 12 сәуір
7266
7
Ұлттық Банк төрағасына депутат Геннадий Шиповских сұрақ қойды.
«Есіңізде болса сақтандыру туралы заң жобасы оқылымында сұрақ қойғанда жазбаша жауап беремін дедіңіз. Бірінші жағдайда «қажетті өзекті есеп-қисаптарға сүйене отырып» менің ұсынысымды қарамадыңыз. Екінші жағдайда қазіргі заң жобасында сақтандырудың мөлшерлік бағасының қымбаттауына алып келетін шараларды қарай отырып ешқандай есеп-қисапсыз нормаларды енгізіп отырсыз. Яғни, өзіңізге қажет болғанда ғана есеп-қисаптарды керек дейсіз, қажет болмаған кезде есеп-қисапсыз енгізе бересіз. Құрметті Данияр Талғатұлы, осы сұрақтың жауабын өткендегідей жазбаша емес, қазір жауап беруіңізді өтінемін», - деді ол.
Данияр Ақышев депутат сауалының бүгін талқыланып отырған заң жобасына қатысы жоқ екенін айтқаны сол еді Нұрлан Нығматулиннің сынына қалды.
«Жо-жоқ, Данияр Талғатұлы. Осы Мәжіліс отырысының төрағасы ретінде регламентті бақылап отырмын. Ол сұраққа жата ма, жатпай ма, сіз оған баға бермей-ақ қойыңыз. Тікелей сұраққа тікелей жауап беріңіз. Сізге аударып бере аламын», - деді де ол Геннадий Шиповскидің сауалын орысша аударып берді.
Данияр Ақышев жауап беріп жатқаны сол еді, оның сөзін бөліп қайтадан түсіндірді.
«Кешіріңіз сізді тоқтатуға тура келеді. Сіз басқа тақырыпты айтып отырсыз. (...) Шиповских тариф көлемі туралы сұрап тұрған жоқ. Ол сіздің «логикаңыз» туралы айтып отыр. Алдыңғы заң жобасын талқылағанда сізден жазбаша жауап беруді сұрады. Жауапты алдыңыз, иә? Ол заңға өзгерістер есептеулерсіз енгізіліп отырғанын сұрады. Жауап бересіз бе?», - деді Нұрлан Нығматулин.
Ұлттық банк төрағасы бұл сұраққа сақтандыру компанияларының тарифтеу саясаты мен автокөлік иелері туралы айтып жауап берді. Бұл жауапқа қанағаттанбаған спикер Данияр Ақышевтың сөзін бөлді.
«Тағы да айтамын. Депутат автокөлік иелері туралы айтып отырған жоқ, мысалға алып жатыр. Ол сіздің логикаңыз жоқ екенін айтады. Есеп-қисаптарға сүйене отырып жазбаша жауап береміз дейсіз де, одан кейін күрделі математикалық үлгі дейсіз. Ұлттық Банк сақтандыру компанияларына қойылатын талаптарды күшейту туралы өзгерістер енгізгенде депутат «енгізу керек пе?» деп сұрады. Бүгін не болды сізге, әлде дайын емессіз бе? Ресми түрде түзетулер жоқ деп мәлімдейсіз, әлде Ұлттық Банктің түзетулер енгізгенін білмейсіз бе? Геннадий Геннадийұлы, жазбаша жауап беруге тағы да мүмкіндік береміз бе? Шатасып отырған Ұлттық Банктің төрағасы мұнымен өзі айналыссын», - деді Нығматулин.
Данияр Ақышев өзінің заң жобасындағы барлық ақпараттан хабардар екенін айта кетті. Ал депутат жазбаша нақты жауап беруін сұрады.
«Нақты деген сөзді түсінесіз бе? Түсінбесеңіз Геннадий Геннадийұлына барыңыз, аударып береді», - деді Нұрлан Нығматулин.