ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЗАҚТЫҢ ҮЙРЕНІП ЖАТҚАНЫ - ҚАСІРЕТ!

 

Қарағанды облысының əкімі Ерлан Қошанов облыстық Тілдерді Дамыту Жөніндегі Басқармасын сынға алып, сөйледі. Сөйлегенде бүй деді:

- Тіл оқытудағы әдістемелік құралдарыңыз, методикаларыңыз сын көтермейді. Мен бір ғана мысал келтірейін, бір әріптесім өз ниетімен, орталықта қазақ тілі мен француз тілін бір мезетте оқи бастады. Базалық француз тілін меңгерді де, қазақ тілін үйрене алмады. Демек әдістемеде шикілік бар. Тілдің дамуы – ұлттың болашағына, елдің келешегіне байланысты. Ал егер біз оған осылай атүсті қарайтын болсақ, қайда барамыз ертең?".

Бір жағынан қазақ тілін қазақтың үйреніп жатқаны қасірет! Әйтсе де, әкімге ырзамын! Ерлан мырза қарамағындағы шенеуніктерді бұдан әрі де алқымдап, тіл талабын күшейтсе. Бір әріптесім айтады: "тіл үйрену курсына төменгі шендегілер ғана келіп отырады. Ал беделді, жоғарғы шендегілер сертификат аларда ғана бой көрсетеді. Амал жоқ, ұстаз сертификатты қолына ұстатуға мәжбүр. Қорыққаннан. Ал оларды оқытуға бөлген үкімет ақшасы желге ұшуда" деп.

Ертеде бір патшаның шолжаң баласы сабақ оқымай ұстазын мезі етіпті. Қажыған ұстаз патшаға наз айтады ғой, баяғы. Билеуші ақылды жан екен. Шешімін тауып, ұстазбен уағдаға келіпті. Ертеңіне ұстаз ханзаданы оқытып жатқан үстіне патша кіріп келіпті. Ұстаз бас салып ұрса жөнелді дейсің. "Сабақ уақытында рұқсатсыз неге кіресіз? Менің жұмысыма неге бөгет боласыз? Бұ не көргеніздік?" дегенге дейін барыпты. Уағда бойынша билеуші де жасқаншақтап, "кешіріңіз"-ді әлденеше қайталап шығып кетіпті. Ерке ханзада сол күннен бастап оқуға бейіл беріп, зейін қойды дейді. Акылды патша ұстаздың беделін көтеру арқылы түйінді шешті. Бізге де қазақ тілін оқытатын ұстазға билік бермей, беделін көтермей болмайды.

Жанат Тілегенов, Қазақ үні