Сағынтаев Кемероводағы өрт туралы: Біз де бұдан сабақ алуымыз керек
2018 ж. 27 наурыз
2264
5
Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Назар аударатын тағы бір мәселе, Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, көп адам қаза тапты, 60-тан аса. Оның 35-і балалар. Елбасы ресми түрде Ресей президентіне көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз қажет», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Блогерлер өз бастамаларымен сауда орталықтарына барып, эвакуацияға арналған есіктердің жабық-ашықтығын тексеруде.
«Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қолдануы қажет. Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Мамин) сіздің бақылауыңызда», - деді Бақытжан Сағынтаев.