БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ЖОЛ ЖҮРУ ҚАУІП-ҚАТЕРІ НЕГЕ ЖОҒАРЫ?
2018 ж. 24 наурыз
7897
15
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!
Қазіргі техника жедел дамыған мына заманда күнделікті тұрмысымызға аса қажет біздегі жол жүру ережесін қабылдау ежелгі ертегі-аңыздардан да асып түсіп, үлкен «жыр-дастанға» айналғаны әлі есімізде. Бір ғана көліктегі балаларға арналған орындық мәселесі кем дегенде жарты жылға созылған дау-дамайға ұласып, қатардағы жүргізушілер мен ала таяқтарынан айырылған жол бойындағы шенділер түгіл, Мәжіліс депутаттарының да миына айтарлықтай салмақ салып, жүйкелерін жұқартқан-ды... Құдай біледі, Мәжілістің соңғы он жылында дәп осы сияқты бірде-бір заң жобасы қызу талқыланған жоқ шығар. Өйткені ҚР Ішкі істер министрлігі дайындап әкелген өзгертулер мен толықтыруларға арналған жаңа заң жобасы жұмсартып айтқанда санаға сыйымсыз, қолданысқа мүлдем қолайсыз, сыңаржақ құжат болатын. Әсіресе біздегі аспандаған айыппұлды атақты Американың бақуатты тұрғындарының да қалтасы көтермейтін, еуропалықтардың өзі өңі түгіл түсінде де көрмеген. Депутаттар қызылкеңірдек болып жүріп жобадағы көптеген баптарды өзгертуге ұсыныс жасап, қайта-қайта құжатты кейін қайтарғанын білеміз. Өздері ұстанған бағыттан бұрылғысы келмеген тоңмойын шенділерге амалдың жоғынан шегінуіне тура келді. Бірқатар айыппұлдар төмендетіліп, көшеге көлікпен шығу үшін «Жаратқан ием, жолдан «МАИ» қызметкерлерін кездестіре көрме!» – деп алдымен Құдайына сан рет сыйынатын жүргізушілер бұдан кейін сәл де болса еркін тыныстайтындай мүмкіндік алды. Соның өзінде қазіргі айыппұл мөлшері көптеген елдерге қарағанда анағұрлым жоғары. Біреудің бетіне түкіріп кетсеңіз де дәп осындай айыппұл төлемейсіз. Оған да мақұл делік, айыппұл салынбаса жол бойы апат алаңына айналып кетуі ғажап емес. Айтайын дегеніміз, есіл-дерті айыппұлды барынша көтеруде болған заң жобасын ұсынушылар жол қауіпсіздігіне қатысты көптеген қажетті мәселелерді «ұмытып» кетіпті. Енді солардың кейбірін осыған жауапты министрліктердің есіне салғанды жөн көрдік. Әрине, үкілеген Үкіметімізде оны тыңдайтын құлақ болса... Айппұлды аспандатып, ережелерді екі есе қатайтсақ та еліміздегі жолдарда апат азайған жоқ. Неге? Ол үшін мыңдаған мысал келтіріп әуре болмай-ақ қоялық. Оны телеарна хабарларынан күнделікті көріп жүрсіздер. Жол апаты болмайтын аймақты қолыңызға шырақ ұстап іздесеңіз де таба алмайсыз. Енді соның кейбір себептеріне тоқтала кетейік. Біріншіден, біздегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Қар мен көк мұздан дер кезінде тазаланбаған, ой-шұңқырлы жолдарда көптеген апаттар орын алады. Қаншама салық, айыппұл төленіп бюджеттің бүйірін томпайтсақ та, мемлекет тарапына қыруар қаржы бөлінсе де бұл мәселе жақын арада шешілетін түрі жоқ. Жол құрылысы саласын жемқорлық жайлап алған. Көктемде ғана «жамаған» жолды күзде қайта жөндеп жатады. Соның әрқайсысына қыруар қаржы жұмсалады. Жыл бойы қайта-қайта жөндеуге жұмсаған сол ақшаға америкалықтар аузын ашып қалатындай сапалы жол жасауға болушы еді. Жаңадан салынған жолдар да жарты жыл өтпей жөндеуді қажет етеді. Бір ғана мысал келтіре кетейік, Алматыдағы Ақын Сара, Бауыржан Момышұлы көшесімен өтетін айналма жол пайдалануға берілгеннен бері жыл сайын жөндеуден көз ашқан жоқ. Дәп қазір де жөнделіп жатыр. Біз салған жап-жаңа жолдың сиқы осындай. Ал, осыған қарап елу жыл болған ескілері туралы не айтуға болады? Сонда бізде жолға лақтыратын артық ақша болғаны ма? Жол құрылысында неге сапа жоқ? Өйткені «тендер» атты тажалдан бастап бөлінген қаржы жолшыбай тоналады. «Жолға бөлінген қаржы жүз пайыз өз мақсатында жұмсалды» деп бірде-бір әкім немесе осыған жауапты министр құран ұстап ант-су іше алмайды. Әрине, егер Құдайдан қаймығатын болса. Оған да бір мысал келтіруге болады. Республикалық жолдарды қыста қардан тазартып, жазда жөндеу жұмыстарын жүргізуге деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны талан-таражға салғанын жасырып қалмақ болған «Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы, Мәжілістің экс-депутаты Серікжан Мұқашев жақында үш жылға бас бостандығынан айырылып, 2 млрд. теңге қазынаға қайтару міндеттелді. Өзі қылмыс жасап қана қоймай Есеп комитетінен тексеруге келгендерге 16 млн. теңге пара беріп оларды да түрмеге отыруға мәжбүр етті. Құрылысқа кім тапсырыс беріп, аяқталған соң оны кім қабылдап алады? Олар неге жұмыс сапасына назар аудармайды? Қаржыға жауапты құзырлы органдар мемлекет ақшасының қайда кетіп жатқанына неге бақылау жасамайды? Әлде олар да өз «үлестерін» алып, көздерін жұмып қарай ма? Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті полиция басшылары неге осы мәселені жергілікті және жоғары билік алдына қоймайды? Екіншіден, қалааралық, әсіресе қаланың өзінде қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын апаттар жиілеп кетті. Қазір қоғамдық көлікке мінген адам жанын шүберекке түйіп, үйіме аман-есен жетсем екен деп үрейленіп отырады. Алматыда жолдан шығып арыққа түсіп, көшедегі ағашқа соғылған автобустарға тұрғындар талай рет куә болды. Жоспар орындап молырақ ақша тапқысы келген жүргізушілер қала көшелерінде бәйге ұйымдастырып жарысқанда қасында келе жатқан көліктер қайда кетерін білмей қалады. Сөйтіп апаттық жағдай тудырады. Мәселе апаттардың алдын алуда болып отыр. Көпшілікке қызмет көрсетуге тиісті көлік кәсіпорындары жеке адамдардың қолында. Сол автобус парктерінің техникасы ескірген. Жаңадан техника алса да ақаулары көп болып шығады. Өйткені солардың көбісі Қытайдан алынған сапасыз, арзан көліктер. Жүргізушілерінің кәсіби деңгейі де өте төмен. Оларды көшеден ұстап әкеліп рульге отырғыза салатынға қатты ұқсайды. Тұрғындардың өміріне қатер төнеді деген ой кәсіпорын басшыларын мазаламайды. Ақтөбе облысында автобус өртеніп, елуден аса адам мерт болған соң қоғамдық көліктерді біраз тексергенмен оның да «қызығы» тез тарқады. Тағы да сол баяғыша науқандық іс болып қалды. Жолаушыларымыз жиі пайдаланатын қоғамдық көлікті тұрақты бақылауда ұстау деген атымен жоқ. Ал, жол ақысын қайта-қайта көтеруді талап ететін тасымалдау кәсіпорындарын қауіпсіздік мәселесі мүлдем толғандырмайды. Адамдарымызға лайықты, сапалы қызмет көрсету керек деген түсінік жоқ оларда. Жолаушыларды тасымалдау құқығын беретін тендерді қалай ұтып алып жүргендеріне таңғаласыз. Демек бұл жерде де тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бар деген сөз. Әйтпесе жергілікті әкімдік бұндай кәсіпорындарға жауапкершілігі жоғары істі қалай ғана сеніп тапсырып отыр? Бұл – жолдарымыздағы орын алып жатқан қауіп-қатерге байланысты ең басты екі себеп. Енді осыған қосымша ретінде тағы да бірнеше кемшіліктерді саусақпен санап берейік. 1. Қала көшелеріндегі жол белгілері дұрыс қойылмайды. Оның біразы ағаш тасасынан көрінбейді. Әсіресе жазда жапырақ шыққан кезде оны көру қиын. Бұтақтарды кесіп отыруға тиісті мекемелер жұмыс істемейді. Сондықтан жол белгілерін көзге көрінетіндей етіп орналастыру қажет. Сол сияқты жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір салынса да «40» деген шектеуді көрсететін ескі жол белгілері қалып қояды. Ол өз кезегінде көліктің өту мүмкіндігін төмендетеді. Кейбір белгілер адам көргісіз, майысқан, бояулары өшіп, нені меңзеп тұрғанын бірден байқау қиын. 2. Қалада бағдаршам болмаса жол жүру мүлдем мүмкін емес. Көшенің бір қилысында тұрған бағдаршамдардың көрсетіп тұрған уақытында 2-3 секунд, тіпті одан да көп айырмашылықтар кездеседі. Ал, әрбір секунд бұл жерде үлкен маңызға ие. Бір бағыттағы қозғалыс бітпей жатып екінші бағыттағы көліктер бағдаршамның белгісімен жүріп кетсе апаттың көкесі сонда болады. Апат деген көзді ашып-жұмғанша өтетінін ескерсек бұл кемшіліктерді де түзету қажет. 3. Қазір әкімшілік полициясы жол бойында ғана емес, қаладағы түрлі тәртіп бұзушылыққа да жауап беруге міндетті. Мысалы, Алматының көшелерінің ортасында қайыршылар жол бермейді. Онсыз да кептелістен көз ашпайтын жолдарда жүрісті қиындатып, қол жайып тұратындарға полиция назар аудармайды. Сонда олар полициядан арнайы рұқсат алған ба? Жолдағы көлік қозғалысына кедергі келтіретін қайыршылармен күресті кім жүргізуге тиісті? 4. Біздің шаһарлардағы көшелердің басым бөлігі осыншама көлік нөпіріне есептелмеген. Қалада көлікті қоятын орын табу үлкен мәселеге айналды. Көліктұрақтардың жетіспеуінен жол жиегі бір босамайды. Сөйтіп онсыз да тар көшелер қоғалысты қиындата түседі. Сондықтан кез келген ғимарат құрылысын жобаламас бұрын көліктұрақ мәселесін алдымен қарастырған жөн. 5. Әдетте көлік шығаратын зауыттар өз өнімін түрлі сынақтардан өткізіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіреді. Соның ішінде бұрылуға белгі беру, тежегіш басқанда соған тиісті шамдар жанады. Түнде жарық беретін шамдар да белгілі бір ережеге сай болуға тиісті. Неге екені белгісіз, қалада осы қарапайым ережені ашықтан ашық бұзатындар көбейді. Мысалы түнде тым жарық жанатын қондырғыларды орнатып, қарсы келе жатқан жүргізушінің көзін қарықтырады. Соның салдарынан көлік қарсы бетке шығып кетеді. Бұрылатын белгі сары түстес болуға тиісті. Кейбіреулер оны тежегішті басқандағы қызыл түспен бірдей етіп алған. Сөйтіп оның тоқтайтынын не бұрылатынын айыра алмайсыз. Оған қоса тежегішті басқанда артқы шамдары жыпылықтап тұрады. Ол соңында келе жатқан жүргізушінің жанарына кері әсер етеді. Тағы бір мәселе – көліктің терезелерін (тонировка) көлеңкелеп алу. Сонда олар кімнен жасырынбақ? Бұл да белгілі бір дәрежеде жүргізушіге бөгет жасайды. Енді біреулер басы артық түрлі түсті шамдарды қосымша жасап алып жүреді. Бұл айтылған ескертпелер ұсақ-түйек көрінгенімен жол апатына апаруы әбден мүмкін. Сондықтан осы тектес ережелерді бұзғандарды ұстап, ескертіп, тіпті болмаса айыппұл салу қажет. 6. Айыппұл туралы дау-дамай болғанын білесіздер. Оны мүлдем алып тастауға болмайды. Біздің жүргізушілер жол жүру ережесін жиі бұзады. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан жазалаудың бұл түрі әлі де сақталғаны жөн. Бұл бағытта көптеген жеңілдіктер жасалды. Айыппұлды бір жұмада төлесе жарты құны түсірілетін де жеңілдік бар. Бірақ, төлейтін түбіртек қағаздар поштамен тым кеш жетеді. Кейде бірнеше айдан соң жететіні бар. 7. Кезінде Елбасы қала, облыс әкімдеріне көліктерімен жүргенде алды-артына полиция қызметкерлерін салып жүрмеуді қатаң ескерткен-ді. Өйткені полиция көліктері көше жолдарын жауып, өзге көліктердің қозғалуына бөгет жасайды. Өкінішке орай, Елбасының бұл ескертуін елеп жатқан әкімдерді көрмедік. Мысалы, Алматы қаласының әкімін айтпағанда орынбасарларының өзі полиция көліктерін ертіп жүргенді ұнатады. Бұл өзгелерге мен келе жатырмын деп қыр көрсетуіне ұқсайды. Сонда олардың жаны өзгелерге қарағанда тәтті болғаны ғой. Әлде қоғамдық көлікте келе жатқан 50-60 адамдардан олардың өмірі қымбат па?.. 8. Тағы бір өте маңызды мәселе - бізде жол апатының себебімен емес, салдарын ғана санап, айыппұл салумен ғана шектеледі. Түсіндіру жұмыстарымен мүлдем айналыспайды. Анда-санда, оқу жылы басталғанда мектептерге барып акциялар өткізгені болмаса басқа ештеңе бітірмейді. Жол бойынан айыппұл толтырып жатқан шенділерді ғана көреміз. Соған қарап оларды жол қауіпсіздігі полициясы емес, салық комитетінің бір бөлімшесі деп есептесек қателеспейміз. Түсіндіру жұмыстарына телеарналар мен газеттерді пайдалануды білмейді. Бізде жүргізуші мәдениеті қалыптаспаған. Содан да болар, кейбір деректерге сүйенсек орта есеппен жылына 16 мыңдай түрлі жол апаты орын алып, үш мыңдай адам мерт болады екен. Осы бағытта толып жатқан телеарналарда арнайы бағдарлама ашылып, халыққа мамандар түсінік беріп жатса шетелдік сериалдарға қарағанда пайдасы көбірек болар еді. Осы жерден тоқтайық, жол жүру қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді санай берсек оған біздің саусағымыз жетпейді. Қалай десек те осы аталған ескертпелерді жедел түрде түзетуіміз керек. Өз адамдарымыздың өмірін өзіміз қорғауға міндеттіміз, осыны ұмытпайық.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz