Жазушылар одағының жаңа төрағасы - Ұлықбек Есдәулет
2018 ж. 12 наурыз
18186
38
Алматыда Қазақстан жазушыларының құрылтайы өтіп жатыр. Аталмыш шараған ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.
Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин екі құрылтай арасындағы уақытқа есеп беріп, баяндама жасады. Белгілі жазушы Ырым Кененбай ревизиялық есеп комиссиясының баяндамасын жасады. Содан соң әдеби секциялар жетекшілері Нұрдәулет Ақыш, Әділғазы Қайырбек, Сұлтанәлі Балғабай, Ашимжан Аширов және т.б. есеп берді. Жарыссөзге алғаш шыққан Сәбит Досанов Одақ жұмысына оң баға беріп, жастар секциясын ашуды ұсынды. Мұрат Әуезов Руxты болуға, бірлікке шақырды. Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов жазушы Нұрлан Оразалинді қатты сынады. Оразалиннің сойылын соққан Тұрысбек Сәукетайды сойып салып, өзінің "татармын" деген сөзіне байланысты қазақтықтан айырып, Қазан қаласынан бір-ақ шығарды. Мұхтар Шаханов азаматтығын, шындығын жоғалтып алғандардың бәрі далбаса деген тұжырымын тағы да нақтылап шықты. Дулат Исабеков "Құрметті төраға" дегеннің керегі жоқтығын, осы уақытқа дейін өзгертіліп кеткен Жазушылар одағы жарғысын қайта қарауды ұсынды.Сонымен қатар белгілі зиялы қауым өкілдері Смағұл Елубай Елбасының "Парламент пен Үкімет қазақ тілінде сөйлесін" деген тапсырмасын Құрылтай қаулысына енгізуді ұсынып, Нұрлан Оразалинге алғыс айтып, шапан жапты.
Жазушылар Одағының жаңа төрағасын сайлау, дауыс беру басталды. Одақ төрағалығына жалғыз ғана адам ұсынылды, ол - Ұлықбек Есдәулет. Дауыс берушелір ұсынылған кандидатты бір ауыздан қолдады.
Сонымен, Қазақстан Жазушылар одағының жаңа төрағасы - Ұлықбек Есдәулет! Дара дарынды ақын, ақиқатты ашық айтып жүрген рухы биік қайраткер Ұлықбек Есдәулеттің келуімен Жазушылар Одағында Рухани жаңғыру басталды деп сенеміз!
"Қазақ үні" ұлттық порталы мен газетінің редакциясы ұжымы көрнекті ақын Ұлықбек Оразбайұлын төраға болуымен шын жүректен құттықтайды.