Ақтөбе облысының әкімі: Менің Сапарбаев болғаным анам мен әйелімнің арқасы
2018 ж. 08 наурыз
3383
9
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев журналистерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, анасын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше ақтөбелік қыз-келіншектерді, аналарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тілшілердің алдында анасын еске алды. Адам үшін ең асыл қасиет анадан дарып, тарайтынын айтып берді.
«Мен ауылдың баласымын. Анам да ауылдың қарапайы әйелі. Менің осындай болуыма алдымен анам себепкер болды. Анамның маған берген тәрбиесі зор. Оның қарапайымдылығы, ақкөңілділігі, жүрегінің жылуы маған да дарыды. Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп жүргенде ата-анам Қызылордада тұрды. Сонда маған келіп тұратын. Сол кезде «балам, қандай тамақ ішесің» деп сұрайды. «Апа, мен бір облыстың әкімімін, әйелім бар, солар тамақ дайындайды» деп айтамын. Бірден «олар мен сияқты дайындай алмайды» деп жауап береді. Біріншіден, адамның бойындағы бар қасиет ананың ақ сүтімен келеді. Екіншіден, текке, үшіншіден, жаныңдағы жолдасыңа байланысты. Менің жолдасым да қарапайым отбасынан шыққан, 40 жылдан астам уақыт бірге келеміз. Қайда барсам да жанымда жүреді. Менің Сапарбаев болуыма осы екі асыл әйелдің әсері бар деп айта аламын»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.