Мемлекеттік латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс!
Елбасы ел тілегін ескеріп, қазақша латын әліпбиіне тағы да өзгерістер енгізді. Бұл үшінші өзгеріс.
Ең бірінші қазақша төл әріптерді диграфпен таңбаланған әліпби қоғамда қатты қарсылыққа ұшырады. Екінші рет өзгертіліп, латын графикасына өту туралы Президент Жарлығымен жарияланған апострофты нұсқаның да, қолдану барысында кемшіліктері шығып, қарсылықтар азаймады. Енді, міне, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілді.
"Келісіп пішкен тон келте болмас" деген қазақтың мақалының растығы қазақша латын әліпбиін жасауда анық байқалды. Жаңа әліпбиді жасау жалпы халықтық қозғалысқа айналды. 2017 жылы 26 қазанда Елбасы жарлығы шыққанда ел қатты қуанды.
"Ең бастысы саяси шешім шықты! Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиге өту қабылданды. 1940 жылы қазақ халқынан бірауыз сұрамай-ақ бір күнде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босадық. Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшумен басталды! Енді әлеумет болып, қазақы төл әріптердің әлпеті мен кемшілігін түзеу жұмысы жалғаса береді. Сол үшін де Ұлттық комиссия құрылды"-деп жазып едік
"ЕҢ БАСТЫСЫ, ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ! Енді әлеумет болып, әріптер әлпетін түзей береміз" атты 8 қарашада (2017 жыл) жариялаған мақаламызда.
Иә, сол кездегі "Қазақ үні" газетінде: "Қызу қоғамдық пікірге жол бергендіктен де, парламентте талқыланған нұсқа, қазақы төл дауысты дыбыстарымызды диграфпен – екі әріппен белгілеу өтпей қалды. Содан соң біз және басқалар да ұсынған әріптің үстіне ноқат қойылған нұсқа да, оның ішінде Тіл институтының түрікше тектес нұсқасы да қабылданбады. Себеп – әріп, таңбалар пернетақтада болуы тиіс деген талап. Содан соң, осы үдеден шыққан нұсқа – дауысты дыбыстардың үстіңгі оң жағына үтір қоятын апострофты жоба пернетақтада болғандықтан қабылданды. Бірақ, тәжірибеде қолдану барысында бұл жобаның да кемшіліктері шығып жатыр…"-деп жазғанымыздай, ақыры әлеумет болып атсалысып, әріптеріміздің әлпетін түзеп алдық.
Қазақша латын графикасын жасау ісіне көптеген қоғамдық ұйымдармен бірге "Ақ жол" партиясы да өз үлесін қосты. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашовтың өзі де, мен де бірнеше нұсқа ұсынған болатынбыз. Олар кезінде баспасөзде жарияланды да. Соңғы нұсқадағы ұсыныстар соңғы қабылданған өзгерістерде де көрініс тауыпты.
Жоғарыда аталған мақалада да апострофтың апробация кезінде кедергі жасаған үш кемшілігін көрсете отырып, 9 әріптің үстіне акут қойған нұсқасын ұсынып едік, соның 6 әрпі соңғы өзгеріске енгеніне қуанып отырмыз.
Бұл кемшіліктерді 2017 жылғы 30 қарашада Алматыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ұйымдастырған латын әліпбиі туралы жиында да, екінші баяндамашы ретіндегі сөзімізде де айтқан едік.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін мақаладан үзінді келтіре кетейік.
"Біріншіден, ең басты кедергі - апострофты нұсқадағы әріп жанындағы үтірлердің де бір әріптің орнын алуы, буынға бөлінбеуі және интернеттен қазақша дерек іздеу барысында қабылданбайтындығы болып тұр. Мысалы, көлем жағына келетін болсақ, біз 42 әріпті кириллицадан 32 әріпті латын нұсқасына ауыстық. Бірақ, біздің 9 әріптегі апострофтарымыз, яғни әріп жанына қойылатын үтір таңбалардың өзі бір әріптің орнын алып, нәтижесінде шамамен 41 әріптің өлшеміндей көлем шығып тұр... Басты талап - жаңа әліпбиді жазуда кедергілер тудырмау болса, бұнда бірнеше техникалық кедергілердің құлағы қылтиюда.
Сонда латын әліпбиін қабылдау үшін құрылған жұмыс тобындағы IT мамандар бұл үтірлер әріптің жанына қойылғанда осындай кедергілер болатынын неге ескертпеген деген заңды сұрақ мазалайды. Біз бұл сұрақты бұдан бұрын да жазған мақалаларымызда қойғанбыз, бірақ әлі жауап ала қойған жоқпыз.
Екіншіден, біздің және Тіл институтының әріптердің үстіне ноқат қойылған, артық орын алмайтын, кедергілері жоқ нұсқаларымызды арнайы комиссия бұл жобадағы әріптер пернетақтада жоқ болғандықтан қабылдамады деген ойда болатынбыз. Арнайы комиссия өкілдері де жиындарда осылай жауап берген. Ал, негізінде бұндай, әріптердің үстіне ноқат қою функциясы яғни, умлаут немесе диэрезис пен акут пернетақтада да, смартфонда да бар болып шықты.
Ендеше, қабылданған нұсқадағы апострофты 9 әріптің оң жағындағы үтірлерді үстіне таңба етіп шығарсақ, яғни, акутқа, умлаутқа (диэрезис) айналдырсақ жетіп жатыр емес пе? Президент бекіткен шешімдегі әріптер өзгермейді, тек үтірлер -апостроф әріптердің жанынан төбесіне шығады - акутқа немесе умлаутқа ауысады. Бұл Елбасының комиссияға кедергілер мен қиындықтар тудыратын жаңа әріптер жасамай, пернетақтада бар әріптер мен таңбаларды пайдалану туралы талабына да тура келеді.
Ол үшін мысалы,
Ә әрпін жазу үшін компьютеріңіздегі әріп таңдаудан «АҚШ халықаралық» нұсқасын таңдайсыз да,
А әрпін ұзақ бассаңыз ,
À шыға келеді. Сонда халықаралық әліпби әлемінде бұрыннан бар диакритикті нұсқа, яғни, апостроф –үтір таңбасын қоясыз ба, әлде қос нүкте
Ö немесе
Û секілді басқа таңбаларды, умлаут-диэрезис, акут таңбаларын қоясыз ба, бірнеше таңба бар мұнда.
Сонымен,
Á (Ә) деген акутты нұсқа
A’ (Ә) деген апострофтан анағұрлым дұрыс қой. Өйткені артық орын алмайды, буынға бөлу мен интернеттен дерексөз іздеуде де кедергілер болмайды.
Ендеше, апострофпен белгіленген 9 әрпіміз:
Á Ә
Ó (ө)
Ú (ү)
Ÿ (у)
Ń (ң)
Gg (ғ)
Í і (і)
Ś (ш)
Ć(
ч)
болып, акутқа немесе умлаут-диэрезиске айналса, айшықты да, әдемі емес пе?!.
(Негізі, өз пікірім, осы
Ч әрпінің керегі жоқ еді
ш әрпі тұрғанда)
Бұл жерде тек қазақша
Ғ әрпінің орнына алынған тоғызыншы апострофты әріп
Gg әрпінің үстіне таңба қою функциясы ғана пернетақта мен смартфоннан табылмай тұр. Мүмкін, біздің шамамыз жетпей жатқан болар, ІТ мамандары амалын табар.
Бұл көпшіліктің де көңілінен шығары даусыз. Себебі алғашқы диграфты нұсқаға қарсылар да, кейінгі қабылданған үтірлі нұсқаға қарсылардың да көпшілігі осындай әріптердің үстіне ноқат немесе үтір қойылатын нұсқаны қалайтындықтарын жазып жатыр. Қоғамдық пікірлерге сергек қарайтын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаңа әліпби туралы көпшіліктің пікірінің ескерілуі керекттігін атап өтті. Тәуелсіздігін ала салып, латынға көшкен Өзбекстанның өзі әліпбиін 4 рет өзгертті. Тәжікстан мен Түркіменстан да бірнеше рет әліпби өзгерткенін ойласақ, өзгелердің қателігінен сабақ алып, жаңа әліпбиімізді жаппай талқылап, елдің пікірін ескеріп келе жатқан біздің жарамыз жеңіл болып шыққалы тұр." 2017 жылғы 8 қарашадағы
"ЕҢ БАСТЫСЫ, ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ! Енді әлеумет болып, әріптер әлпетін түзей береміз" атты мақалада осылай жазып едік.
Енді міне, ел болып талқылаған жаңа әліпбиіміз жаңа биікке шықты.
Соңғы түзелген қазақша латын әліпбиінде бұрынғы апострофпен белгіленген 9 әріптің 6 қазақша төл әрпі үстіне ноқат, яғни акут қойылумен таңбаланды. Екі әріп SH (Ш) CH (Ч) диграфпен пайдаланатын болды. Қазақша
И-Й және
І і әріптері латын графикасындағы І і таңбаларымен белгіленеді.
Бұл нұсқа дұрыс болды. Бірақ, бір кілтипан И,й әріптерінің бас әрпі мен қазақша і әрпінің бас әріптері бір таңбамен І белгіленуі. Сонда IZET деген адам атын «Изет» деп оқимыз ба, жоқ «Ізет» деп оқыла ма? Қазақтың "Ізет" деген ізгі сөзі мен игі есімдер жоғалып кетпей ме ертең? Ал менің бабамның аты Исаны ISA деп жазғанда, оны ІСА деп оқып, солай айтқандарға не деуім керек? Комиссия солай шешіп, аталарымыз азан шақырып қойған аттарымызды ауыстырып жіберді дейміз бе Ізет, Исақ, Ислам, Иген және т.б. бәріміз? Біз ұсынған нұсқада қазақша і әрпінің бас әрпі де
Í деп белгіленіп,
акутпен берілген, бұның не қиындығы бар? Ал
Ш әрпін
SH деп белгілегенше, біз ұсынғандай Ш-ны
Ś деп белгілесе, Ч-ны
Ć десе, немесе Ч-ны мүлде алып тастаса да дұрыс еді... Әрі бір-ақ таңба болар еді. Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері
Аshana – Ашана, ал
Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең
Ishaq деп жазса, оны мынау Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузым бармай отыр?.. Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін? Диграфтан ел болып айқайлап жүріп құтылғанда, екі диграф әріп кімдердің көңілі үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек. "Жеті рет өлшеп, бір рет кес" деген қазақ.
Иә, атауы мен кейбір мақалаларын апострофты қазақша латын әліпбиіне ауыстыра бастаған БАҚ-тарға "Үтірмен жазу әлі ерте" деп ескерткен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елдің ең алдымен жаңа әліпбидегі жаңа өзгерістермен құттықтады.
«2018 жылғы 19 ақпанда Елбасы қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы Жарлығына қол қойды. Бұл тарихи маңызға ие оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» деп жазды Сенат спикері. Қасым-Жомарт Кемелұлы сонымен бірге жаңа редакциядағы латын әліпбиімен де жазып:
«2018 jylǵy 19 aqpanda Elbasy qazaq tiliniń jańa álipbıi týraly Jarlyǵyna qol qoidy. Bul tarıhı mańyzǵa ıe oqıǵa. Barshańyzdy shyn júrekten quttyqtaımyn!» -деп барша қазақстандықтарды қуанышымен бөлісті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын графикасына өтуде елдің барлық құнды ұсыныс-пікірлері ескеріледі деген сөзінің іске асқанының айқын көрінісі бұл.
Латын әліпбиіне өту – Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам!
Елбасымыз өз сөзінде нақтылап айтқандай, Латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс.
Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек.
Мемлекеттік латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс!
Енді ел болып қолдаған жаңа әліпбиімізді жаппай қолдануға көшейік!
Яғни, сөзден іске көшетін кез келді!
Qazybek ISA,
Qazaquni.kz