Сабыр АДАЙ - Құс ұясын жалдамайды жыланға
2018 ж. 14 ақпан
8481
7
(ЖЕР ТУРАЛЫ ЖЫР)
Бабам берген жер еді бұл мұра ғып,
Сығырайып әне біреу тұр алып.
Қайдан келген шүршітпенен шүрегей,
Ұры-қары ойдан қырдан құралып?!
Неге келді?!..Кім әкеліп үйретті,
Мақтаменен бауыздады , күйретті.
Ары итеріп, бері жығып қазақты,
Ұзын арқан , кең тұсаумен сүйретті.
Жаңылыстық, жардан құлап ыңырсып,
Сынып бітті, екі жілік, бір ұршық.
Ару көңіл ажарсыз , тұл , базарсыз,
Үнсіз малғұн дұшпан іші тымырсық.
Көрерміз деп жер кімдікі күнінде,
Залымдардың зәрлі мысқыл үнінде.
Көп адасып табысып ек Алашым,
Ел боп кетсек болар еді түбінде.
Тәңірім-ай , Жаратқаным сақтай көр,
Жаныма кел, жарық күнім батпай кел?!
Саған аян барлық жаудың ниеті,
Жаным Алла,жау пиғылын таптай бер.
Күл боп кетсін табаныңның астында,
Туған жерді тулақ қылып бастырма!
Дәл осылай жалбарынып жылайтын,
Апанына бүлік кірген қасқырда.
Қазақ емес көкбөрімін ұлыған,
Жаралып ем Жан – Иемнің нұрынан.
Адым жерге қақпан құрып аңдушы,
Көкжалмын- Мен, әл-дәрмені құрыған.
Зарым айқын ескен жел мен самалға.
Қандай тағдыр халық үшін бар алда.
Қан-қан болған қақпанымды сүйретіп,
Тағы саған жылап тұрмын жан Алла!
Жер – аманат бөліп берген бір Алла!
Құзда құлжа, шыңнан орын қыранға.
Арлан өлер апан үшін қан кешіп,
Жалдамайды құс ұясын жыланға.
Жер – Аманат! ..Хақтан нәсіп қазаққа!
Жан сарайың – жалданудан азат па?!..
Жылан жерді жалдамайды , жалмайды.
"Аманатқа-қиянат",
... Түстім дей бер, тозаққа.
САБЫР АДАЙ, Қазақ үні 07.02.2018