Қытайдың "жұмсақ күші" дендеп бара жатқанын білеміз бе?
2018 ж. 27 қаңтар
10459
18
Жаңа жылдың алғашқы аптасында редакцияның поштасына бір үнтаспа жазба келіп түскен еді. Әдетте поштаға таспаға түскен жазбалар сирек келетін болғандықтан, қызығушылықпен тыңдадық. Қазақ деген жұрттың құлағына әбден сіңісті болған «қытайден келер қауіпке» қатысты Батыстың беделді Financial Times газетінде жарияланған мақала турасындағы ой-пікір екен. Көсегесі көгергір Baisilam Kabylkair деген азамат осы мақаланы қазақы оқырманның ыңғайына қарай аударып, оны таспаға түсіріп берген екен. Біз осы таспаның мәтінін қаз-қалпында қағазға түсіріп, газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Financial Times («Файнэншл Таймс») газетінде ағылшын билігі Қытай қаупі жөнінде тұрақты түрде мақалалар жариялап тұрады. Мақаладағы айтылған soft power деген ұғымдағы soft – «жұмсақ», power – «күш», «құдірет» дегенді білдіреді. «Қытайдың жұмсақ күші» деген ұғым. Ол әскери саланы қамтымаған. Мәдени ауыс-түйісті желеу ете отырып, этникалық қытайларды өзіне көпір етіп, ортадағы қолданатын бір құрал ете отырып, немесе студентттерді үлкен көлемде шәкіртақыға (стипендия) қызықтырып немесе аты мәлім экономикалық күштерді Қытаймен бизнес жасауға мүдделі етіп, тиісті тиімді пайдасын бере отырып, белгілі бір ақпарат құралдарын сатып алып, немесе бір саяси күштерге экономикалық көмек көрсетіп, сол мемлекетті әскери жаулап алмай тұрып, сол елде қытайшыл бір ауан қалыптастыру.
Яғни, қорытып айтсақ, Қытай тарапынан келетін «жұмсақ күш құдіретінің мынандай сипаттары бар: біріншісі – оған Қытай билігі қытай қазынасы тарапынан триллиардтаған сома бөлінеді екен. Соңғы кезде бөлінетін қаражаттың көптігі соншалық, кейбір мемлекеттердің болжамы бойынша, әскери бюджетке бөлінетін қаражатпен пара-пар дейді. Неге солай десеңіз – Қытай әскерін аттандырмай тұрып, сол елді жаулап алады. Ең бірінші, мәдени ауыс-түйісті желеу ете отырып, сол елде Қытайдың жағымды образын қалыптастыру.
Мәдени экспансия дегеніңіз осы. Яғни, сол жердің дербес ойлай алмайтын қарапайым халқын, орта буын зиялы, ортанқол ақын-жазушыларды қытайшыл етіп, өзіне сатып алу, миларын өзіне қарай бұру, бүйрегі қытай деп бүлкілдеп, жүрегі қытай деп соғатын бір қауымды қалыптастыру. Ортанқол ақын-жазушының кітабын шығарып беру, оның шығармашылық кештерін Қытайда өткізу, сол арқылы шығармаларын қытай тіліне аударып беру, немесе сол арқылы халықаралық ұйымдар атынан оған халықаралық лауазымдар тағайындау, «мәдениет елшісі», «мәдениет періштесі» деген лауазымдар беру. Ең соңында әлгі адам өзінің қалай қытайшыл болып кеткенін білмей қалады.
Соңғы кезде Қазақстанда да аталмыш қоғам қайраткерлері, орақ тілді, отауызды ағаларымыздың Қытайға қарсы үндері өшіп қалды. Кітаптары Қытайда шығып, шығармашылық кештері өтіп, аты «бірдеңе» деген халықаралық ұйымдар арқылы қаржыландырылып отыр. Мәдени ауыс-түйістің түрі өте көп: алғашқысы – студенттер, магистранттар, докторанттарды өте үлкен көлемдегі шәкіртақымен оқытады. Барғанда қонақ үй деңгейіндегі жатақхана, тіпті оның тамағына да көмек қаражат беріледі, Жергілікті шәкірттерден он есе жоғары шәкіртақы тағайындап қояды. Ондай жарнамалар соңғы кезде Қазақстанда қаптап кетті. Өзінің студенттеріне 30 доллар бере алмайтын қытай қазақ жігіттерін бакалавр, магистр оқуын оқытуға шақырып әлек болып жатыр? Бұл – «soft pauer». Олар оқытады, ақшасын суша шашады, ең соңында оларды қытайшыл бір күшке айналдырып шығарады.
Қытайлық кино, қытайлық бағдарламалар, сериалдар, Шыңғысханды қытай деп уағыздайтын кинолар арқылы бүкіл идеологиясын, қытай экспансиясының, мәдениетінің элементтерін кеңінен халыққа сіңіріле бастайды. Бара-бара қытайдың тамағын жеп, қытайша атаулармен «гуру лағман», «сюру лағман», «дапанджи» деп, Алматыдағы ресторандардың 50–80 пайызға дейінгі менюін тексерсеңіз, Қытайдың тамағы тізілген.
Ары қарай, қос неке, қазақтың қыздарына үйлену, неке таныстыру орталықтары, жымиған, күлімсіреген Джеки Чан болып келуі, оған жайылып жастық болатын әкімшілік. Ең соңында бәріміз қытайды жақсы көріп, «әй, қойшы, құрысын, қытай бола салайықшыға» барамыз. Оның бәрі этап-этаппен келіп отыр. Осы – «soft pauer». Бұл – мәдени жағы.
Екіншісі – ақпараттық жағы. Ақпарат салаларын сатып алады, меншіктеп алмайды, бірақ көзі қысық, тілі тәтті ағайындар бума-бума долларларды небір әдемі сұлу қыздармен, беті қазақ болғанымен, жүрегі қытай болған адамдар арқылы ақпарат құралдарын ұстап отырған азаматтардың қалтасын толтырады. Немесе Еуропаға, Америкаға саяхаттап қайтуға билет әперіп, ұсыныс жасайды. Өмірі аяғы тимеген аралдарға барып, демалып қайтуларына мүмкіндік жасайды. Баруы міндетті емес, әрине, бірақ банк карточкалары қолдарына тапсырылады. Сондай айла-амалдан соң, ақпараттың да үні өшеді, телеканал, газет, сайттың аузы жабылады. Керісінше, қытайшыл болып шыға келеді. Тіпті экономикалық сауданы дәріптеп, «Қытай – біздің мүмкіндігіміз» деп, естері шығып, дәріптейтін мақала жазады.
Үшіншісі – экономика. Яғни, бизнес саласында Қытаймен сауда жасағандарды барынша сүйемелдейді, ең соңында сол бизнесмендер қоғамдағы алпауыттарға айналады. Немесе қолдан миллионерлер жасайды, олардың Қытай ресторандарын, бизнес-клубтарын ашуы, ең соңында Қытаймен сауда жасау, тегін тауарлар алу, тегін лизинг, кредит жолдары немесе өсімсіз кредит жолдары – осының бәрі қытайшыл бизнесмендерді жетілдіріп шығады.
Төртіншісі – саяси күш. Қытай қолын тікелей саяси элитаға созады. Екі түрлі жолы бар: біріншісі – бүгінгі саяси элитаны сатып алуға қамданады, олардың бала-шағасын Қытайда оқытады, тікелей немесе жанама туыстарын, бәйбіше-тоқалдары, құда-жекжаттарын Қытаймен бизнес жасауға үгіттейді, әлдеқандай бір компанияның консультанттары етіп қояды. Айына айлық беріп, сатып алады. Баласын тегін оқытатын халықаралық достық бағытындағы университеттер Қытайда иттің басынан көп. Қазіргі саяси күшке қолын жеткізе отырып, болашақ саяси күштерді жетілдіріп шығарады. Міне, бұл Қытайдың «soft power» – «жұмсақ күші». Білесіздер – қарағай қандай қатты ағаш, балталау, шабу қандай қиын, бірақ жұп-жұмсақ құрт жеп, тесіп тастайды. Қытайда мақал бар: «Мың шақырымдық судың тоспасы құмырсқаның інінен бұзылады» деген. Қазақта да соған пара-пар мақал бар: «Тамшы тас теседі» деген. Міне, осы «жұмсақ күштің» құдіреті. Сондықтан әлемдік ақпарат саласы дабыл қағып жатқан «soft pauer» туралы біз ұйқыда қалып қоймайық!
Кешегі бабаларымыз айтқан «шүршіт жатыр Арқада» деген өлеңді ұмытпайық. Осы толғаудың шыққанына үш ғасыр болған шығар, бабаларымыз сол кезде шүршіттен қорыққан. Бүгінгі қытай дегеніміз – анығында қытай емес. Ежелде «қытан-хидан» деген халық болған, қытай деп түркі бауырларымыз соларды айтқан, сол хидандардың бір бөлігі қытай болып кетті, бір бөлігі оңтүстікке келіп қоныстанды. Таза түпнұсқа қытайларды ата-бабаларымыз «табғаш» деген. «Күлтегін» мен «Тоныкөктен», «Білге қағаннан» қарап, оқуыңызға болады. Сонда табғаштың бектері залым деп жазылған жоқ па? Шайы мен жібектерімен алдап, өздеріне жақын тартып, соңында түркі халықтарын құлдыққа түсіргендерін айтып, мәңгілік тасқа жазып кетті емес пе аталарымыз.
Сол тастар Мұңғлияның астанасы – Ұлан-Батырда. Ұлан-Батыр сол кездегі ата-бабамыздың астанасы болған. Қытай өзіне тиесілі жерді қорғанмен қоршап алады. Бүгінгі Қытай қорғаны өзінің территориясының қақ ортасында тұр, олар біздің ата-бабаларымыздан қорыққанын соққан. Сексенінші жылдарда Бейжиңде оқыған қазақ студенті: «Бұл қорғанды соққандар – Ғұн бабамнан қорыққандар» деп, үлкен әріптермен сол қорғанға жазып қойыпты. Сол үшін оқуынан шығарылыпты. Себебі ешкім үйінің ауласының ортасынан ойып тұрып қорған салмайды. Тура сол сияқты, Қытай қорғаны іргемізден келіп, салынып қалмасын десек, осы «soft power»-ден абайлайық.
Американың өзінде Трамптың Қытайды тым еркелетіп жібергені айтылып жүр. Себебі Америкада Қытайдың орталық телеарнасы СИСИТВ – ССTV ағылшын тіліндегі каналы ашылған, онда соңғы кезде қытайшыл көрерменді молынан жиып алған. Қытайдың саяси, мәдени, экономикалық экспансиялық идеясын ағылшын-америкалықтарға жеткізіп болған. Тұтас ақпарат саласында қытайшыл күштер қауырт өскені сонша, Америкада қытайшылдар өте мол, әрі экономикалық күш-қуаты да зор.
Алыстағы Америка мен күні батпас империя – Англия алаңдап, дабыл қағып жатқанда, он сегіз миллион ғана саны бар, жер бетінде территориясы тоғызыншы орында тұрған, ұлан ғайыр даласы бар, кеше ғана тәуелсіздік алған, аңқау да ақеділ, аузын ашса, жүрегі көрінетін қазағым, сенің халің не болмақ?
Шығысымызда – миллиард құжынаған құмырсқадай халық, терістігімізде – азуын айға білеген аю. Қазақ, сенің қалің не болмақ? Күні-түні той-думан, тойдан басқа ой жоқ, әлеуметтік желіде әншіден басқа тақырыбың жоқ, бұғатталған миллирадтаған долларға бір қазақтың жаны ашымайды. Себебі халықтың санасы одан өзгеге жетпей тұр. Аңырап ән салғаннан басқа адам – адам емес. Экономиканы, саясатты, ақпаратты кім қадағалайды? Біз әлі «Русский мирдің» сасығын француздың әтірінен артық жұпар сезініп жүрсек, Батыстық ақпарат құралдарында жазылған ақпарды кім аударып, жеткізіп береді? Біз үш жүз жыл иыққа мінген бір адамнан құтылғанда, екінші біреуін мінгізгелі отырған жоқпыз ба? Арыстаннан құтылып, жолбарысқа жем болғалы жүрміз бе? Аңсаған тәуелсіздік енді қолымызға жеткенде, ғасырлар бойы қынадай қырған алпуыттан құтылғанда, шайнамай жұтатын аждаһаның аузына түсіп кеткенімізді білмей қалмаймыз ба?
Дінің анау – сан сектаға бөлінген; аталмыш қайраткерлерің анау – бірін-бірі секта деп отырған; ғалымдар анау – байпаққа масих тарта ма деп, он бес жыл бойы дауласып жүрген; діндарлар анау – бірін-бірі жау көріп, бірінің ұстанған жолымен екіншісі жүрмесе, ата жауындай көреді. Зиялы қайраткерің анау – қалтасы жұқа, әр байдың, әр кланның сойылын соғып жүрген.
Қазақтың қамын кім жейді? Ұлтты кім құтқарады?
Baisilam Kabylkair
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №1 (413) от 11 января 2018 г.