Шығыс Қазақстанда 12 баланың А гепатитіне шалдығу себебі анықталды
2018 ж. 18 қаңтар
8034
4
Шығыс Қазақстан облысында А гепатитіне шалдыққан балаға ауруды Семейлік келіншек жұқтырған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін, кеше "Қазақ үні" ұлттық порталында Үржар ауданының Шолпан ауылында 12 баланың сары ауруға шалдыққаны туралы жазған болатынбыз. Біздің дабылымыздан кейін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бүгін бұл жәйт туралы түсініктеме берді. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды өз бақылауына алды. Мектеп оқушыларына тек бөтелкедегі арнайы ауыз суды тұтынуға рұқсат берілді. Ауылдағы барлық мәдени-бұқаралық шараларға тыйым салынды.
“Қыркүйекте екі сары аурумен ауыру жағдайы тіркелді. Сары ауруға негізгі себеп - ауыз судың таза болмауы, одан кейін ауру тұрмыстық қарым-қатынас арқылы тарала бастайды. Ауылға Семейден гепатитпен ауыратын қонақ келеді. Сол қонақ арқылы ауру оқушыға жұғады. Қыркүйектен кейін екі адам ауырған. Қазанда тағы бір жағдай, желтоқсанда екі жағдай тіркелді. Олардың бәрі бақылауға алынды. Жұқтырушылар да бақылауымызда болды”, - деді Бекшін.
Сонымен қатар, балалардың жаппай А гепатитіне шалдығуына байланысты Жүзағаш орта мектебінің директоры мен дәрігері әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
“Ауылдағы жағдай бақылауға алынды. Мектепті күшейтілген дезинфекциялық режимге ауыстырдық. Ауырған 12 баланың біреуі - мектепке бармайтын бала. Ал қалған 11 оқушыға вакцина салынбаған”, - деді Жандарбек Бекшін.
Оның мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында вакциналау жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Қазіргі уақытта ауруды алдын алу мақсатында А гепатитіне қарсы 140 балаға екпе егілген.
qazaquni.kz