Б. МОМЫШҰЛЫ: "Қазақ тілінің беделін түсіріп, бүлдіретіндер өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан қуылуы керек"
2018 ж. 14 қаңтар
10867
17
Бауыржан Момышұлының Қазақ ССР Коммунистік партиясының хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жазған хатынан:
Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан, барлық қазақ ұл-қыздары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз, ондай шара қолдануда орысшадан құры қаларлық ешқандай қауіп жоқ. Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіретіндер халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне өте қауіпті зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен сұңғыттары, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді. Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу салт-сана, ел намысы, ер намысы адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.Бауыржан МОМЫШҰЛЫ
15-25.02.1944 жыл. Алматы.
qazaquni.kz