"Астана - мақтанқұмарлық жобасы" деген шетелдік БАҚ-қа жауап берілді
2018 ж. 04 қаңтар
3360
3
Өткен жолы "Financial Times" басылымы Қазақстанның Астанасы жемқорлық пен мақтанқұмарлыққа жол ашатын жоба деген ауандағы мақала жариялаған болатын.
Оған Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов жауап беріпті. Сөйтіп, британ басылымы жазғандай, Қазақстанда, әсіресе Астанада Назарбаев культі жоқ екендігін айтты. Бұл туралы abai.kz хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, "Ел астанасы мақтанқұмарлық жобаға айналғанда" атты мақалада "Қазақстан Астанасы - жемқорлыққа жол ашатын мақтанқұмарлық жоба" деп жазылған.
- Қазақ халқы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге осындай жетістіктерге жеткеніне мақтанады. Ал қала жұрты "культ тұлғаның боданында" деп болжам жасау - Лондонның Парламент алаңында орнатылған Уинстон Черчилльдің ескерткішіне қарап осындай ой түюмен бірдей сандырақ, - деді Ыдырысов мақалаға қатысты.
Айта кетейік, 27 желтоқсанда британ басылымы жариялаған "Мемлекет астанасы мақтанқұмарлық жобасына айналған кезде" деп аталатын мақалада автор Египет президенті Абдел Фаттах әл-Сисидің елдің жаңа әкімшілік астанасын салу туралы ұсыныс жасағанын айтып, оған астанасын ауыстырған бірнеше елдің тәжірибесінен сабақ алуға кеңес берген.