Баянның "БАЯН СҰЛУЫ" енді қайтып КӨРСЕТІЛМЕЙДІ!..
2017 ж. 31 желтоқсан
15869
67
Жаңа жыл қарсаңында, ел тойға айналғанда, қойға айналғандай көрсетіліп жіберген "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" сериалына ел жаппай наразы болып, ақыры Ұлттық арна басшылығы ел пікірінің ескеріліп, ол фильмнің енді қайталанбайтыны туралы түсінік берді. "Теріс пиғыл қалыптастыратын бұл сериалды эфирден алып тастауды талап етеміз!" атты Qazaquni.kz сайтында жарияланған Ашық хатқа бір тәулікте 221 адам қол қойып, 10 мыңға жуық адам оқып, 200-дей пікір жазылып қолдады. Фейсбук желісіндегі фильмге қаптаған қарсы шығушыларды айтпағанда...
Алдымен айтарымыз, елдің бұл сериалға наразы болуы оның жырмен сәйкессіздігінде емес. "Қыз Жібекте " де жетеді жырмен сәйкессіздіктер. Бірақ асыл қазынамыз "Қыз Жібек" жыры қазақ киносына да алтын қазына болып қосылып, жарты ғасырға жуық ел рухын көтеріп келеді
Мәселе – мынада:
1. Басты рөльге -Баян сұлуға "Қыз Жібекке" таңдағандай кастинг арқыды таңдау жүргізілмей, ел көңіліндегі ерекше ажарлы БАЯН СҰЛУ бейнесін көре алмауы. Бұл жерде кінә Баянды ойнаған актрисада емес, Баянда - бас продюсерде! Жауhар жырды экрандауға жауапсыз қарағанында!
2.Кинодағы сөз саптаулар Баян сұлудың аузынан емес, Баян продюсердің аузынан шығып жатқандай жұтаң, қарабайыр, нәрсіз. Актерлердің, белгілі әртістер Тұрсын Құралиев пен Ергенбай Әбуовтен өзге көбісінің сөзінде қалалық акцент бар, дауыстары қойылмаған. Диалогтардың көбісін тыңдап отырсаң, егер -киімдеріне қарамасаң, қазіргі замандағы қалалықтардың сөз саптауы. Қодардың Қозыны қорқытқан түрі : «Айтқанымды істемесең Баянмен мына жігіттердің бәрі бір-бір түнеп шығады»-дейді. Эпостық дастан кейіпкерлерін емес… қазіргі заманғы детектив, экшн-сериал көріп отырған сияқтысың…
3.Қазақтың қасиетті дәстүрлеріне жат көріністер мен Баян Сұлудың аузынан шығатын тұрпайы сөздер, дімкәс диалогтар қаптап жүргені Ашық xатта ашық жазылды.
Біздің сайт поштасына келіп жатқан көптеген сындардың басым көпшілігі жастар болғандықтан "жастарға ұнады" деп біржақты қабылдау да келіңкіремейді. Ұнаса, ұлттық ұғымнан алыс, асфальтта өскендерге ұнаған шығар... Ең басты қателік, Ұлттық арнаың ұлттық жауhар қазынамызды ұлттық ұғымнан жұрдай үштікке: Бас продюсер - сценарист - режиссерге беріп, олар өз бойларынан артық секіре алмауында.
Жалпы айтқанда, Ұлттық арна басшысы Ерлан Қарин мырзаның ел пікіріне құлақ асып, бір қорытындыға келуін құптаймыз. "Ал орын алған түрлі қателіктерді алдын алу үшін біз аутсорсинг компаниялармен жұмыс жасау тәртібін өзгертетін боламыз, оны жақында келісіп қойғанбыз, сосын телехикаяларды қабылдау бойынша көркемдік кеңестің жұмысын да қолға алмақпыз. Біз сіздердің барлық пікірлеріңізді ескерудеміз. Болашақта да көрермендер мен мамандардың талаптарына сай өнім дайындауға ұмтылатын боламыз. Ең бастысы, алдағы уақытта одан да қызықты және сапасы жоғары туындылар күтіп тұрғанын айта кетейін. Атап айтқанда, қазақ зиялыларының Азаттық үшін күресі мен өмірін бейнелейтін 14 бөлімді «Тарзаман» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Оны алдағы жылдың басында Сіздерге ұсынатын боламыз. "-деп жазды ол фейсбук парақшасында.
Ал "Тарзаманды" тағатсыздана күтіп отырмыз. Алдын ала көріп алған ба, өткенде Алаштың 100 жылдығы туралы жиында Дулат Исабеков осы фильмге қатты риза болып, мақтап отырды.
Жаңа жыл жақсылықтар жылы болсын!
Ит жылы итше ырылдаспайтын, ит басына іркіт төгілген молшылық жылы болсын!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz
http://www.qazaquni.kz/2017/12/29/79860.html