БАЯНҒА БАЯН СҰЛУДЫ ҚОРЛАТУҒА БОЛМАЙДЫ!
2017 ж. 31 желтоқсан
5449
19
Əрбір пендеге бұйырған өз дəуірі болады екен. Біздің балалық шағымыз ел ішінде көненің сөзі мен ғұрыпын, əдебі мен сыйластығын ұрпақтарына аманаттауды басты парызы санайтын аузы дуалы, көкіректері көмбе, небір даңғыл ойлы ата-əжелердің көзін көріп, əңгіме, жыр, ертегілерін естумен өтті. Өз отбасымызда да анам Күлəнда Бөкешова "Қыз-Жібек", "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу" дастандарын бізге жаздың ұзақ түндерінде айтып беретін. Жəне əрқайсын жырлап отырып, операдағы жеке ария сынды əр кейіпкерді өзгешелендіріп, мақамын да бөлек айтатын. Сондықтан естіп өскен жырлардың киноға айналуына деген біздің қызығушылығымыз сұрапыл еді. Алғаш 'Қыз Жібек" экрандалғанда фильмде дастандағы небір əсерлі, қуатты тұстардың сыймай қалғанына өкініп те қалғанбыз. Дегенмен Қыз Жібек фильмі лиро-эпостың ауқымын толық бермесе де, киносы өте жақсы шықты. Əйтпесе, жырдағы Төлегеннің Жібекті көргенше кезігетін "Осы ма деп Қыз Жібек, Базарбайдың Төлегені жетіп келді қасына" деп 11 қыздың көшін артқа тастап барып Жібектің анасы- бəйбішеге келгенде қалай суреттейтін? 11 қыздан ажары асқан Жібектің тапқан шешесі дейтін көш салтанатының өзі неге тұратын еді.
Үлкен дүниелердің экрандалуы, оның үстіне сценаристер мен режиссердің де өз трактовкасы болатынын білгендіктен, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" фильмінен тың тыныс көретін шығармыз деген ой келген. Хош. Сонымен фильм басталды. Бала күнгі қиялыңда қалыптасқан ақылды, сұлу Баян, үр қызын сипатымен жолда қалдырар ару Баянды көрмекке телевизорға үңілдік. Баяғыда Жібек түсірілерде кастинг жүргізіліп, небір сұлулардың сараптан өтіп, ішінен Меруерттің қалай таңдалғанын оқып өстік емес пе, ал жаңа фильмде Баян рөліне кастинг мүлде болмағанға ұқсайды. Жарайды деп көңілдегі олқылығымызды ысырып тастап фильм көруді жалғастырдық. ...Қарабайдың алдында ұзын шапандарына сүрінген мауыздай 3 еркек ойбайлап жатыр. Отардан 5-6 қой ұрланыпты. Кəріне мінген бай үшеуін де ұрып-соғып, тауып орны толтырылмаса ақысын өндіретінін айтып сабап жатыр. О заманда, бұ заман бір отар қойды 3 адам бағып, қой алдырғанын кім естіген? Ал осы жерде Баян əкесіне сөйлейді. "Өздері өлейін деп жүрген жалаңаяқ кедейдің қай малын алмақсың?" Бойжеткен қыздың əкесіне емес, мыңғыртып мал айдатқан бай баласына ойын өктем жеткізетін бір елдің анасы- үлкен ақыл иесі бəйбішенің, оралымды ойына маңындағы жұрттың тыныштығы бірінші оралғанда шеше ғана көп көзінше тіліп айтар сөз. Баянның сөзі деп тыңдай алмайсың. Ол аздай "ұрыларды артынан қуып, тартып алу керек" деп өңмеңдеп, əкесін тыңдамай атқа қонып, тасырлап, жолындағысын жапырып, үлкен-кішіні жасына қарап айырмайтын, ат төсімен кімді де болса қағар есерлеу, əкесіне түйеден түскендей қатты сөйлеген бейəдеп Баян мен жырдағы Баян арасын салыстыра ойлаудың өзі күнəдай. Үйге кірген Қарабай (Тұрсын Құралиев) бəйбішесіне қызының ұят қылығын айтып Баянды Қодарға беретінін жеткізеді. Қалай дейсіз ғой. "Қызыңды байға беремін, байы жөндеп алсын, ұрын келсін деп хабар айттым," дейді. Ал керек болса. Мұндайды естіп, көріп пе едіңіз? Құдай-ау сценарийде не жазылса да, ойламсыз, дəстүр мен салт-санадан жұрдай жас актер айтса, қайтсін, жастар біле ме дер едік, ал мұнда Тұрсын Құралиевтің кешегі Ыдырыс, марқұм қос Əнуарлардың, көзі тірі Сəбит Оразбаевты көрген үлкен аға əртістің аузынан шыққанын естідік. Əрбір сөзден жан түршігеді. Дастанда соншама дүниеқоңыз Қарабайдың аузынан 4-5 қой емес, бар жылқысынан айрылғанда ең дөрекі шығатын сөзі " Бақайғырды алып қайт, Ақ Баянды беріп қайт" еді, ал мына Қарабай байға беремін, бетімен кеткен қызыңды байы жөндесін, ұрын келсін деп қарап тұр. Дəстүрде ұрын келу, əкенің тікелей қатысуынсыз, күйеудің жеңгелерге сөз салып, ол енесіне жеткізе алмай қиналып барып, анасы əкесіне мақұлдатуға ризашылық алуға еңбектеніп, өлдім-талдым дегенде күйеу жігіт ұрын келуге əзер қолы жетпеуші ме еді. Жəне ұрын келген күйеу үлкен үй көрмей отаудан ғана кететін болған. Ұрынның бір аты жасырын, айттырып қойған адамын алмас бұрын бір көрмекке ынтыққандағы əрекет. Енді Баян отауындағы құрбысы Талшын екеуі арасындағы əңгіме. Баян төсекте шалқадан түсіп, екі аяқты айқастырып қойып жатыр. Ойбуй, құртты-ау, мыналар қазақ қызының дəл осылай жатпайтынын, жатуға болмайды деген тиымның барлығын мүлде естімеген бе? "-Эх, Баян!", дейді құрбысы. Құдай-ау тура, "эх" деп бастайды ғой. Бұл сөз саптас ештеңе емес, сүлейі артында, Баянның Қодарға тигісі келмейтінін жеткізуі тіптен сұрапыл. "Қодарға тимеймін, əке-шешем өзі тиіп алсын" дейді. Ал тапа тал түсте ұрын келген Қодардың едіреңдеп қыз əкесімен сөйлесуін, одан ұрын келіп отырып қыз отауына басып кіруін қай ғұрыпқа жатқызарыңды білмейсің ғой. Бұлай ұлттық дəстүрді мансұқтауға қалай жол берілген, ұлттық арнадағылардың көзі жоқ па, əлде бəрінен мақұрым пенделер ме? Қазақ ғұрыпын соншама масқаралауға, елдің санасына затсыздықты егуге қалай жол берген деп аласұрдым.
Жойдасыз жүгенсіздікті масқара етіп көрсететін, болмағанда "Қыз Жібек" фильміндегідей қазақтың шұрайлы тілі жоқ, небір кестесі келістіре көрсетілген ұлттық ғұрып, дəстүрі жоқ, қайта ғасырлардан бері тыйып келе жатқан дүниелерді одырайтып, қызды шалқасынан түсірген мұндай фильмнің зиянды екенін ұққан жөн. Осылай да халықтық қазына,Ұлттық жауһар - аңыз Баян, ақ Баянды қорлауға бола ма?! Менің ойымша фильмді түсіруге о бастан сценаристің де, режиссердің де, жалпы жауапты адамдардың ішкі дайындығының деңгейі өте төмен болған. Дəстүрден, тарихтан, ғұрыптан хабары аз, қайнарынан қанып ішпеген адамдар қолынан шыққан өнім екені көзге ұрады. Мəселен, тіпті бір ұрын келудің өзін қалай көрсетуге болар еді. Əр ұлт өз мəдениеті мен дəстүрін сақтап, соның ең бір ұрымтал тұсын əдемілеп көрсете білу арқылы көрерменге сонау заманда осындай мəдениет, кісілік қарым-қатынасы болған мынау қандай биік халық еді дегізер еді. Керісінше фильмді түсірушілер ұлттық дəстүрлерді аяққа таптаған, байлығының мəуесі үзіліп тұрған құнарлы тілімізді қолдан жұтатып, экранға батыр орнына-қарақшыны, ару Баян орнына əшейін парықсыз қызды шығарған.
Бұл көркем фильм емес, ұлт жауһарына жасалған көпе-көрінеу қиянат!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ
Qazaquni.kz