Абаев қазақ сайттарының негізгі міндеттерін атады
2017 ж. 20 желтоқсан
2797
13
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, қазіргі теxнологиялық заманда бәсекелестікке төтеп беріп, ақпарат кеңістігінен лайықты орын алу үшін қазақ тілді интернет ресурстарына бірнеше маңызды мәселені шешу керек, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, контентке қатысты көзқарасты өзгерту керек. Қазіргі кезде ақпараттың мазмұнын қалыптастыруға қолданушылар тікелей ықпал ете бастады. Өкінішке қарай, осының салдарынан сенсацияның соңына түскен сайттар жеткілікті. Әрине, бұл ретте аудиторияны ұдайы зерттеп, әр оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие, сондай-ақ журналистік этика тұрғысынан қарау қажет деп ойлаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желіден басты айырмашылығы да, артықшылығы да осы», — деді Д.Абаев бүгін қазақ сайттары редакторларының форумында.
Министрдің айтуынша, келесі жылы ауылдық жерде тұратын 2 млн-нан астам адамға сапалы интернет тарту жұмыстары басталады. Аталған шаралар екі жылда аяқталады деген жоспар бар. Ал 2022 жылға дейін Қазақстанның барлық ауылдарында жылдам интернет болады.
«Оларға қандай контент ұсынуға болады? Міне, осы мәселені сайттарымыз қазірден бастап зерттеп, контенттік саясатты жолға қоя алса, қолданушылардың бірнеше есеге артатыны сөзсіз. Енді, өздеріңіз жақсы білесіздер, ауылды жерлерде, көбінесе, қазақ тілді бауырларымыз тұрады. Олар алдымен Сіздердің сайттарыңызға келеді, Сіздердің басты тұтынушыларыңыз болады», — деп атап көрсетті Д.Абаев.
Екінші мәселе, ел мүддесі сынға түскенде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары алдынғы қатардан табылса да, ұлттық мүдденің жалаң ұранмен алмасып кету жағдайлары аз емес. Аталған әрекеттер, көп жағдайда, арандатушылық сипатта көрініс беруде.
«Мәселен, Астанадағы Әбу-Даби Плаза оқиғасын алайық, біз Ішкі істер министрлігімен бірге зерттеу жүргіздік. Сол күні әлеуметтік желіде жұрттың намысына тиіп, жанжалдарға шақырған «патриоттық» пікірлердің Астанадан жазылмағанын көрдік. Осындай тасада отырып, тас ату әдеті белең алып тұрғаны жасырын емес. Жазғандардың көбісі басқа қалалардан астаналықтарға неге отырсыңдар, қырып жоймасыңдар ма деп, ұрандатып кетті», — дейді министр Абаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа медианың қарым-қатынасын тереңдету керек. Бұл — үшінші мәселе. Себебі бүгінде әлеуметтік медианың басымдығы жайында жиі айтылады.
Алайда соңғы зерттеулерге сәйкес, теледидар сияқты дәстүрді бұқаралалық ақпарат құралдарының ықпалы фэйсбуктен үш есе артық. Сондықтан дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың мүмкіндіктерін шебер ұштастыра білген жөн.