ӘЛІПБИ АКАДЕМИКТЕРІМІЗДІ АЛАҢДАТУДА. Елбасыға Ашық хат.
2017 ж. 19 желтоқсан
3454
17
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.НАЗАРБАЕВҚА
Ашық хат
Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалаңыз зиялы қауым арасында зор серпіліс тудырды, ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін қалың қауымға ұғындырып, осыны қалай жүзеге асырудың бағыт-бағдарын да айқын көрсетіп бердіңіз. Бүкіл Қазақстан халқы, әсіресе, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты нақты шешіміңізді бірауыздан қолдап, ерекше ықыласымен қабылдады. Сіз ата-бабаларымыз армандаған ұлт мұратына қол жеткізіп, ұлттық кодты сақтаудың жолын айқындап бердіңіз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Әліпби ауыстыру салақ қарауға болмайтын салмақты мәселе екендігі белгілі. Әліпбиін латын қаріпіне осыдан бір ғасыр бұрын ауыстырған Түркия елінің өзі де жазуын бірнеше жылдар бойы өзгертіп, жетілдіргені өзіңізге мәлім. Сол сияқты өзбек ағайындардың латын әліпбиіне көшуіндегі қиындықтарынан да қалың жұрт хабардар. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Әліпби туралы «Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйренуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы» деп ұлағатты пікір айтқан екен. Осыған байланысты өзіңізге тіліміз бен ұлтымыздың тағдыршешті мәселелеріне саналатын мынадай ұсыныстарымызды жолдап отырмыз: Біріншіден, жаңа латын әліпбиінің көзшалым үшін ауыр, оқырманның түсінуіне, жазылымға аса қиын болғандықтан халық арасында көп сынға ұшырап жатқанын Сізден қалай жасырамыз?! Мысалы: апостроф таңбасының мәтінде жиі қолданылуынан, сөз тұрқы екі есеге жуық ұзарады(Azi'my't tusbag'dar tu'sіnіgі jergіlіktі jerdіn' planyn jasay' u's'іn tіkus'aq, spy'tni'k arqyly tu'sіrіlіp, topografi'i'ada, ty'ri'zmde, avi'atsi'i'ada qoldanylady– Жаратылыстану оқулығы, 5-сынып); - апостроф қолданылған әріптен кейін босаралық қалатындықтан, бүтін тұлғалы сөз бен қосымша арасы алшақтап, бүтін сөзді бірден тануда біршама қиындықтар туады (Кaspi'i' ten'izi;Ko’ksetay’on’iri ); - апострофтың мәтінде жиі кездесуі оқуды және қолмен жазуды, компьютердегі мәтінтерімді баяулатады. Жоғары оқу орындарында жүргізілген эксперимент нәтижесінде 100 сөзден тұратын мәтінде 75 апостроф қолданылғаны анықталған. - қазақ тіліне енген интернационал сөздердің орфографиясы өзгереді де, кей реттерде түсіп қалған апостроф текстологиялық қателіктерге жол беруі мүмкін, қазақ тілін цифрлы технологияда қолдануда, ғылыми техника терминдерін жазуда қиындықтар туындайды. Қазақ тілінде транскрипция арқылы өзгеріссіз жазылатын шетел сөздерін латын әліпбиіне көшірген жағдайда оларды бірден тану қиындай түседі (училище - y's'i'li's’e; бюджет – by’djet; топография - topografi'i'a; хирург - hi'ry'rk). Мәселен, корпорация – қазіргі норма; латын әліпбиі бойынша - karpаrasi'a; ағылшын тілінде – corporation – оқылуы – корпорейшн); - компьютер терімінде тыныс белгілеріне байланысты әркелкі шұбалаңқы сипат пайда болады (“Аbai’’’ журналы), күрделі мәтінтану бағдарламаларында апостроф танылмауы мүмкін, компьютер терімінде вирустық шабуылдар кезінде апостроф тез өшіп қалады, сканерде, көшірме құжаттарда бәсең көрінеді. Екіншіден, Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі дыбыстар (ә, і, ң, ғ, ө, ү, ұ, қ, һ) үшін ерекше таңбалануды сақтап қалған жөн. Бұл әріптер-бір дыбыс-бір әріппен берілетін қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне негізделіп, тіліміздің ұлттық негізінің сақталуының айғағы. Ғылыми негізі осы 9 әріпті толық сақтап жасалған 29-шы жылы қабылданған латын графикасының тәжірибесін «толық» пайдаланғанымыз ұтымды болар еді. Үшіншіден, осындай кедергілерді аңғарып, ертеңін ойлаған кейбір қазақ ата-аналар «әліпби жетілдірілгенге дейін баламызды орыстілді мектептерде оқытқанымыз жөн болар ма екен» деген ниетте. Төртіншіден, латын әліпбиіне көшудегі басты мақсаттың бірі – ағылшын тілін үйренуді жеңілдету және жеделтету. Қазір қазақ тілінің сөздік қорында шетел сөздері көбейіп келеді – бұл жаһандық құрмаласудың әсері. Олар жаңа таңбалармен қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес берілетін болса, үштұғырлы тіл саясатының іске асуы сәтсіздіктерге ұрынуы мүмкін деген қауіп бар. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біріншіден, осы тілге қатысты маңызды реформаны жүзеге асыруда ұлттың бүгіні ғана емес, ұзақмерзімді болашағы, сол ұлттан өсіп-өнген ұрпақтарының тағдыры, жалпы Қазақстан деген Ұлы Отанымыздың, мемлекетіміздің даму келешегі алдында қасқайып тұрып, ұялмай жауап бере алатындай болуымыз керек. Екіншіден, осы тұрғыда бұл мәселеге ғалымдардың, әсіресе гуманитарлық ғылымдар саласындағы әліпби мәселесімен ғылыми тұрғыда айналысып келе жатқан тілтанушылардың тікелей араласуын және әліпби жобасын білікті мамандардың талқысынан өткізуге мүмкіндік беруіңізді сұраймыз. Бұл тек қана Өзіңіздің идеяңызды биік деңгейде түсінетін зиялы қауым өкілдерінің ғана емес, сонымен бірге қалың қазақ халқының да пікірі десек, қателеспейміз. Себебі біздер, өзіміздің кәсіби міндетімізге қоса, халық пікірін үнемі саралап, олардың жанайқайын жеткізіп отыруды азаматтық парызымыз деп санаймыз. Академик, ғалымдар: Рәбиға СЫЗДЫҚ – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері; Әбдуәли ҚАЙДАР – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Оразалы СӘБДЕН – Қазақстан ғылымдар қауымдастығының Төрағасы, академик, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Аманжол ҚОШАНОВ – экономист ғалым. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА академигі. ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері; Совет-Хан ҒАББАСОВ– медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты; Айгүл ІСІМАҚОВА – филология ғылымының докторы, профессор; Айман АЛДАШЕВА – филология ғылымының докторы, профессор; Элеонора СУЛЕЙМЕНОВА – филология ғылымының докторы, профессор; Әбдіғаппар БӨЛЕКБАЙ – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор; Орынай ЖҰБАЕВА – филология ғылымының докторы, профессор; Бижомарт ҚАПАЛБЕК – «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты. Ашық хатқа бәрінің қолдары қойылған. qazaquni.kz