Н.Назарбаев: ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМЫЗ
2017 ж. 15 желтоқсан
3190
1
Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.
Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн астында қыраны қалықтаған туымыз мемлекеттігіміздің үзілмей жалғасып жатқандығының айғағы.
Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік.
Екіншіден, бізге мұраға қалған ата қонысымыз жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез-келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық.
Үшіншіден, екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң – кем болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.
Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қазақстандық жолды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы Ішкі Өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.
Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.
Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын – оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін жағдайдың қиындығына қарамастан тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандастарымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қатысты дүние жүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.
qazaquni.kz