Алаштың 100 жылдығына арналған Жалпыұлттық Байқаудың қорытындысы шықты
2017 ж. 13 желтоқсан
3812
1
2017 жылдың 9 желтоқсанында Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының Алаштың 100 жылдығына арналған биылғы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытындыларын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясының белсенділері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны құттықтау сөзбен «Ақ жол» партиясының төрағасы, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашты.
«Біз Алаш қайраткерлерінің идеяларын насихаттап, көпке тарату бағытын темірқазық етіп алып, Алаш аманатын адалдық таныту жолынан айныған емеспіз. «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауы биыл 5-ші рет өткізілгелі отыр. Ғылым жолына түскен жастарды қолдауға бағытталған жаңашыл бастама қазірдің өзінде «Ақ жолдың» мегажобасына айналып, өзін ақтады. Бес жылда қаншама жас ғалымның есімі анықталып, ғылыми ортаға танылды. «Ақ жол» тұсауын кескен жас ғалымдар ғылым мен әдебиет, мәдениет саласында табыстарға қол жеткізіп, көпке танылуда. Олар қазір еліміздегі маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, түрлі басылымдарда жемісті еңбек етуде», - деді ол өз сөзінде.
Байқауды «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы жүргізді. Құрамына: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы; осы университеттің профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп, "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры, елімізге белгілі Әлихантанушы ғалым, PhD Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп; Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов кірген.
Қазылар алқасы төрт номинация бойынша өткен Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
Нәтижесінде 1-ші «Конституциялық реформа және Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектеріндегі мемлекеттік құрылыс, демократиялық құндылықтар мәселелері» номинациясы бойынша «Алаш Орда идеясы – Қазақ мемлекеттілігінің төлқұжаты» тақырыбында баяндама жасаған «Қазконтент» АҚ журналисі, әлеуметтік ғылымдар магистрі Алтынбек Құмырзақұлы; 2-ші: «Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту» номинациясы бойынша «Алаш қозғалысының әлеуметтік-экономикалық ұстанымдарының бүгінгі қазақстандық қоғамдағы өзектілігі және үндестігі» атты тақырыппен баяндама жасаған Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының «Бұқар жырау жаршысы» газетінің тілшісі, әлеуметтік ғылымдар магистрі Назерке Мадиярқызы Әбікеева; 3-ші: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің жұмыстарындағы қазақ қоғамының рухани-мәдени жаңғыруы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы медицинаны дамытушы Алаш қайраткерлері» тақырыбында баяндама жасаған Түркияда Стамбұл қаласының университетінде білім алып жүрген отандасымыз Бектөре Мансұров және 4-ші «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша «Алаш қозғалысы тарихындағы ЕСЕП – елін сүйген ерлер партиясының мәні мен маңызы» тақырыбымен өз жұмысын қорғаған ІІМ Қарағанды академиясының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жағыпар Әділет Бауыржанұлы «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының жеңімпаздары атанып, 300 мың теңгеден сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ тиісті номинациялар бойынша екінші және үшінші орындарды иемденген алматылықтар: Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының докторанты Арман Әубәкір, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнология факультетінің 4-ші курс студенті Айнұр Қамза; Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, тарих магистрі Шагимолдин Ержан Өмірханұлы, Австрия астанасы Вена университетінің студенті Төлеубаева Иляйлим Серікқызы, Қостанай қаласы № 115 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, тарих мамандығы бойынша педагогика ғылымының магистрі Дастан Мұратұлы, сондай-ақ, талдықорғандықтар: «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің журналисі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті 1-ші курс магистранты Шынар Жеңісқызы мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Тұнғатар Қуаныш Абайбекұлылар өздеріне тиісті 200 мың және 100 мың көлеміндегі сыйақылармен марапатталды.
Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Байқау лауреаты» төсбелгі және дипломдармен марапатталды. Байқауға қатысқан 12 үміткердің барлығының дерлік Алаш идеялары мен ұстанымдарының өміршеңдігін, оның бүгінгі таңда да өзектілігін дәлелдеп, негіздеуге тырысқан ғылыми ізденістері тыңдаушылардың көңілінен шықты.
Сонымен қатар, байқау барысында Алаш мұрасын насихаттауда белсенділік көрсетіп жүрген бір топ ғалымдарға, суретші, журналист, ұстаз т.б. мамандық иелеріне «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институымен бірлесе отырып, Алаштың 100 жылдығының құрметіне шығарылған мерекелік естелік медал табыс етілді.