«АЛАШ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
2017 ж. 08 желтоқсан
4268
2
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде бұдан алты ай бұрын жарияланған дүбірлі жыр-додасының қорытындысы шығарылды.
Мүшәйра аруақты ата-бабаларымыз аманат еткен ұлы жолға бүкіл өмірлерін сарп етіп, сол жолда мерт болған ұлы арыстарымыз рухына арналды. Олардың осыдан тура жүз жыл бұрын биік елдік мұраттар құрған «Алаш» қоғалысы мен Алашорда автономиялық үкіметінің мерейтойы құрметіне бағытталды.
Осынау айтулы іс-шараның мақсаты – Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің негізі болып табылатын алғашқы саяси «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі арыстарына тарихи баға беру; жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулитын Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын Қазақ тарихындағы қалдырған ізі зор қайраткер тұлғалардың ерен еңбектерін жырлау; рухани жаңғырудағы ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау болатын.
Алаш атын ардақтаған Халықаралық мүшәйраға елімізбен бірге Қытай, Моңғолия елдерінен де ақындар қатысып, барлығы 127 ақынның жыры талқыға түсті. Бұл жырларды елімізге белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы таразылап, талқыдан өткізді. Бір қызығы, Алашқа арналған мүшәйра сарашыларының – төрағасы көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлынан бастап, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, саңлақ сыншы Бақыт Сарбалаұлы қостап, барлығы да Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаттары екен.
Салтанатты кешке осынау мәдени іске тікелей мұрындық болған «Ақ жол» партиясының серкелері мен белгілі ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сондай-ақ бұқара көпшілік, студент жастар жиналды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев:
– «Алаш» партиясы – Қазақ хандығы құлағаннан кейін ХХ ғасыр басында тұңғыш рет тек қазақтарға байланысты емес, жалпы Орталық Азиядағы пайда болған ересен ірі саяси ұйым еді. Міне, осыдан беріде білдей бір ғасыр уақыт өткен екен. Бұл, расында да, ерекше тарихи дата. Сондықтан, таяуда Бейжіңде өткен зор форумға қатысып қайтқан біз сондағы 120 мемлекеттен жиналған 700-дей делегатты айтулы датамен құттықтадық. Әлбетте, осынау мерекемен сіздерді де құттықтаймын!
Әлихан Бөкейханұлы бастаған «Алаш» қозғалысы, Алашорда автономиялық үкіметі құрамында білікті ғалымдар, математиктер, экономиканы, мемлекеттік басқару ісін жіті түсінетін, әлеуметтік саланы жақсы білетін адамдармен бірге мәдениет қайраткерлері де болды.
Бұдан бір апта бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының ортақ депутаттық сауалы ретінде Үкіметке арнайы ұсыныс жасадық. Онда «Алаш» партиясына қатысты шаруа осы жүз жылдықпен шектеліп қалмауы туралы мәселе көтерілді. Мысалы, біз Алаштың бас ақыны ретінде саналатын Мағжан Жұмабаев оқуларын жыл сайын өткізіп отыру қажет деп есептейміз. Және оны Петропавл қаласында өткізгеніміз жөн деп санаймыз. Бұл бағытта басқа да бастамалар көтерілуі қажет. Яғни, Алаштың мағынасы еліміздің көгіндегі Темірқазықтай халыққа жол көрсетіп, бағыт сілтеп 100 жыл емес, 1000 жыл.. мәңгілік жасай беруі керек деп ойлаймыз.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы мүддеге келсек, біздіңше, ол осындай істерден басталуға тиісті. Осыдан жүз жыл бұрын құрбан болған, ұмытылған Алаш арыстарының атын қайта тірілтіп, жарыққа шығарып, тек қазақ халқына емес, шетел оқырмандарына да кеңінен таныстыру керек. Ал мына ақын-жазушыларымыздың еңбектері, мынандай мүшәйралар осы іске лайықты үлес қосатындығы анық. Сол себептен, игілікті істің басы-қасында жүрген Қазыбек Иса мен өзге де қаламгер бауырларыма ризалығымды білдіргім келеді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса:
– Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Баяғыда, осыдан жиырма алты жыл бұрын Тәуелсіздік алған сәтте бүкіл ата-бабаларымыз аңсаған осы күнді көрдік пе, көрмедік пе деп едік. Сол секілді, міне, ел Тәуелсіздігі жолында қан мен тер төккен тұңғыш ұлттық Үкімет, алғашқы «Алаш» партиясының құрылғанына да жүз жыл толды. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы жарты жылдан бері Қазақ еліне ғана емес, көршілес Қытай, Моңғолия мемлекеттеріне сауын айтып, Халықаралық мүшәйра өткізіп отыр. Дүбірлі жыр-додасына 127 өлең келіп түсіпті, дені сүйекті дүниелер екен. Бұл жолы біз басымдықты көбінесе поэмаларға бердік.
«Ақ жол» партиясының Алашқа сіңірген еңбегі аз емес. Негізі, «Алаш» аты Тәуелсіз Қазақстан Парламентінде бірінші рет 2012 жылы 7-қазанда айтылды. Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстар бастаған қастерлі есімдер «Ақ жол» партиясының дептутаттық сауалында сөз болды. Бұдан соң «Алаштың» 95 жылдығын бүкіл мемлекет болып атап өту туралы ұран тастадық. Өкінішке қарай, ол «жетім қыздың» тойындай болып өтті. «Ақ жол» партиясы тек әрбір облыстағы өз филиалдары арқылы тойлады. Ал 100 жылдыққа да біз депутаттық сауал жасадық. Әлихан Бөкейханұлының мерейтойын да ЮНЕСКО бойынша атап өтуге ұсыныс жасаған да бізбіз. Ұлттық банктің Әлиханға арнап монета шығаруына ұйытқы болдық. Мұның барлығы да «Ақ жолдың» Алашқа, Қазақ елі Тәуелсіздігіне арнаған зор еңбегі деп білеміз. Оның алдында Қазақ хандығының 550 жылдығы үлкен көлемде аталып өтті. Сондай-ақ, ол мерекеге арнап медаль шығардық. Сол кезеңде дәл осы залда көптеген жақсылар мен жайсаңдарды марапаттаған едік. Бұл жолы да «Алаштың 100 жылдығы» атты медаль мен төсбелгі шығарып отырмыз. Ол қазір жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ақындарымызға тапсырылады.
Өздеріңіз де хабардар боларсыздар, кешелері ғана Бейжіңде дүниежүзінде тұңғыш рет әлемдік саяси көшбасшыларының форумына қатысып қайттық. Онда «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екі күндік жиында екі мәрте мінберге көтерілді. Екінші күні ағылшын тілінде «Алаш» партиясы туралы, оның көсемі Әлихан Бөкейханұлы туралы толғамды баяндама жасады.
Енді бір айта кететін нәрсе – біз күн тәртібіне байланып қалмай, бүкіл қазақтың, әсіресе, оралман бауырларымыздың аманаттарын орындап, Қытай билігіне, атап айтқанда, Қытайдың Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары (біздіңше, Сыртқы істер министрінің орынбасары дәрежесінде) Шэн Бэйли ханымға Қытайдағы қамауда отырған 112 қандасымыздың тағдыры туралы хат тапсырдық. Ол бұл жағдайды анықтап, Шыңжан өлкесі басшыларына нақты тапсырма беруге уәде етті. Бұл «Ақ жол» партиясы үшін ғана емес, бүкіл Алаш жұртының алдындағы зор жетістік деуге болады.
Ал ақындар мүшәйрасына оралсақ, қастерлі ұлттық мүдде жолындағы дүбірлі жыр додасына қатысушы «Ақ жолдың» ақбоз тұлпары секілді шайырларымыз әрдайым мәреден көріне беруін тілейміз.
Бақыт Сарбалаұлы, сыншы:
– «Алаш» деген қасиетті сөз. Мұны халқымыздың екінші аты деуімізге болады. «Алаштың» 100 жылдығы жасасын! «Ақ жол» партиясының әрдайым жолы ақ болып, ұлтымызды рухани жаңғырта берсін. Ақын-жазушыларымыз қастерлі елдік мүдде жолында лайықты тер төгуіне тілектеспін.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Ақжолдық азаматтарға, ұйым серкесі Азат Перуашев пен Қазыбек Исаға Алланың атынан, Қытай еліндегі үш миллион қазақтың атынан рахмет айтқым келеді. (Олардың саны сонау 1986 жылы 1 млн. 200 мың еді. Қазір, мөлшермен, осынша өскені анық). Өздеріңіз жақсы білесіздер, олардың көпшілігі қазір сонда қатты қысым көріп, рухани сорлап жатыр. Ал біздің мұндағы халық ол қандастарымыздың мүшкіл халін біле отырып, үндемейді. «Зиялы» деген қауымымыз отандастары қан жұтып жатқанда неге тып-тыныш отыр?!. Ай мен күннің аманында, төрткүл дүние Тәуелсіз Қазақ Елін таныған кезде мұндай сұмдыққа кім шыдайды! Ал мына ақжолдық екі бауырымыз сондағы билікке қандастарымыздың жағдайын баяндап, ондай қысымды доғаруды сұрап хат табыстап келіп отыр. Бұл – үлкен ерлік! Сол себептен, бұларға нұр жаусын дегім келеді. Істеріңіз әрдайым оңға бассын! Алаш елі үнемі ауыз бірлікте болып, мәңгі жасасын!
***
Сонымен, Халықаралық жыр мүшәйрасында білікті қазылар алқасының шешімі бойынша берілген жүлделер:
Абай атындағы Бас жүлде – ақын Исраил Сапарбай. (700 000 теңге)
Әлихан Бөкейхан атындағы Бірінші орын – ақын Серік Ақсұңқарұлы. (500 000 теңге)
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Екінші орын – Сайлау Байбосын. (300 000 теңге)
Ақтамберді атындағы Үшінші орын – ақын Аманғазы Кәріпжан. (200 000 теңге)
Мұстафа Шоқай атындағы Үшінші орын – ақын Ғалым Қалибекұлы. (200 000 теңге)
Міржақып Дулатұлы атындағы Үшінші орын – ақын Жүкел Хамай. (200 000 теңге)
Мағжан Жұмабайұлы атындағы Үшінші орын – ақын Әбубәкір Қайран. (200 000 теңге)
Сұлтанбек Қожанұлы атындағы арнаулы жүлде – Байыт Қабанұлы. (100 000 теңге)
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнаулы жүлде – ақын Мақпал Мыса. (100 000 теңге)
Шәкәрім атындағы арнаулы жүлде – ақын Көбен Асқарұлы (Қытай. Алтай). (100 000 теңге)
Мұхтар Әуезов атындағы арнаулы жүлде – ақын Айжарық Әбілқасым. (100 000 теңге)
Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы арнаулы жүлде – ақын Болат Үсенбай. (100 000 теңге)
Жұмабек Тәшенов атындағы «Қазақ үні» газетінің арнаулы жүлдесі – Батырхан Сәрсенхан. (100 000 теңге)
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен қатар «Алаш» партиясының символы мәнерленген арнайы төсбелгімен марапатталды. Жүлдені Серік Тұрғынбекұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Сарбалаұлы.Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Құл-Керім Елемес, Ботагөз Уатхан, Сұлтан Хан Аққұлы, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат сынды танымал тұлғалар тапсырды.
Айтулы іс-шараны ұйымдастырушылар мүшәйраның демеушілері – Алматы Көпір құрастыру зауытына, Алматы Ауыр машина жасау зауытына, «Алагеум-электрик» компаниясына және Қазақстан Жазушылар одағына алғыс айтты.
Мүшәйралық марапаттау кешін белгілі ақын Әлібек Шегебай жүргізді.
qazaquni.kz
- арман сқабылұлы
- Сайлау Байбосын
- «АЛАШ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ
- Құл-Керім Елемес
- Ғалым Жайлыбай
- Ақ жол партиясы
- Ботагөз Уатхан
- Бақыт САРБАЛАҰЛЫ
- Әлібек Шегебай
- Ұлықбек Есдәулет
- Қазыбек Иса
- Алаш
- Серік Тұрғынбекұлы
- Исраил Сапарбай
- Серік Жанболат
- Сұлтан Хан Аққұлы
- Серік Ақсұңқарұлы
- Азат Перуашев