Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі тағайындалды
2017 ж. 08 желтоқсан
3005
9
Алматыда Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайы өтіп жатыр. Жиын барысында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жаңа Бас мүфтиі сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
Құрылтайға қатысушы 300-ден астам делегат Серікбай қажы Оразұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Жаңа Бас мүфти 4 жыл, яғни 2018-2022 жылдар аралығында қызмет атқаратын болады. Сондай-ақ Бас мүфти орынбасарлары лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы, Алау Əділбаев, Бауыржан Есмаханов сайланды.
“Маған көмекші болу əсте оңай еді. Бірақ таңдау солай болса, мен бұл міндетті атқаруға дайынмын”, – деді Серікбай қажы Оразұлы.
Құрылтай жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген құрылтай делегаттары қатысуда.
Қазақстанның бұрынғы Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы өзі қызмет атқарған 2013-2017 жылдар аралығында іске асырылған жұмыстар жөнінде есеп берді.