Асанәлі Әшімов: Бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге көрсетілген құрмет!
2017 ж. 01 желтоқсан
4003
22
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Асанәлі Әшімовтың айтуынша, бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге көрсетілген құрмет.
- Алматыдағы ең ірі көшелердің бірі – Фурмановқа Елбасы аты беріліпті. Бәрекелді! Бұл жаңалыққа риясыз қуандым. Бұл ұсынысты қала тұрғындарының көптен бері айтып жүргендігінен де хабардар болатынмын.
Алматы қаласында екі мыңға жуық көше бар дегенді естігенім бар еді. Көбісі бұрын кеңестік саясатқа байланысты түрліше аталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғымызды түгендеп, жыртығымызды жамай бастаған тұста көше атауларын қазақшаландыру ісіне де «бәрекелді» дескен қазақтың бірімін. Ал Фурманов деген – орыс жазушысы, революционер, Чапаевтың 25-атқыштар дивизиясының комиссары болған адам. Сондықтан ол біз үшін ешкім емес.
Кезінде астана мәртебесі Алматыдан Елордаға көшкенімен, мәдениеттің киелі ордасы болып саналатын алып шаһардың осы күнге дейін шыққан биігі бір аласарған емес. Оны бәріміз көріп-біліп, бағамдап жүрміз. Керісінше, Алматы күннен-күнге қанатын кеңге жайып, дамып, алып іскерлік орталығына айналып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде Алматы ең ірі Орталық Азиялық мегаполис сапында тұр. Мұның бәрі, сөз жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Кешегі аяғын тәй-тәй басқан жас Қазақстанды аз уақыттың ішінде бүкіл жаһанға танытқан Нұрекең туралы бүгін қалай айтсақ та жарасады, барлық қалыпқа сыйып тұр. Ұлт Көшбасшысын кешегі елім деп өткен Алаш арыстарының арманын жүзеге асырған жаңа келбеттегі қазақ елінің негізін қалаған тұлға десек те қателеспейміз. Меніңше, бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге көрсетілген құрмет.
Әрине, біздің де абыз ақсақалдың айтқанына алып қосарымыз жоқ. qazaquni.kz