Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді
2017 ж. 30 қараша
2070
12
Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
VI шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатының сессиясында ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия мен қалалық ономастикалық комиссия тұрғындардың көптеген өтінішін ескере отырып, Алматыдағы Фурманов көшесіне ҚР Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы шешім қабылдады.
Сессия барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек ономастикалық комиссия назарына атауы қайталанатын 112 көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс берілер кезде ҮЕҰ, қоғамдық ұйымдар, жастар, зиялы қауым өкілдерінен Фурманов көшесінің атауын Назарбаев даңғылы етіп өзгерту туралы өтініш көп түскенін айтты.
«Биыл Астананың 20 жылдығын тойлап жатырмыз. Егер тарихқа үңілсек, Елбасының сол кездегі Астананы көшіру туралы шешімі қаншалықты дана шешім болғанын түсінеміз. Еуразия жүрегіне айналған Астананың дамуынан бөлек, Алматының дамуына да бұл үлкен серпін берді. Бұл тарихи шешімнің маңызы жүргізілген экономикалық реформалармен одан әрі арта түсті. Бүгінде Алматы - аймақтық магнит, Орта Азияның ірі қалаларының бірі», - деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, Елбасының қолдауының арқасында жүргізілген жүйелі экономикалық реформалардың нәтижесінде қала экономикасы 100 есе, ШОБ субьектілері саны 130 есе артты.
1990 жылдардың басында Алматы ЖІӨ-нің 1/9 бөлігін қамтамасыз ететін. Ал қазір бұл көрсеткіш 1/5-ке жетті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Конституция, Ұлттық валюта, Қарулы күш жасағын құру, мемлекеттік рәміздерді бекіту, Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімдерді қабылдағаны белгілі. Сондықтан, мұндай ұсыныс Алматыда жасалғаны тегін емес», - деді ол.
Айта кету керек, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімі алғаш рет 10 жыл бұрын Иордан корольдігінің Амман қаласында және Шешен Республикасының Грозный қаласындағы көшеге берілген болатын.
Сондай-ақ, Елбасы атындағы көшелер Түркиядағы бірнеше қалада, Татарстандағы Қазан қаласында да бар.
Қалалық мәслихат депутаты, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Зиятдин Қасановтың пікірінше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының арқасында Қазақстан халықаралық дәрежедегі танымал елге айналды.
«Елбасы Н.Назарбаевтың абыройының арқасында Қазақстан халықаралық дағдарыстарды шешуде басты рөл атқаратын елге, сенімді серіктеске айналды. Сондай-ақ, ол кісі әлемдік дәрежедегі ядролық қарудан бас тартуға ұсыныс жасаған, әлемді ядролық қарудан арылтуға еңбек еткен бірден-бір тұлға. Мен әріптестерімнің пікіріне қосыламын. Бүгінгі Фурманов көшесінің атауын беру туралы шешім - дер кезінде әрі дұрыс қабылданған шешім», - деді ол.