Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Қош бол, Қара Шал!
2017 ж. 27 қараша
2825
3
Төлеужар Ибраһим рухына
Уай, Қара Шал, Біресе, ашып тастап өлең аңқыған Түнге есік, Біресе, көңілімізден Күн көшіп, Біресе – пенделерге мінгесіп, Періштелермен үндесіп, біресе, Тірлік етіп келдік, соңыңнан құбыла ілесе. Тұрмыз енді алтын сүйегіңді күзетіп. Мұндайда, Барша қызықтан Бір тамшы көз жасы ауыр, мың есе!
Өмір дегенің – көлеңкесіндей ғана жұмақтың.
Ұзағанда, – бір-ақ күн.
Сол, бір-ақ күннің мыңжылдық тауқыметіне
Сен секілді өте алады шыдап кім!
Алыс та болса Алашыңа тілеген мұрат тым,
Абайдың жұпар жырымен Дала балбалдарын да жылаттың!..
Міне,
Қара Күз бізге қапалы қар-көзімен де қарайды.
Мұңайған мұз-көзімен де қарайды.
Әлі талай да талай өкінерміз, жарайды.
Сен, сірә, Құдаймен келісіп,
Іздеп кеттің-ау Ибраһим-Абайды!..
Жамандықта болмас ымыра.
Уақыт – ғайып зымыран.
Үйренсек едік,
Өзіңдей
Көненің дана...лығынан!..
Арттағыға сенен де сөз қалды,
Аузыңнан көркем бұрқырап ақылыңдағы шұғылаң!
Иә, Қара Шал,
Жақсының көкірегіндегі қиял – бай,
Басынан жасыл ну қаулатқан бұландай!..
Жаныңды нұрға бөлемеп едік тіріңде.
Тәніңді гүлге бөлеп қойдық, ұялмай...
Енді,
Жарқын бейнең ғана – жұбаныш,
Жадымызға жазып қалдырған дұғаңдай.
Қош бол, Қара Шал!
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
25. 11. 2017.