ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫ ОЙЫНШЫҚ ПА?
2017 ж. 25 қараша
2223
3
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның дерегінше, Қазақстанда 14 мыңнан астам әйел мен 1 мыңнан естам еркек бедеулігіне байланысты диспансерлік есепке алынған екен. Жалпы елімізде отбасылардың 15 пайызы бедеулікке ұшырағанын да лауазымды ханым мәлім етті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көзқарасы бойынша некедегі мұндай бедеулік көрсеткіші көңіл бөлуге тұрарлық проблема болып саналатын көрінеді. Өйткені, бұл деңгей демографиялық көрсеткішке кері әсерін тигізері бесенеден белгілі. Аталмыш отбасылардың 15 пайызы деп отырғанымыз –демографиялық өсімге үлес қосуға мүмкіндігі бар жастағылар. Өкініштісі – ұрпақ өрбітуге қабілеттері жоқ. Неліктен?
Еліміздің Ата заңы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп ашылады. Керемет! Өзіңнің адам болып жаратылғаныңды, осындай Ата заңның барын біліп көңілің босайды. Бұл – заңымызда ғана. Шынайы тіршілікке назарың түссе, бәрі де мүлде бөлек секілді. Еліміздегі аудан, облыс орталықтары, ірілі-ұсақты қалалар түгелдей базарларға айналдырылған. Берісі қырғыз, өзбек ағайындардан бастап, арысы қытай, түрік, өзге де Еуропа елдерінің тауарларына лық толы. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдан астам уақытта біз солардың сатушысына айналып кеткендейміз. Сауда жасап, нәпақа тапқанда тұрған не бар деріңізді білемін. Мәселе саудада емес, сол саудалардың қандай орындарда болып жатқандығында. Жарайды, ештеңе де өндірмей-ақ қояйық. Ширек ғасыр бойы саудамен де күн көріп келдік қой, өле қоймаспыз. Әйтсе де сол сауда жасап жүрген базарларымызды өркениеттілеу етуге кім кедергі жасап жатыр? Шілденің ыстығында шыжғырылып, қыстың аязында бүрсең қаққан саудагерлердің жайын ойлауға неліктен мойнымыз жар бермей келеді? Үкіметіміз бүгінде базарда тұрып тауар сататындардың барлығына да міндеттеп, «ИП» аштыртып қойған. Осы жеке кәсіпкерлер есебінен мемлекетке салық төлейді, яғни кіріс кіргізіп отыр. Одан да бөлек базар қожайындарына тұрған орны үшін төлейтін жалақысын, күзетшіге, аула сыпырушысына төлейтіндерін қоссаң, қомақты сома болып шыға келеді. Алайда, бұлар салық ретінде орынға, басқа да қызметтерге ақша төлеп отыр ғой, обал болар, жағдайын жасайық дейтін өкімет, базар егесі жоқ. Осылайша елді басқарған шенділер мен қолына қарға тышқан базар егелері халықтың біраз бөлігін ауру-сырқаулы етуге мәжбүр. Ойланбайды да.
Шындығын айтсақ, жоғарыдағы бедеулікке шалдыққан 15 пайыздық отбасыларды құрап отырғандар да базардан нәпақа табамыз деп жанұшырғандар. Олар базарға еріккендерінен барған жоқ. Күнкөріс қамы еріксіз сол жұмыстарға жекті. Солардың арқасында мемлекетке, базар қожайындарына белгілі көлемде қаржы түсті. Әйтсе де олардың бұл жақсылықтарын ескерейік дейтін жан баласы табылар емес. Ойлаудың орнына қампайған қалтасындағыны оңды-солды шашып жырғап жүр. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адамдардың тағдырын ойыншыққа айналдырып алған. Бұл қашанға дейін жалғаса бермек?
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ
qazaquni.kz