Аңдамай сөйлеген Атамбаев қырғызға жақсылық әкелмейді
2017 ж. 13 қараша
3836
33
Қырғызстанның жаңа президенті Жээнбеков алдағы уақытта қандай саясат ұстанады? Атамбаевтың қолтығынан шыға ала ма? Осындай өзекті мәселені informburo.kz порталы көтерген екен.
Порталдың хабарлауынша, танымал қырғыз саясаткерлері Жээнбеков "Атамбаевтің қамытынан шыға алмай қала ма"деп алаңдауда. Оған да негіз жоқ емес.
Біріншіден, Жээнбеков өзін ұсынған Социал-демократиялық партияның басшылығын қайырып тастап, тәуелсіз билік жүргізуге жігерсіз болуы мүмкін.
Екіншіден, Атамбаев жай орында қалмайтыны белгілі. Жээнбеков премьер-министрлікке Атамбаевты ұсынуы мүмкін. Ондай жағдай орын алса, президент болған Жээнбековтің тағы биік болғанымен командасы күшті Атамбаевтың алдында ырықсыздыққа түсіп қалады.
Бұл жағдайда қырғыз елі тағы да алты жыл Атамбаевтің басқаруында болады деген сөз.
Жээнбеко ең алдымен, Атамбевтың қолтығынан шығуы керек, - деп санайды мақала авторы.
Екіншіден, Өмірбек Текебаев бастаған саяси тұтқындарды босатып, халықтың қолдауын алуы керек. Яғни, Атамбаевқа да, Текебаев, Бабанов бастаған саясаткерлерге де ыңғайлы дипломатиялық саясат қолдануы тиіс. Олай болмаған жағдайда, халық наразылығы барған сайын күшейеді.
Үшіншіден, халық талап етіп отырған Азаматтық бақылауды енгізіп, Парламенттік биліктің мүмкіндігін арттыруы керек. Мұндай жағдайда Жээнбеков халықтың сеніміне ие болып, алдағы қызметтерін жүзеге асыруға мықты команда топтай алады.
Төртіншіден, "Аңдамай сөйлейтін дипломатия" қырғызға жақсылық әкелмейді. "Көрші қақысы – Тәңір қақысы" деген бағытты ұстанып, елмен жауласудың орнына достасу жағын қарастырғаны абзал.
Бесіншіден, шет елдегі қырғыз диаспорасы Қырғызстанға үнемі ақша жібере бермейді. Олар сол елдерде азаматтық алады, біржола қалады. Мұндай жағдайда ішкі экономикада айналымға түсетін қаржы азаяды. Сондықтан, жеңіл және орта кәсіпкерлікті қолдауды мықтап қолға алу керек. Қауіпсіз инвестиция тартудың арнайы менеджментін орнатулары тиіс.
Алтыншы, туризм – Қырғыз елінің ең үлкен байлық көзі. Оны жүйелеп, қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы мемлекеттің бюджеттік қорын толықтыруға мүмкіндік зор.
Жетіншіден, Текебаевтарды ұмытып, Бабановтармен соттасумен басталатын президенттік міндет – Жиенбековтің тағдырын сорға байлайды. Қазірдің өзінде халықтың наразылығы өршіп келе жатқанын ескерген дұрыс.
Қырғызстанда халық тығыз қоныстанған. Бұл осыған дейін бірнеше рет дәлелденгендей – наразы халықтың тез топтасып, артын тағы революцияға ұластырып, билікті қаңғыртып жіберуіне өте қолайлы. Сондықтан, халықпен ойнамауы керек.