АЙТАХАНОВ АКАДЕМИЯСЫ
2017 ж. 07 қараша
6220
3
Қуаныш Айтаханов – сан қырлы адам. Биліктің жетістігімен қатар кемшілігін де бетің бар, жүзің бар демей ашық айтады. Айтып қана қоя салмайды, сол кемшіліктің қолынан келгенін өзі шырылдап жүгіріп жүріп түзетеді. «Республикалық басшылар келсе жаманымызды жасырғанша, қайта соларымызды көрсетіп, «жөндеуге өз күшіміз келмей жатыр, көмек беріңіздер» деуіміз керек қой» дейді. Және оның бұл қасиеті сол өзі алғаш қызметке тұрған кеңес дәуірінен-ақ жарқырап көрінді. Сондықтан бұл кісі өзі бастан кешкен екі қоғам алдында да перзенттік парызы мен азаматық қарызын барыша молынан өтеген адам.
Ең бастысы - Қалекең о бастан жасампаз болып жаратылған жан. Міне, осы жасампаздықтан барып оның Арыс қаласынан Монтайтасқа жол салу, Ақсукенттегі орталық алаңды қайта жаңғырту секілді ешқандай үкімет пен партия тапсырмаған міндеттерді өз еркімен мойнына артып алатын, артып аламын деп сау басына сақина сатып алатын қасиеті туындайды. Айтахановтың бойындағы осы және басқа да іскерлік және адамшылық қасиеттер ол Оңтүстік Қазақстан облысында 6 ауданда басшы, облыс әкімінің орынбасары, соңғы 12 жыл Парламент Сенатының депутаты болып қызмет атқарған кезде молынан жарқырап көрінді.
Созақ ауданына Қуаныш Айтаханов әкім болып барған тұста ол қиыр шеттегі қыңыр мінезді ақын Жарылқасын Боранбайды аудандық газетке әкеліп басшы етіп қояды. Сол азулы ақынның: «Біз бес жыл ішінде «Айтаханов академиясын» бітіріп шыққанбыз» деген сөзі бар. Ендеше, осы сөздің астарына үңіліп көрейік.
1. АЙТАХАНОВ ЖӘНЕ ІС ҚАҒАЗЫ
...Облыс әкімінің аудан жұртшылығына құттықтау сөзін жазу керек болды. Айтаханов аудандық Оқу бөлімінің бастығы Байтан Шоқақовты шақырып алды. Бір күнге рұқсат сұрады ол. Мұғалімдерді, журналистерді жиып алды. Жазып шықты. Таңертең тоғызда алып кірді. Әкім оқи бастады да сызып-сызып тастады, ары қарай оқыған жоқ, «жарамайды мынауың» деп қайтарып берді. Әкелді, түзеді, Айтахановтың ойын тапқандай болды бәрі. Тағы алып кірді. Әкім түзетілген жерге тоқталмады, «дұрыс, тауыпсың» деді, бірақ ары қарай оқи бастады да тағы сызып-сызып Байтанның алдына тастады. Несі дұрыс емес, айтпады. Не керек, бір бет қана жазуды жеті(!) рет жөндетіп, кешкі сағат беске бес минут қалғанда ғана «болады» деді.
Және жаңа ғана Арқаның қаңтардағы аязынан бетер қарып кетердей қаһарланып, қабағынан қар жауып отырған Айтаханов сөз мәтіні көңілінен шыққан сәтте жадырап сала бермесі бар ма? Мына көрініс Байтанға қара бұлттың астынан жарқ етіп күн көрініп, нұрын шашып жібергеннен кем әсер еткен жоқ. «Әкіміміз нағыз әртіс екен ғой» деген бір ой санасының түкпірінен қылаң ете қалғандай болды. Ашуланса шын ашуланып, қапаланса шын қапалану, ал сүйінсе, қуанса әлгі қапалықты, ашуды сол мезетте ұмытып кетіп, шын сүйініп, шын қуана білу Айтахановтың бойындағы табиғи мінез екеніне Байтанның көзі бірте-бірте, кейін жетті...
Көрдіңіз бе, әкім «мына-мына мәселелер қамтылсын» деп бірден айтса болар еді ғой, жоқ олай етпейді, әр сөзге, әр ойға өзінің миымен жетсін деп әдейі айтпай отыр. Адам нәтижеге білімін, өзінің ақылын іске қосу, терін төгу арқылы жеткенде ғана оның санасында із қалмай ма? Ол сонда ғана бірнәрсеге үйренбей ме? Айтаханов ерінбеді, жалықпады, алдына жеті рет кіргізуге алтыннан қымбат уақытын қиды. Бірақ, дегеніне жетті ғой, нәтиже сол еңбекке татыды – Байтан сол бір реттің өзінен көп нәрсені түсініп, түйсініп шықты! Кішкене ғана құттықтау сөзге де осынша мән беруі арқылы ешқандай істі майда-шүйде деп қарамай, барынша кең тұрғыдан қамтып, тереңнен тарту керектігін көңілге түйіп шықты. Ал, оның Айтахановтың деңгейінің қаншалықты биіктігіне тәнті болып шыққандығы жайлы сөз қозғамай-ақ қояйық...
...Ленин (қазіргі Қазығұрт) ауданындағы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Оңалбай Үсіпбеков те, бас агроном Сайран Еділов те өте сауатты, екеуі де ел басқарған тәжірибелі мамандар еді. Олар өз саласы бойынша сараптама жасайды, басқарма бастығы Балтақара Оразов оны төрағаға алып кіреді. Ол әлгінің бәрін шұқшиып отырып әр санына дейін тексеріп шығады. Айтахановтың қағаз көңілінен шықпаған кезде өзі отыра қалып оны ерінбей түзейтіні, есіл уақытын қор қылып өзі жазып отыратыны Балтекеңді таң қалдыратын. Бір күні шыдамай осы ойын бастығына айтты да:
- Қалеке, біздің басқармада жаза алатын мамандар, құдайға шүкір, жеткілікті. Неге түзетіп, толықтырып әкел деп соларға бермейсіз? Неге өзіңіз жазасыз?
-Балтеке! – деді төраға. – Оқығанда адамның жады ғана жұмыс істейді, ақпарат сонда қалады. Ал, жазғанда жадың жұмыс істейді, қолың жұмыс істейді, көзің жұмыс істейді. Ендеше, өз қолыңмен ұстап, өз көзіңмен көріп, өз басыңмен ойланып жазған кезде мыйдағы жұмыс үш есе қайталанады ғой!
Бұл сөз Балтақараның есінде енді қайтып шықпастай болып жатталып қалды...
Айтахановтың басқа басшылардан артықшылығы – бір де бір мәселенің қаралмай қалмауын, ұмытылып кетпеуін және міндетті түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі. Айтаханов орындалуы мүмкін емес тапсырма бермейді! Рас, қиналасыз, ақ тер, қара тер боласыз, бойыңыздағы бар біліміңізді, ақылыңызды, жігеріңізді іске жегесіз, кейді тіпті әкімнің нені талап етіп отырғанын табуға тырысасыз, табасыз, уақытпен санаспайсыз, әне, сол кезде сіз тапсырманы орындап шығасыз. Содан барасыз да о баста орындалуы мүмкін емес болып көрінген, әсіресе осыншама қысқа мерзімде орындалуы мүмкін емес көрінген ауыр тасты қалайша аударып тастағаныңызға өзіңіз бір жағынан таң қалып, екінші жағынан сіз де «ай да Пушкин, ай да сукин сын!» деп өзіңізге өзіңіз ырза болып алақаныңызды ысқылап отырасыз. Жарты жыл, бір жылдың ішінде сіз де бәйгеге жаратылған құр аттай «жау қайдалап» тұратын боласыз...
«Хат жаздың ба, хатыңа аяқ бітетін болсын». Айтахановтың бұл сөзі де мәтелге айналып кетті. «Ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі қалмасын ол хаттың. Ол хат қайда барды, кімге барып тоқтады, соның бәрін қадағала. Әйтпесе, шаң басып бір шенеуніктің үстелінің тартпасында жатып қалады» Қалекең қарамағындағыларға осылай үйрететін...
Қалекең баяндама дайындауға өте үлкен мән беретін. «Баяндамадағы әрбір артық сөз - өзің ілінетін қармақ» дейтін ол кісі.
2. АЙТАХАНОВТЫҢ ТӘРБИЕСІ
Айтаханов барлық мәселеге мән беріп қарайды. Қандай мәселе болсын! Бұл оның ізденімпаздығынан келіп туады. Ол өмірдегі барлық нәрсені білгісі келіп тұрады. Білгісі келіп қоя салу бар да, іздену бар ғой, Айтаханов тынбай ізденеді. Өзің мән беріп отырған мәселені шешу үшін, сол мәселемен айналысатын мамандармен терезең тең болып, одан да дұрысы олардан деңгейің жоғары болу үшін алдымен оның мән-мағынасын өзің терең зерттеп, соның арқасында толық түсініп, ұғына біліп алуың керек емес пе? Осы зерттеу Айтахановқа алдында кім отырсын мейлі, агроном бола ма, құрылысшы бола ма, қаржыгер бола ма, мәселені сол адамның өзінен артық біліп отыруға мүмкіндік береді. Білгеннен кейін аямай талап етеді. Олай еді, бұлай еді деп, білмейтін басшыларға айтатын өтірікті айтып құтылып кете алмайсың. Мақтаның әр түбінде орта есеппен қанша көсек болады, ол көсектің салмағы суды қанып ішкен болса қанша грамм, судан қағылған болса қанша грамм тартады, жүгерінің қай сортында орта есеппен қанша собық бар, олардың салмағы қанша, бәрін біледі. Арендатор қанша гектардан қанша шығын шығарып, қанша кіріс кіргізіп, жылдың соңында мынанша пайдамен шығу керек дейді. Экономистке барып есептетсең ол да соны айтады...
Мектепте, институтта емтихан үстінде «мұғалім осы сұрақты қоймаса екен» деп отыратын көңіл-күй жағдайы әр адамның басынан өткен шығар. Білімпаз Айтаханов та сіздің ең бір нәзік, ең бір жанды жеріңізден ұстап алады. Сөйтеді де «жолдас, сен осы істің маманысың ғой, бұл сенің жеп отырған наның ғой, неге сен наныңды адал жегің келмейді?» деген сияқты сөздермен тірідей ірегенде бір апта бойын сең соққан балықтай есеңгіреп жүресің.
Ондайда нақты бір уәжің болса сәл де болсын ақталып көруге мүмкіндік бар. Ал, ол жоқ па, онда үндемей құтыл. Иә нәтиже бер, иә сылтау айтпай тыныш отыр...
Қалекеңнің істің орындалу барысындағы талабы барынша қатты болатын да, іс орындалмай немесе тиісті дәрежеде орындалмай қалған жағдайда қолданатын шарасы жұмсақ болып келетін. Бірақ, істің орындалмай қалуы деген ілу де бір кездесуші еді, мүмкін содан шығар. Сосын кейбір басшылар кекшіл болады ғой, Қалекең ондай емес еді. Сенің жарқ еткен бір жақсы ісіңді көрсе балаша қуанып, өткеннің бәрін ұмытып кететін.
Балтақара Оразов тәжірибелі басшы ретінде басқармадағы, тіпті аупартком мен ауаткомдағы мамандарға ескерту жасаушы еді:
-Сендер Айтахановты жек көресіңдер. Себебі, ол жұмыс талап етеді. Өз шалағайлықтарыңды жөндеудің орнына кінәні басқадан іздейсіңдер. Ал, адам боламын, өсемін десеңдер өкпелеудің орнына ертерек Айтахановтың талабынан шығуға тырысыңдар, Айтахановша жұмыс істеп үйреніңдер! Осыдан тірі болып жүрсек әлі-ақ естірміз, бүгін жек көргенмен кейін рахмет айтатын боласың бәрің!
Дуалы ауыз азаматтың айтқаны айнымай келгенін өмір сансыз рет дәлелдеді.
Кезінде оның ұрысқанына ренжігендер кейін Айтахановтың атын есіне ризашылықпен алып жүретін болды. Олар бүгін оның сол аса қатаң талабын, сол басқару тәсілін, сол қамқорлығын қазір аңсайды. Мамандардың білімін, біліктілігін арттыруда, олардың жауапкершілігін арттыруда Қалекеңнің ұстаздық еңбегі ұшан-теңіз. Осыны Айтахановтың «диірменінен» өткендердің барлығы білді. Түсінді. Бағалады.
Көп жыл мектеп директоры, ауылдық кеңес төрағасы, Отырар ауданы әкімінің орынбасары, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы болып істеген марқұм Жақсыбек Асылбеков әсіресе Қалекеңнің тәрбие беру ісіне тәнті болушы еді. «Айтахановтың тәрбие сағаты жыл он екі ай бойы, күні-түні жүретін. Жұмыстан кейін қонаққа бардық дейік. Сол арада ішімізден біреу оғаш сөз айтып қалса, ия ағат тірлік істеп қойса, Қалекең соны да құр жібермейтін. Былай қарасаңыз, айтпай-ақ қоюына да болады ғой? Көп адам Қалекеңді осынысы үшін де ұнатпай жатады, ал мен өз басым жақсы көретінмін. Неге? Себебі, бетің бар, жүзің бар демей айтатын ел ішінде бір адам болу керек қой. Айтылмаса ол адам қалай түзеледі? Бәріміз жақсатты болғымыз келеді, ешкімнің көңілін қалдырғымыз келмейді, ал, сонда кемшілігін айтпағанымыз сол адамға деген шын жанашырлығымыз ба? Жоқ, ол жанашырлық емес! Бізді сынай алатын, және орынды сынай алатын адамдар арамызда болғанда ғана қоғамымыз алға басады. Ал, біз бірімізді біріміз мақтаудан ары аспасақ, ара қатынасымызды ешкіммен бұзғымыз келмесе, ешкімнің көңіліне тигіміз келмесе қазақ халқы кері кетпесе ілгері баспайтыны хақ».
Қалекең қызметкерлеріне осылайша түк қалдырмай үйретті. Онымен жұмыс істеу қиын. Өте қиын. Бірақ, қызық. Қызықтан да жоғары. Ләззат аласың. Рахат сезімге бөленесің. Ойыңның тереңдеп, өреңнің биіктеп, деңгейіңнің өсіп, көкжиегің кеңейіп, жан-жақты дамып келе жатқаныңды өзің байқап отырған соң қалай ләззат алып, қалай рахаттанбайсың? Ең бастысы, бұл кісінің саған берер бағасы әділ. Әділ болған соң бар кінә өзімнен екен ғой деп, солай екеніне көзің жетіп, әкімге жөндеп өкпелей де алмайсың. Бар өкпе-ренішің «неге сонша қатты айтады және жұрттың көзінше айтады, сыпайылау айтса болмас па еді» дегенге саяды.
Қысқасы, бұл адаммен бірге қызмет істесу маңдайына бұйырған адам – бақытты адам. Жарылқасын Боранбай айтқандай «басыңа қонды сенің бақыт құсы, айрылып қала көрме абайламай!»
3. АЙТАХАНОВ, ХАЛЫҚ ЖӘНЕ НАРЫҚ
...1989 жыл. «Қаланың халқын қайтсем арзан азық-түлікпен қамтамасыз етемін?» деген Қалекең Арыс өзенінің жағасынан 200 гектар жерді бау-бақша үшін бөліп берді. Бұрын огородтық жер ала алған адам айналасына қоразданып қарайтын. Өйткені, жер жоқ болатын. Айтаханов келген соң жоқ нәрсе бар болды, жер табыла кетті. Аудандық газетте «жерді емсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, аудан әкімінің жер алуға, егін салуға шақырған Үндеуі жарық көрді. Газет бетінде тұрақты айдармен не егу керек, өнімді қалай сақтап, қалай ұқсата білу жайында мақалалар үзбей жарияланып тұрды. Кім картопты көп алады, солар аудан басшылығы тарапынан арнайы сыйлықпен марапатталып отырды. Аудандық милицияның бастығы Жанәлі Көкенов бір қап ұрықтан 26 қап алып мақтанып жүргенде, оның қол астындағы мордвин жігіт тура 40 қап өнім алып рекорд жасады. Әрине, осыншама картопты оның бір өзінің отбасы он жыл жеп тауыса алмасы белгілі, сондықтан ол артық өнімін егін егуге ерінгендерге қып-қызыл ақшаға сытырлатып сатты. Айтаханов Арыс халқын нарыққа осылайша үйретті. Соның арқасында кейін біз жаңылысып «нарық» атаған, шын мәнінде аяушылық дегенді атымен білмейтін базарлық экономиканың заманы келгенде бұл ауданның халқы онша қиналған жоқ, тез төселіп, оңай бейімделіп кетті.
Қалекең халықты өстіп аштықтан аман алып қалды.
Қалекең кейін осы игі ісін Созақта да қайталады Шолаққорған мен Жеткіншек аулының арасынан бос жатқан 110 гектар жерді халыққа 15-20 сотықтан бөліп берді. Салық салғызған жоқ. Қауыны бар, қарбызы бар, пиязы, сәбізі бар, картобы бар, қаншама үй дастарханын толтырды. 1994 жылы 60 отбасы ғана егін салса, екі жылдан соң бұл көрсеткіш он есе өсті. Ал, аудан бойынша картоп егіп алып отырған үйдің саны 1500-ге жетті.
Кейбір үйлер сол жерден 80 қап картоп алды. Өзінен артылғанын Айтаханов аштырып қойған Шолаққорған-Алматы автобусына салып жібереді, Алматыда оқып жүрген балалары күтіп алады да базарға апарып сатады. Кейін халық тойына бастады. Үйінің қасындағы жерін игеруге ерінетін ел Қалекең секілді мықты тоқпақ кеткен соң ол жаққа барып бейнет еткісі келмеді...
4. ОНЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫ
Әйтсе де өмірге Айтаханов енгізіп, кейін басқа өңірлерге кең тарағаны - «Туған жерге тағзым» акциясы еді. Бұл игі іс бірінші рет «Туған жерге тағзым - ғасырлар тоғысында» деген атпен 2000-жылы 25- мамыр күні Сайрам ауданының барлық орта мектептерінде атап өтілді. Ғасырлар ғана емес, тұтас дәуір тоғысына айналған, мың жылда бір-ақ рет келетін бұндай жиынға мектеп бітірген түлектердің бәрі түгел шақырылды. Кейін жыл сайын «Туған жерге тағзым – онжылдықтар тоғысында» деген атпен өткізіліп тұрды. 2001жылы мектепті 1991жылы, 1981жылы, 1971жылы, 1961жылы, 1951жылы бітіргендер, 2002жылдың 25-мамыр күні 1952жылы, 1962жылы, 1972жылы, 1982жылы, 1992жылы бітіргендер шақырылды. Яғни, әр онжылдық бітіргендер ғана. Туған жерге тағзым акциясы болатын күніне «Сайрам таланттары», кейінірек «Отырар таланттары» фестивалінің жабылу салтанаты сәйкестендірілді.
Бір ғана 2004 жылы өткен осы акцияда 1954-2004 жылғы мектеп түлектері ұшқан ұяларына 3 миллион370 мың теңгеге көмек көрсетті.
Дәл осы тәлімдік мәні аса зор жиынның жас ұрпақ үшін маңызын сөзбен айтып жеткізу қиын. Сөзбен айтқанмен ол адам санасына о баста жобалағандай деңгейде жетпейді де. Сондықтан оны жазғаннан бір рет болса да көзбен көрген дұрыс. Одан да дұрысы сол жиынға қатысқан жандардың бірі болуың.
5. АЙТАХАНОВТЫҢ КІТАП ШЫҒАРУ ӨНЕРІ
...Мысалы, Отырар ұлылар мекені дейміз. Отырар ұлы болса несімен ұлы? Желімен бе, шөлімен бе, тарихи төбеге толы жерімен бе, ұлылықты жалғастырып келе жатқан елімен бе? Ол несімен қызықтырады елді? Қай қасиетімен тартады? Олай болса ұлылар мекенінің тарихын ертеңгі ұрпағымыз толық білуі үшін біз «Шежірелі Отырар» кітабын шығарудан бастаймыз деді Қалекең. Кезінде еліне ересен еңбегі сіңген ерлерін халқымыз білсін. Ақылдастар алқасы, жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы тобы әр ауыл әкімдігінде де құрылды. Қарапайым жұмысшы адам болуы мүмкін, бірақ оның еңбегі ерен бе, ондай адам кітапқа енуі тиіс. Кітапқа ең негізгі деген мағлұматтар ғана кіруі үшін, оның сапасының болмашы деректермен төмендеп кетпес үшін бірнеше семинарлар өткізілді. Әрине, сыймай қалған деректер де болды.
Әдетте жұрт әкім тапсырма береді, мамандар жазады деп ойлайды. Басқа әкімдер жайлы солай шығар, бірақ Айтаханов олай емес. Ол кітапқа арналып жиналған материалдың бәрін алдымен өзі оқып, жүрегінен өткізіп, миынан қорытып шығарады. Енді сол саланың маманы ретінде сізді өзіне шақырады. Сосын қолына қызыл қалам алады да материалдың 80-90 пайызын жарамсыз етіп тастайды. Қарап отырсаңыз, ол кісінің айтқандарының кем дегенде 90 пайызы дұрыс болып шығады. Жалпы, аудан шығарған 6 кітаптың бәрін өзі отырып редакциялады. Алды, қосты, түзеді, қысқартты. «Отырарлықтар жауынгерлік сапта». «Отырар жәдігерлері». «Талантқа тағзым», «Тәушен», «Отырардан шыққан өнер жұлдыздары» деген кітап Қалекеңнің арқасында жарық көрді.
Дәл осы сөздерді Қалекең Созақта жүріп шығарған «Теріскейліктер жауынгерлік сапта» мен «Тарих тұғыры», Сайрамда жүріп шығарған «Сайрамдықтар жауынгерлік сапта» мен үш тілде шыққан екі кітап, бір фотоальбом – «Сайрамда бар сансыз бап», «Шежірелі Сайрам» және «Мәртебелі Сайрам» жөнінде де айтуға болады.
6. ЕСЕП БЕРУ МЕН СЕМИНАР – АЙТАХАНОВ САЛҒАН ІЗ
Ауыл әкімдері мен аудан мекеме басшыларының халық алдында есеп беруі сонау Шардарадан басталды. Бұл - Айтахановтың билік жүйесіне енгізген басты жаңалығы. Еліміздің ақпарат құралдарында соңғы жылдары бұл үрдіс ерекше бір жаңалық секілді болып берілуде, ал уақытынан озып туған Айтаханов оны Шардара мен Қазығұртта әрегідік, ал Арыстан бастап жүйелі түрде жүргізіп отырған болатын. Бұл әдіс әсіресе, ауыл арасы шалғай жатқан Созақ сияқты аудандарда үлкен эффект берді. Халықты алыс жерге әуре еткенше, сол елдің алдына өзіміз барып, мәселені елдің алдында шешпейміз бе деген Айтахановтың ұстанымының өте дұрыс екеніне елдің де, биліктің де көзі жетті.
Бұл ұстаным іс жүзіне қалай асырылып отырды? Мұның өзіндік жүйесі бар. Жалпы, Айтахановта жүйесіз жұмыс болмайтын. Билік әдетте жүйелі түрде, жыл он екі ай бойы жүріп отыруға тиіс жұмысты түрлі фестивальдармен, форумдармен, байқаулармен, басқа да мың-сан сипатты бір мезеттік іс-шаралармен ауыстыруға құмар. Бұлай етілуінің екі себебі бар. Біріншіден, жүйелі жұмыс білім мен біліктілікті, ыждаһаттылықты, тамшылатып ащы тер төгуді қажет етеді. Көп басшының бойынан, өкінішке қарай бұл қасиеттер табыла бермейді. Екінші себебі, жүйелі жұмыста жарқ еткен сыртқы эффекті болмайды. Бір сәттік іс-шара, керісінше дәл осы жылтырақ бейнеге ие. Жылтырақ болғаны себепті оларды алға тартып, жоғары жаққа есеп бергенге жақсы. Тағы бір жұрттың бәрінің іші білетін, бірақ тістен шығарып айтылмайтын себеп бар. Ол – фестиваль, форум, байқаулар арқылы қазынаның қаржысына қорықпай қол сұғуға болатындығы... Әр айдың 1-бейсенбісі – аудан әкімі мен оның орынбасарларының, бөлім және мекеме басшыларының бір ауыл әкімдігінде есеп берер және мәселе шешер күні. Әр айдың 2-сейсенбісі – ауылдық әкімдердің семинар-кеңесі. Әр айдың 3-бейсенбісі – аудан әкімі мен құқық қорғау органдары басшыларының ауылдық әкімдіктерге шығып, тағы да халық алдында есеп берер және мәселе шешер күні.«Осындай кездесулерден кейін ескерілген сын-ескертпе, ұсыныс-пікірлер саралана келе үш топқа бөлінеді:1.Шұғыл шешімді қажет ететіндер.2.Шешуі ұзақ мерзімді керек ететін.3.Шешілмейтін немесе орынсыз пікір. Біріншісінде орындалғаны немесе орындалатын уақыты нақты көрсетілген жауап. Екінші-үшінші жағдайда неге кейін орындалатыны немесе орындалмайтынының себебі дәйектермен, деректермен ашып, айқындалған жауап». Айтаханов осылай дейді.
7. АЙТАХАНОВ - ХАЛЫҚ ҚАМҚОРЫ
Айтахановтың халықтың қамын қалай терең ойлайтынын мына бір мысал өте айқын көрсетке керек. Сайрамда ол петрушка (ақжелкен) егіп жүргендерге картоп еккізді ғой. Картоптың жұмысы көп, ал, петрушканың жұмысы оңай әрі майда тиыннан құралатын пайдасы да мол. Біз сияқты емес, майдалап жауған қардың өндіріп тастайтынын жақсы білетін өзекеңдер оны еккенді де жақсы көреді. Бірақ, картоп петрушкаға қарағанда халыққа қажетірек. «Осыдан артық не істесін ол енді?!» дейді Балтақара ағай.
Қайтсем, халық қиналмайтын болады деп үнемі ізденіс үстінде жүретін жылы жүрек әкім аудандық мекеме, бөлім басшыларын айына бір рет бір ауыл әкімдігіне ертіп барып, мәселе шешіп қайтудың өзін қомсынды. Салық комитеті, су шаруашылығы басшылығы, әділет басқармасының тұрғындарды құжаттандырумен айналысатын бөлімі, жер комитеті, тағы сол сияқты мекемелер өкілдері халықтың мәселесін сол жердің өзінде шешіп қайту үүшін оларды ауылдарға арнайы кестемен жіберіп отырды. Әкім «аудан орталығына халық келмесе болмайтын шаруа болса ғана келсін, басқа жағдайда біз оның алдына барып мәселесін шешіп беріп қайтуымыз керек» дейтін. Әрбір ауыл әкімдігі, әлбетте алдын-ала құлақтандырылады. Аудан әкімі аппаратының басшысы бастаған, үш-төрт жеңіл көлікке мінген мамандар мүмкіндігі болғанынша талап-арыздарды сол жерде қанағатандырады. Қанағаттандыруға ыңғайы келмесе «сіз келесі аптаның немесе айдың мына күні ауданға келіңіз, біз сол күнге бәрін шешіп қоямыз» дейді.
Айтаханов бұнымен де тоқтаған жоқ! Кейбір әкімдіктердегі ауылдардың бір-бірімен қатынас жасауы мына қатігез нарық заманында нағыз азапқа айналғанын көрді де, Отырар ауданында қосымша үш ауыл әкімдігін ашты.
8. АЙТАХАНОВТЫҢ БАСҚАРУ МЕКТЕБІ
Айтахановтың басқару өнерінің қыр-сырын толық әлемдік уран өндірісінің алпауыттарының бірі «Кожемамен» айқасында жарқырап көрінген-ді, енді соған сәл кеңірек тоқтала кетсек.
«Нәтижеге жетудің екі жолы бар» дейді Қалекең. «Бірінші жолы – заңда анық, айқын көрсетілген жолмен. Бұл жерде табандылық керек. Екіншісі – заңда айтылған, бірақ анық, айқын жазылмаған жол. Бұл жерде табандылық көрсету аз, ақыл, айла, амал, білім, шешендік, бәрі керек». Мысалы, мекемені Созақта да тіркеуге болады, Алматыда да болады. Уран өндірушілер жергілікті басшылардан алшақтау болғысы келді. Олар Алматыда тіркеліп, кеңселерін де сонда орналастырғанды дұрыс көрді. Айтаханов, міне, осыған қарсы шықты. «Сен уранды осы жерде өндіріп жатсың ба, жұмысшыларың осында жұмыс істеп жатыр ма, осы жердің экологиясына зиян келтіріп жатырсың ба, ендеше неге осында тіркелгің келмейді?» Әкім сұрақты осылай төтесінен қойды. Өндірісшілердің айтары уәжі болмады. Болмаса да, бой бергілері келмеді. Бұрыннан берісі Алматы, арысы Мәскеуге ғана бағынып, жергілікті басшылықты көзге ілмей үйреніп қалған жандар емес пе, көкірек жібермеді.
«Олай болса біз мәселені басқаша қоятын боламыз, керек болса халықты көтереміз» деді әкім. Ол осы туралы Қазақстандағы атом өндірісін қадағалау құзырына кіретін вице-премьер, Алтайдағы уранды өңдеп, қолданысқа дайын таблеткалар түрінде шетелдерге шығарып сататын Ульба металлургия комбинатының бұрынғы директоры марқұм Виктор Меттенің алдына да мәселе қойды. Метте мәселені шешкен жоқ. Үкімет басшыларына бірнеше рет шығуға тура келді. Қаншама жүйке жұқарды, қаншама алтын уақыт сарып болды. Ауданға ақша осылай келді.
Әрине, бұның бірін де істемей, басшылардың ешқайсысымен де Абай айтамыз айтқандай алыспай-ақ, жақсы атты кісі болып жұмыс істеуге де болады. Сонда сенің денсаулығың да мықты, жоғары жақтағылардың алдында да сенен абыройлы адам жоқ. Бірақ, халықтың жағдайы ол кезде жақсармайды. Сол дұрыс па, жоқ әлде мәселе көтеріп, шешілмесе оны қаттырақ айтып, одан да жоғарырақ отырған адамның алдына барып, ағысқа қарсы жүзген дұрыс па? Таңдау әр басшының өз қолында...Алла-Тағаланың ең үлкен әділдігінің өзі бізге әрбір іс, әрбір қадамымызда таңдау еркін өзімізге беріп қойғанында. Шыңның басына желге, дауылға қарсы ұшып қыран да шығады, кедергі біткенді айналып өтіп, жорғалай жылжып жылан да шығады...
Екінші жолдың шариғат секілді тармағы көп. Әрбір кәсіпорында экологияға байланысты қабылданған бағдарлама болады, оған келтірілген зардаптың орнын толтырып отыруға арнайы қаржы бөлінеді, арнайы есеп-шот болады. Дәлірегі, осылай болуы тиіс. Бұл – мемлекеттің талабы. «Экологиялық кодекстің» талабы. Осы талапты көп кәсіпорын орындай бермейді. Артық шығын шығарғылары келмейді. Ондай шығынның орнына айыппұлын төлеп құтыла салғанды артық көреді. Көп жерде азусыз аудан басшылары солардың ықпалында кетеді.
Тағы бір тармақ – аудан әкімшілігі мен сол аудан аумағында орналасқан өнеркәсіп ошақтарының арасындағы әлеуметтік келісім. «Құрметті кәсіпорын басшысы, сен енді заңда көрсетілген талаптардан басқа осы ел үшін не жақсылық жасай аласың? Сен осы жерден көгеріп, осы жерден табысың көбейіп отыр ғой, ендеше осы елге бір балабақша салып берсең қайтеді? Аурухана салып берсең, жолын жөндеп берсең артық бола ма?»
Бұл енді басшылық өнердің шыңы. Себебі, жүз кәсіпорын басшысының тоқсан тоғызы «экологияның талаптарын орындадық па, орындадық, енді не деп басымды ауыртып отырсыз?» дейді. Және оныкі заң жүзінде жүз пайыз дұрыс! Дұрыс болған соң артық іске табандап баспайды. Олармен сөйлесу керек, уәж айтып иіту, жібіту керек, келіссөз жүргізу керек, тіпті болмаса халықты көтеру керек.
Айтпақшы, халықты көтеру деген оны көшеге шығару, ереуілге шақыру деген сөз емес. Көпшіліктің сыйлайтын адамдары бар емес пе, ақсақалдары, әйелдер мен жастар ұйымдарының төраға, төрайымдары бар емес пе, әне, соларды әкім шақырып алып, әңгіме өткізеді. «Ертең менің шақыруыммен осында пәленше келеді, сонымен кездесу үстінде өздеріңізді толғандырып жүрген мәселенің бәрін айтыңыздар, менің айтқаным бір бөлек, сіздердің айтқандарыңыз бір бөлек»» дейді. Дайындық жұмыстарын жүргізуде Айтаханов Суворовтан асып түспесе, кем түспейді...
Ертеңіне жиналыста бастық есеп беріп болған соң, ақсақалдар бастап, жастар, әйелдер қостап бірталай адам сөзге шығады. Басын батылсыздау бастаса да, бұлар қыза келе басекеңнің екі аяғын бір етікке тыға бастайды. Әкім де туған жердің топырағынан күш алатын Антей тәрізді халқының сөзінен күш алып, арқаланып кетеді. «Көріп отырсыз ба, мен емес, халық айтып отыр, халық! Су, жол, балабақша, мектеп маған керек емес, осы халыққа керек! Қалайша сіз қолыңыздан келіп тұрғанда халықты разы етіп, батасын алудың орнына қапа қылып, наласын арқалап жүре бересіз?» Бұл сөзге де тоқтамаса, көпшілік көмек сұрап арыз жазады. Ол да көмектеспесе кеңес кезінен қалған ізбен ақпарат құралдарына хат жазулары мүмкін... Қысқасы істеймін, нәтиже шығарамын деген адамға жол көп қой. Өйткені, істегісі келген адам жолын іздейді, істегісі келмейтін адам желеу іздейді...
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz