Латынға қатысты қоғамның пікірі ескерілуі керек!
2017 ж. 06 қараша
3526
25
Президенттен пәрмен түсіп, арнайы құрылған комиссия латын гарфикасының нұсқаларын әзірлеуге көшкелі бері, көп жұртқа ұнағаны болмады, рас. Диграф нұсқасына өре түрегеліп назары болғаннан соң, Президенттің қарауына апострофты әліпбиі көрсетілді.
Апострофқа қатысты да түрлі пікірлер айтылуда. Анығында ұзын-ырғасы отыз екі әріптің тоғызын үтірлеп берген комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, Президент жарлыққа қол қойды. Қазақ тілі 2025 жылы латын графикасына толығымен көшеді. Бітті.
Ал әлеуметтік желі қолданушылар мен қоғамның сергек саналы азаматтары үтірі көп әліпбидің бұл нұсқасына көңіл толмайтындығын аңғартты.
Күні кеше ғана Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та өз позициясын білдірді. Оның ойынша ұлттық комиссия қоғамның пікірін ескеруі қажет.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің "Твиттер" желісіндегі жеке парақшасында былай деп жазды:
"Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша мардымды ұсыныстарды ескеруі қажет".
Тоқаевтың "твитін" қоғам белсенділер мен саясаткерлер де қолдап отыр...
Жалпы апострафқа қатысты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырза да өзінің пікірін білдірген болатын.
Ерден Қажыбек:
Осы нұсқа халыққа ыңғайсыздық тудыратын болса, өзгертулер енгізіледі
[caption id="attachment_77068" align="alignleft" width="316"] Ерден Қажыбек[/caption]
-Мәселе латынға өтуде емес. Көп адамдардың ойынша, тілдік реформа - әріп ауыстырумен шектелу деп. Мәселе - қазір рухани жаңғыру деген үлкен бетбұрыс басталды ғой. Бұл төл дүниемізді түгендеу деген сөз. Ал біздің бүкіл руханиятымыздың бел ортасы - тіл. Тіл маңызды форма. Барлығы да тілмен басталады, тілмен аяқталады. Ал қазіргі біздің тіліміздің күйі жақсы емес. Тіл мамандары 20-30 жылдан бері қақсап келеді ғой. Қазіргі тілмен (кирилицамен-ред.) сауатты жазу мүмкін емес, сондықтан тіл бұзып жазу көбейді. Өйткені тілдік заңдылықтарымыз аралас.
Қосарлы таңбамен, қос әріппен жазу менің ұсынысым дегенді Елбасы өзі айтты. Яғни, жаңа дүние іздемей, бар латынмен жазу. Бірақ, латынды қолданатын көп елде бар, дәстүр болып кеткен тәсіл. Бірақ, халыққа ұнамаған соң, Елбасы да өз пікірін түбегейлі өзгертіп, қазір басқа тәсілді қолдандық. Бұл - дәйекше арқылы жазу.
Елбасының айтқан құнды ойы бар. Ол - тілдік реформа жасалып, іске асырылған жағдайда, бірде-бір тұтынушыға қиындық тудырмауы керек деді. Еркін, оңай болуы керек.
Ол үшін не істеу керек? Ол үшін -ғылыми методикалық базасын дұрыстап жасау керек. Және дайындық, сынақ, апробация кезеңін жақсылап өткізу керек.
Нүкте қойылды, жұмыс бітті деп ойлайды көп жұрт. Керісінше, бұл жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Қазір ел жеке дара дыбыстарды, таңбаларды ғана көріп отыр. Әр дыбыс буын құрамында, әр буын сөз құрамында, әр сөз сөйлем құрамында, әр сөйлем мәтін құрамында қалай болады?.. Осының барлығы толық зерттеліп болғаннан кейін ғана қорытынды шығаруға болады.
Бұл бүгін-ертең қабылданайын деп отырған жоқ. Дайындық жұмыстарының өзіне 2-3 жыл уақыт беріп отыр. Тіпті, осы нұсқа халыққа ыңғайсыздық тудыратын болса, әлбетте өзгертулер енгізіледі.
Ерғали Берікұлы
Abai.kz