Берік Әбдіғали: Қазақ ұлтшылдығы мықты болса Павлодар, Петропавл атаулары өзгерер еді
2017 ж. 27 қазан
5094
16
Алаш әскері тарихын зерттеп жүрген ғалым, саясаттанушы, "Қасиетті Қазақстан" орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали қазақ ұлтшылдығы туралы оймақтай ойымен бөлісті. Бұл туралы "Жас Алаш" басылымы жазды.
– Мен үшін қазақ ұлтшылдығы дегеніміз – тәуелсіздігіміздің нығаюы, мемлекетіміздің дамуы және қазақ ұлтының әлемдегі өз орнын табуы. Қарасаңыз, біз тарихтан өз орнымызды әлі айқындай алмай отырмыз. Әркімге жабысып, әсіресе Шыңғыс ханға жабысып, оны қазақ қыламыз деп әуре болып жүрміз. Мәселен, өзбектер Темірланның ұрпақтарымыз дейді. Бүкіл әлем Темірланды біледі. Шыңғыс ханды алсақ, ол тек моңғолдардың ханы емес, Шыңғыс империясының ханы болды ғой. Біз сол империяның бір бөлшегі болдық. Моңғолдар сол империяның қарашаңырағында отырғандықтан, Шыңғыс ханға иелік етіп отыр. Кезінде бізде әл-Фарабиді қазақ қылу мәселесі біраз көтеріліп, орта жолда қалды. Сол процестің неге тоқтап қалғанын білмедім, шындығына келсек, әл-Фараби – Шыңғыс ханнан бір кем емес әлемдік тұлға, ғұлама. Оны Еуропа екінші ұстаз деп мойындаған. Біз болсақ университет пен көшенің атын бердік те, сонымен тоқтадық, не кітап жазбадық, не кино түсірмедік. Мұның бәрі халқымыздың әлемдегі өз орнын табуы үшін қажетті нәрселер.
Біздегі ұлтшылдық өзін-өзі қомсыну, қорашсыну дәрежесінде секілді көрінеді. Егер қазақ ұлтшылдығы мықты болса, Павлодар, Петропавл атаулары өзгерер еді. Ал біз, керісінше, қытай мен қазақ арасындағы аз ұлт – ұйғырға тиісіп, Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесін көтеріп, батыр болып көрінгіміз келеді. Бұл қазақ ұлтшылдығы емес. Мен үшін кім қазақ мүддесін қорғап, мемлекеттің нығаюы жолында қызмет етсе – сол қазақ. Ол орыс, өзбек, ұйғыр, неміс, кәріс бола ма – бәрібір. Мысалы, Головкин, Баландин, Рыпакова қазақтың туын көтеріп, спортта елді әлемге танытып жүр. Сондықтан қазақ ұлтшылдығын этникалық тұрғыда емес, мемлекетшілдік тұрғыда насихаттап, жылжыту керек.
Қазақ ұлтшылдығы қазақтың санымен өлшенбейді. Қазақ 100 пайыз болса да, қазақ мәселесі шешілмесе, бәріміз қазақ тілінде сөйлемесек, одан не пайда?! Мәселе санда емес, сапада. Мысалы, Латвияда жергілікті ұлттың үлесі 40 пайыздай ғана болған кезде олар бәрін латыш тілінде сөйлетті. Сондықтан қазақтың саны өскеннен ұлттық мәселелер өздігінен шешіледі дегенге сенбеймін. Әрине, қазақтың өскені, өнгені жақсы.