Амангелді Айталы: Орыстарға еліктеу - ұлттың дамуына балта шабады
2017 ж. 27 қазан
5096
9
Ақтөбеде өткен Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған конференция кезінде профессор Амангелді Айталы Әлихан Бөкейханның еңбектеріне тоқталды. Онда Айталы Алаш қайраткерінің надандық туралы сөзін мысалға келтірген. Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлады.
«Надан жұрт алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған киімін киеді». Бұл Әлихан Бөкейханның сөзі. Біз, қазақ, сол надан жұртпыз. Орыстың киіп тастаған киімін, батыстың киіп тастаған киімін кию, еліктеу, сөйте тұра тыраштану, басқаның жолымен жүру, өзіңді бұрын қорлаған, отарлаған халықтың мәдениеті мен психологиясына еліктеу, айналып келгенде, ұлттың дамуына балта шабады», — деді Амангелді Айталы.
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан 1919 жылы өз тегін өзгертіп, «ов» жалғауын алып тастады. Отаршыл елді бұрын болмаған жағдай тіркелді. Амангелді Айталы сол күнге қазақ ұрпағының енді қол жеткізгенін айтты.
«Әлихан – ұлттық концепция, қазақ ұлтының негізгі платформасын, болашағын жасаған қайраткер. Менің ойымша, алашқа бір университет қабырғасында емес, облыс, республика деңгейінде ғылыми конференциялар өтуі керек. Біздің айтып жүрген істеріміздің артында Алаш тұр. Әлихан Бөкейхандай лидер болған емес, бүгін де жоқ. Себебі, бұл жерде ол өзінің қара басын ойлаған емес. Шетелге кеткісі келмеді, осы елде қалғасы келді. Бүгінгі жүрегім Қазақстанда, капиталым шетелде жүрген заманда Әлихан Бөкейхан біз үшін бөлек тұлға», — деді Амангелді Айталы.