ҮКІМЕТ 100 ЖЫЛДЫҚҚА ТАРТУ ЕМЕС… ТАЖАЛ СЫЙЛАМАҚ ПА !?.
2017 ж. 26 қазан
7388
41
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевқа
АШЫҚ ХАТ
Аса құрметті де, қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Өзіңіз бастаған, елдің еңсесі мен рухын көтерген Рухани жаңғыру аясында Қазақстандағы қасиетті жерлерді анықтап, сол тарихи мекендерді қадірлеп, сақтау бойынша республика көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай киелі өңірдің бірі - тарихы терең Торғай даласы.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған Алаш қозғалысына биыл 100 жыл толды. Әлем көз тіккен ЭКСПО-ны ерекше жоғары деңгейге көтеріп, дүниежүзілік дүбірлі шараларды өткізуден өнеге көрсетіп жүрген Қазақстан енді осы жалпыұлттық мереке болуға тиіс Алаш мерейтойына көңіл аударатын шығар деп үміттіеніп жүргенде, жағымсыз хабар естіп, жабырқап отырған жайымыз бар.
Алаштың айтулы тойына Үкіметтен лайықты тарту күтіп жүргенде –тажал сыйлағалы жатыр ма деп қауіпке бой алдырып отырмыз.
Бұлай дейтініміз, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туып-өскен жері, қасиетті Торғай өңірінен Ресей полигоны ашылатыны белгілі болды. Ресейге бұрын да талай жерімізді жалға беріп отырған Қазақ үкіметі сынақ жүргізу үшін енді тағы Қостанай облысы Жангелдин ауданынан 76 мың гектар жер бөліп беруге келісім жасауда. Кең байтақ киелі Торғай өңіріне енді Байқоңырдан ұшатын Ресейдің «Союз-2» зымырандарының қатерлі бөліктері құлай беретін болады.
Алаш көсемдерінің туған жері… Алаштың 100 жылдығында Алаштың түбіне жеткен Ресейге полигон үшін жалға берілмек…
Алаш ордасы болған ұлы Абайдың отаны Семейді әлемге әйгілі полигонымен жарты ғасырдай жалмап, Алаштың екінші астанасы Қызылордадағы Байқоңырдың барын сорып, Қорқытың көрін қазып, енді Алаш арыстары туған Торғайдың тоз-тозын шығару Ресей үшін түк те қиын болмай тұр… Бір алаңдатарлығы осы экологиялық қатерлі өңірдің барлығында 100 пайыз қазақтар тұрады…
Бұрын бұған қарсы болып, үкіметке хат жазған ауыл ақсақалдары Жангелдин ауданына жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеге құлап түсіпті… Сонымен бірге полигонның нақ іргесінде орналасқан Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем бөлініп, ауыз су тартылмақ екен.
Үкіметтің жедел жәрдемі – «Жедел жәрдемге» айналып кетпейтініне нық сеніп отыр ма екен ауыл белсенділері?
Ақкөліміз – Ажалкөл, Қарасуымыз – Қандысу болып жүрмей ме?
151 миллион теңге алған ауданның полигонның экологиялық апатынан табатын қасіреті миллиардтармен де өлшене алмай қалмай ма ертең?..
Торғай өңіріне бейбіт мақсатпен бармаған министр Бейбіт Атамқұлов бұған кепілдік бере ала ма? Қасиетті өңірді қорғай алмаған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ертең бұл қатерлі шешімнің сұрауы ауыр болатынын сезер ме екен?
Жер Ресейге 3 жылға жалға беріледі дейді… 1956 жылы Өзбектанға 30 жылға деп берілген жер жәннаты Бостандық ауданы қайда қазір? Кейін жалға берілген Жетісай, Мақтарал, Киров аудандарын кейін зорға жылап жүріп үштен бір бөлігін ғана зорға қайтарып алдық. Қалған жерімізден өзбектер бір облыс ашып алып, жайнап отыр…
Құлаған зымырандардан төгілетін гептилдің Торғай халқының денсаулығына да зор зиян келтіретіні, ауыр зардап шектіретіні анық. Торғай даласы киіктердің көктем мен жазда ең көп мекендейтін, тез көбейетін шөбі шүйгін қолайлы өңір. Онсыз да бұрын Торғай даласында киелі киіктердің жүз мыңдап қырылғаны белгілі. Ресей тарапы киіктердің гептилден қырылғанын мойындағаны туралы мәліметтер жарық көруде...
Қазақтың мылтықсыз-ақ жазылмас қауіпті дертке ұшырап, қырыла беруіне қарап отыра береміз бе сонда?
Болашағымызға қауіп төндіретін бұл мәселе «Қазақ үні» газеті бастаған республикалық БАҚ-тар мен сайттарда, әлеуметтік желілерде көтеріліп, ел мазасызданып отыр.
Еліміз қандай тығырыққа тірелсе де, Елбасына, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге арқа сүйеп, арызын айтып келеді. Қандай қиын мәселе болса да, Сіздің арқаңызда түйіні шешіліп келе жатқанына куәміз. Бұл жолы да қасиетті Торғай өңірінің халқы кең байтақ жері тоз-тоз болып кетуден қорқып, өзіңізге Ашық хат жазып, араша сұрап отырған жайы бар.
Өзіңізге деген зор құрметпен, үлкен үміт күтуші халық атынан:
Олжас Сүлейменов, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері;
Кенжеғали Сағадиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі;
Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты;Дулат Исабеков, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Жеңісбек Мәуленқұлов, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер ұйымы төрағасы;
Қатимолда Ризуанов, Атырау облыстық Ардагерлер ұйымы төрағасы;
Қарсақбай Бірмағанбетов, Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ардагерлер ұйымы төрағасы;Серік Тұрғынбеков, ақын, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты;
Қазыбек Иса, ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі:
Жұмаш Сомжүрек, жазушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
Жұмағали Өмірбеков, Арқалық қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері;Спандияр Бекжігітов, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кардиология орталығы бас дәрігері;
Азамат Тасқараұлы, Ақын, ҚР Үкіметінің "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Байбота Қошым-Ноғай, Ақын, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; Жұмаш Кенебай, ақын, журналист, қоғам қайраткері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері; Руза Бейсенбай тегі, "Ұлт тағдыры" қоғамдық ұйымы Павлодар облыстық филиалы төрайымы; Лұқпан Бегалы, Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер.Қол қою жалғасуда.
"Қазақ үні" газеті Qazaquni.kz http://www.qazaquni.kz/2017/10/09/75650.html