Ханымыздың әруағын тілдеп жатса да, Атамбаевты қолдау - тобырлық!

«Қазақ үні» ұлттық порталындағы Хан Кененің әруағына тіл тигізген Қырғыз президенті А.Атамбаев туралы Қазыбек Исаның «АТАМА ТІЛ ТИГІЗБЕ, АТАМБАЕВ, АТАУСЫЗ ҚАЛАСЫҢ!»-атты мақаласы қоғамда үлкен резонанс туғызғаны белгілі. Әлеуметтік желіде пікір қосқандардың басым бөлігі қолдап жатыр. Бірнеше сайттар көшіріп басқан бұл мақаланың маңызын Ютубтағы ASYL video арнасында 100 мыңға жуық адам қарап, 2 мыңға жуық адам талқылағанынан-ақ білуге болады.

Бүгін осы тақырыпқа үн қосқан белгілі журналист, Абай.кз сайтының редакторы Нұргелді Әбдіғанидың мақаласын ұсынып отырмыз.

 

Қазақстан десе аузына ие болмайтын Атамбаев Путиннің қонақасында  "Мен Ресейді сүйемін" деді...

  Атамбаевтың сөзін қостаушылар - тобыр! Назарбаевқа қарсы болудың  жөні осы екен деп,  қасиетті  ханымыздың әруағын тілдеп жатса да оны қолдағандарды тобырлық демей не деуге болады? Ешкім мұнда қазақ пен қырғыз даулассын деп жатқан жоқ. Атамбаевтың аузындағы сөз бүкіл қырғыздың аузындағы сөз деп отырған ешкім жоқ. "Бектер кетер ел қалар" деп отырмыз! Сөздің парқын ұқпаса, айтқыш екен деген Атамбаев дейтін Кремльдің батасын алып Президент болған, Өзі Ресейді сүйетін (өзі айтты) адамды бұрын ешкім айтпаған шындықты айтқан батыр деп тануды не деп айтуға болады? Мен ешкімге пікіріңді  өзгерт демеймін. Менің пікір айтуға құқым бар. Мен үшін Атамбаев - үлгі емес! Болды. Ал аузына ие бола алмайтын, айтқан сөзі ұлтаралық араздықты қоздыратын  бір адам болса - ол Атамбаев! Бастаған сол, жалғастырып та жатыр! Ал айтайық онда. Ашық шындықты айтқыш Атамбаевтың өзі екіжүзді,  Атамбаев мұрагерім болмайды, сайлауға араласпаймын деді. Ақырында өзі ашықтан ашық Жиенбековты қолдап, Бабановты қаралауға кірісті. Оның Үкіметіндегі вице-премьер Зилилаев Дүйсенбек деген Атамбаевтың  кандидатына үгіт-насихат жасады. Әуелі сайлаудан соң,  шығармашылықпен  айналысамын деп еді, енді саяси-қоғамдық  қызметімді жалғастырамын деп отыр. Президент Назарбаев сайлауға ықпал жасады деді.  Мұнда ықпал етуші Ресей туралы неге ешкім жазбайды? Атамбаев Сочиге барып, Жиенбековке қолдау сұрап келді ғой. Ресей араласуға болады, Қазақстанға болмай ма? Кешіріңіз, бұл дискриминация. Қазақ пен қырғыз туысқан ел дейміз. Ол туыстықты біз емес, Атамбаев даурықтырып тұр. Атамбаев қырғыз мафиозының өкілі, сайлау алдында тапанша асынып, атысуға даяр тұрғаны жария болған. Өзі де 2011 жылы сол кездегі премьер-министр Путинмен кездесіп, сайлауда қолдау сұрап келді. Өткен жолы ғана, Путиннің қонақасынды қолына бокал толы шампан ұстап тұрып, "Мен Ресейді сүйемін" деп сөйледі.  Иә, сүйсін! Маған десе, Кремльге көшіп алсын... Қазақстан Бакиевтерді қолдайды дейді. Бакиевтің көзі көкала қойдай көгеріп, өлгенше тепкі көрген командасы қазір Қырғызстан билігінде, Жиенбековтің сайлау компаниясында жүргенін қалай түсіндіресіздер? Мейлі, алғашқы сөзінде Қазақстан туралы  қатты айтқан шығар, Ондай мәселені  елімізде де әркім айта алады, айтып та жүр. Бұл популизм.  Ол сол сөздері арқылы өз публикасына жұмыс жасап отыр. Қазақстан Президентіне тиісті. Үндемедік. Мейлі, екеуінің арасындағы проблема. Ал енді міне, Қазақ Тәуелсіздігі үшін жанын берген, қазақтардың алауыздығының кесірінен қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқан Хан Кененің әруағына тіл тигізгені шектен шыққандық. "Қылышпен келгендер басын қалдырып кетеді " деген сөз ұққанға - Кенесарыны айтып отыр. Мен де қырғыз жұртын сүйемін,  бауырлас ел. Ал енді Атамбаев секілді оңғақ саясаткелер елдің ортасына от салып отыр. Ұлтаралық араздықты - Атамбаев жасап отыр. Біздің қайсымыз - қырғыздың атасына тисіп, ұлттық құндылықтарына тиетін сөз айттық? Қайсымыз қырғыздың тарихи тұлғасын, ханын, манабын, батырын тілдеп жатырмыз? Ешбіріміз. Ендеше, кім араздық қоздырып отыр?.. Әр нәрсенің жолы бар, жөні бар.  Атамбаевты қолдау, сөзіне еріп кету, сөйтіп Ханымыздың әруағын  тілдеп жатса да, көз жүма қарауды - тобырлық пен құлдық дегеннен  басқа не деп айтуға болады?!. Нұргелді  ӘБДІҒАНИ