Отыздан асқан келіншектерді тоқал ретінде алу туралы заңға ұсыныс жасалды
2017 ж. 08 қазан
14814
81
Жасы 31-ге таяған қазақ қызы елімізде тоқал алуды заңдастырса деген ұсынысын жеткізді. Бойжеткен бұндай ойға не түрткі болғанын Замана басылымына айтып берген.
«Бұрын мен де тоқал дегенге қарсы едім. Ал қазір өмірде кейбір нәрселерді уақыттың сұранысына қарай өзгертуге болады деп санаймын. Мәселен, қазір қоғамымызда жасы 27-28-ден асқан қыздар өте көп. Тұрмыс құрғысы келмейді емес, келеді, тек шаңырақ көтерейік деп сенімді түрде айта алатын лайықты ер-азамат жоқ. Жасым биыл 31-ге толмақ. Бірақ тұрмысқа шыға қоярлықтай жігіт жоқ. Жасың 27-ден асқасын біреудің ұсыныс айта қоймайтынына да көзің жете бастайды екен. Бухгалтермін. Тұрақты екі жұмысым бар. Қосымша кейбір ұсақ компаниялардың есеп-қисабын жүргізіп беріп ақша табамын. Бір бөлмелі жатақханам бар. Материалдық тұрғыда тәуелсізбін деп айта аламын. Бірақ жалғыз жүргенім жаныма батады. Былтырдан бері жасы 46-дағы қызметтес, отбасылы жігітпен араласып жүрмін. Ол менің осы жасқа дейін қыз болып жүргеніме сүйсінді-ау деймін, арамыз содан бері үзілген емес. Бірақ бір шаңырақ астына тұратындай әңгіме айтпайды. Шыны керек, біреудің шаңырағын бұзатын ойым жоқ. Бірақ араласатын құрбыларымның отбасын, жақын-жуықты көріп, соңғы кездері екінші әйел болсаң да отбасың болғаны дұрыс екенін, оның әйел адам үшін маңыздылығын сезініп жүрмін. Өзім «мені тоқал қылып ал» деп айтуға намыстанамын. Балалы болғым келеді. Баланы өзім үшін туғым келеді. Оны айтып түсіндірдім де. «Ешқандай ақша талап етпеймін, өзім бағып-қағамын» деп алдын-ала айттым. Жасырып керегі не, өзі де гүлін алып келіп тұрады, ара-тұра сыйлық жасайды. Алайда тоқал ретінде қабылдағысы жоқ. Осындайда тоқал алуға неге рұқсат етпеске деп ойлаймын. Сонда ең болмаса балама әкесінің тегін алып бере аламын. Өзім туыстарымның алдында жолдасым деп те қысылмай таныстыра алар едім. Тоқал алуға рұқсат беру талай жанбай қалған шырақтың жануына себеп болар еді. Шаңырақтардың себепсіз бұзылуының алдын алатыны да анық. Сондықтан тоқал алуға рұқсат берсек, қоғамдағы бір мәселенің шешілгені болар еді. Шынын айтайық, қазір қоғамымызда тоқалы жоқ ер адам кемде-кем. Тек заңды түрде рұқсаттың жоқтығы оларды қинайтын сияқты. Сондықтан тоқал алуды заңдастырсақ дұрыс болар еді», – дейді.