– Ғалым аға, бүгінде қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне өтуге деген жеке көзқарасыңыз қандай?
– Латын әліпбиіне міндетті түрде өтуіміз керек. Бұл реформа бізді біраз жақсылықтарға, өркениетке, түркі әлемімен араласуға бастайды. Мен сіздерге айтайын, осыдан 3-4 жыл бұрын Ескішехир (Түркия) қаласында түркі дүниесінің кітап жәрмеңкесіне қатысып келдім. Сол сапарға барғанда біз қазақ кітаптарын көрмеге қойдық. Әзірбайжандар, кавказдықтар, түріктер, жалпы түркі халықтары өздерінің кітаптарын апарды. Соның ішінде ең бейшара күйді біздің қазақтың кітаптары кешті. Ешкім келіп ашып қараған жоқ. Сөреде тұрған күйі тұрды. Өйткені, ешкім кириллицаны оқымайды, оқи алмайды. Сондықтан бізге қазір ең бірінші әліпбиімізді латынға көшіру керек. Жылдам, бірақ асығыстыққа бой алдырмау қажет. Ертең өскелең ұрпақ миы ашып отырмауы керек.
– Жуырда Жазушылар одағы басқармасында да осы мәселені талқыладыңыздар. Қандай байламға келдіңіздер?
– Иә, жазушылар одағында өткен жиынға қоғам белсенділері, Бексұлтан Нұржекеевтер, Өмірзақ Айтбаевтар бастаған біздің үлкен ақсақал қаламгерлері қатысты. Сол отырыстың негізгі түйіні мен айтқан пікірге саяды. Мұны кешеуілдетіп алуға да болмайды, бұған асығыстық та керек емес деген секілді. Бұл әйтеуір бұйрықпен өтіп кететін реформа емес. «Уралап» өтіп алып, ертең келер ұрпақты тығырыққа тіремеуіміз керек. Латынға өткеннен кейін қаншама сөздік жазылуы тиіс. Оған дайынбыз ба? Осы жұмыстар сауатты, уақытылы жасалған кезде ғана өтсек болады.
– Сауатты демекші, ұсынылған соңғы нұсқада кейбір қазақша әріптердің қос әріппен таңбаланғаны көпшіліктің наразылығын туғызды. Сіз бүл тұрғыда не айтасыз?
– Иә, арасындағы ең көп таласқа түсіп жатқан екі дыбыстың бірігуі, қос таңбалы ол бізге бірден кіре кетсе жақсы. Кіріп кете алмайтын секілді. Тіл білімі алдында бір ұсынған еді, сол ұсыныс келіңкірейтін секілді. Ол Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиіне жақындау болатын. Біздің тарихымызда әліпби бірнеше рет өзгерді. Қазақтар ғасырлар бойы араб жазуын пайдаланып келді. Тарихымыздың талай парағы сонымен жазылған. Байтұрсынұлының реформасынан кейін латынға көштік. Енді кириллицаға ауысқанымызға да бір ғасырға жақын уақыт болды.
– Ал екі әліпбиді: кириллица мен латын қарпін қатар алып жүру туралы ұсынысты қолдайсыз ба?
– Пайдалы да, зиянды да жақтары бар. Мәселен, ертең ата-аналардың көбі баламның миын ашытпайын деп, кириллицада оқи берсін деген ниетпен орыс меткептеріне береді. Сондықтан, асығыстық танытып дереу әліпбиді ауыстырып жіберуге болмайды, Елбасы айтқандай бұл процесс кезең-кезеңмен, ешкімге ауыртпалығын тигізбей жүргізілуі керек.
Аяқ асты әліпбиін ауыстырып жіберген өзбектер әліге дейін қиындық көріп жүр. Армяндар мен грузиндердің тәжірибесі мүлдем бізге келмейді. Ал, әзірбайжандар болса 20-25 жылда мүлдем орыс тілінен қол үзді. Осы тәжірибелерді ескеріп, біздің мамандарымыз ақылмен жұмыс істесе жетіп жатыр.
– Тіл мамандары дейсіз, Парламентте талқыланған латын әліпбиінің жобасын ІТ-мамандары ұсынған деген сөз бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– ІТ-мамандарына еш қарсылығым жоқ. Бірақ, бізге қазір латын әліпбиінің ең түсінікті, айтуға да, жазуға да қолайлы үлгісі керек. Бұл соңғы нұсқа қабылданып кетеді деп ойламаймын, әлі де талқыланады. Елбасы өз пікірін айтар. Қандай жағдайда да көпшіліктің пікірімен біздің тіл институттары да, біздің үкімет те санасуы керек деп ойлаймын.
– Айналып келгенде бәріміз осыдан 20 жыл бұрын латын әліпбиіне өтіп, әлі де проблемаларға кезігіп келе жатқан өзбек елін мысалға аламыз. Мынадай жағдайда қос әліпбимен, қосарланған әріптермен проблеманың үлкені бізде болмай ма?
– Айтып отырмын ғой, кезең-кезеңімен көшіру керек. Түбінде бір әліпбиді ғана қалдыруға тиіспіз. Мемлекетті, халықты екіге бөлуге болмайды. Онсыз да басымызды біріктіре алмай отырмыз. Жазушылар одағының пікірі осындай.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота Мұсабекқызы