Сабыр ағадай cаңлақ енді туар ма?
2017 ж. 19 қыркүйек
5154
5
Айтып-айтпай не керек, бұл жалғаннан өмірлік қуаты, өнер үшін жүрек қаны сарп етілген, қазақ көркемөнерін жаңа арнаға бұруға құдіреті жеткен, абыз суретші Сабыр Мәмбеевтің кеткеніне де қырық күн толды ғой.
Сабыр реформатр-суретші, ұлы колорист еді. Жаңашылдығымен қазақ көркемөнерінің тұнық бастау бұлағындай шығармаларымен, көктем лебін әкелген алыптардың бірегейі болды. Даланың байтақ құшағына ғашық, тұтас қазақ көркемөнерінің бағытына сілкініс берген сыршыл суреткер еді. Ол Суретшілер одағының басшысы ретінде шығармашылығын қойып, қазақ руханиятына да аямай еңбек етті. Жаңашыл жастарды қатты қолдады.
Өткен ғасырдың 60-жылдары келген жұлдызды талантты тұтас бір буынды, соцреализм сыншыларының тұмсықтысына шоқытпай, қанаттысына қақтырмай қорғады. Өзінің шешендігімен, өнертанушы ретінде үкімет басшыларына түсіндіре білді. Ол кезең кеңестік соцреализм әдісінің ескі шеңберінен шығып, жаңа арнаға түскен бүкіл қазақ бейнелеу өнері ерекше шарықтады. Сабыр дәуірінің суреткерлік интонациясы, тыныс-дірілі, азаматтық желпінісі, шалқыған бояулар шаттығы жастардың ізденістерінде жаңа тыныс ашты.
Көктем. 1965 жыл.
Өнер жолынан басқаға өз рақымын тигізіп отыру – Сабар ағаның көп мұраттарының бір болды. Қаншама cуретшіге пәтер алып берді. Үйсіз жүрген суретшіге өз саябағын да сыйлаған. Бүкіл суретшілерді шеберханамен, атақтармен қамтамсыз етті. «Сабыр, өзің де бірдеңе алсаңшы», – деп Д.Қонаев ағамыз да талай айтқан. Бірақ бәрібір ескі үйінде қалды...
Сабыр ағаның замандастары не деген құдіретті келісті адамдар еді. Рухы биік, жандары үлкен болды. Заман өзгеріп, адамдар ұсақталды. 27 жыл Суретшілер одағын басқарған Сабыр ағаның өзін де шеттетіп, алтын ордалы Суретшілер одағының керегесін бөлшектеп сатты-ау! Ел жаңарып, түлеудің орнына Суретшілер одағы қираудың алдына аз қалды. Бас ғимарат, галереядан бастап, тіпті кітапханасына дейін... естігенде көкірегің қарс айырылады. Бірақ қара шаңырақ қалды.
Сабыр аға текті еді ғой. Бір жылдай суретшілермен сөйлеспей жүрген кездері де болыпты. Жабайы қоғаммен риясыз жараса алмаған алып жүрегін емдегені шығар, мүмкін...
Бір сөйлескен адам оны ұмытуы мүмкін емес. Сөздің басын «айналайын» деп бастайтын алабөтен шешен, терең адам еді. Қалайда ерек қасиетімен кісіні баурап әкететін. Аңда-санда Одақ үйіне соғып кеткенде, тек өнер туралы ғана әңгіме айтатын. Өнер туралы білімнің кені тәрізді аяулы ағамен аз әңгіме терең санада қалатын.
«Сен туралы естіп жүрмін. Сен рухты сезіне біл. Рухты ізде. Шетелге барсаң, Флоренцияны, Римді көр. Басқалары жолда қалады. Ол жерде өнер рухы бар» деп еді. Не деген әсерлі сөз. Қазір ойласам, ондай ақыл естудің өзі де сағынышты екен. Бірақ күні кешегіндей...
Ұлы тұлғалардың қыры да көп, сыры терең. Бұл күнде суретшілер арасында Сабыр ағаға тең келетін тұлға жоқ. Өнерге қызмет етудің жарқын көрінісі болған ғұмырының өзі әркімге мейір шашады. Ел руханиятына жан тәнімен берілген азамат суретшінің халқым деп соққан еңбегі де, ұлы рухы да мәңгі!
Жанарбек БЕРІСТЕН,
профессор, Қазақстан Суретшілер одағының жауапты хатшысы
"Дат" газеті