ҚР ІІМ 2 қыркүйек күні Абу-Даби Плаза құрылыс нысаны маңында болған оқиға жайлы қосымша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Астанадағы қақтығыс: Полицейлер күзет қызметкерін жарақаттаған күдіктілерді анықтады
2017 ж. 03 қыркүйек
4576
7
ҚР Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Астанадағы Абу-Даби Плаза құрылыс кешенінде болған қақтығыстың күдіктілері анықталғанын айтты.
«Астана қалалық ІІД ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы 2 т. («бұзақылық») бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында жүргізілген жедел-тергеу шаралары нəтижесінде күзет фирмасының қызметкері Полатовқа дене жарақатын салған күдіктілерді анықтады. Сондай-ақ, Полатовты соққыға жыққаны үшін құрылыс нысанында жұмыс істейтін Үндістан азаматтарына дене жарақатын салған күзет қызметкерлері арасынан да күдіктілер анықталды», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев.
Ведомство өкілі қазіргі таңда іс бойынша қақтығыс қатысушыларының əрекеттерін нақтылауға бағытталған қажетті тергеу əрекеттері жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық заңға сай құқықтық баға беріліп, кінəлілер жауапқа тартылады.
«Астана қалалық ішкі істер органдары 3 қыркүйекке қараған түні Абу Даби Плаза маңындағы қақтығысты тоқтату барысында қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты шаралар қабылдады. Полиция бөлімшелеріне жеткізілген 41 адамның 8-і əкімшілік жауапқа тартылды. Қалғандары ескерту жасалғаннан кейін босатылды», - дейді Алмас Садубаев.
ҚР ІІМ елорда тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған қандай да бір заңға қарсы әрекеттерге, оның ішінде оқиғаға байланысты әдейі жалған ақпарат таратуға жол беруге болмайтынын тағы да ескертеді. Жоғарыда айтылған әрекеттер жасалған жағдайда кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады.