Ұлықбек Есдәулет: Әлем ақындары қазақ елінде бас қосса мемлекет үшін абырой болар еді
2017 ж. 29 тамыз
4043
6
Тамыздың 16-22 жұлдызы аралығында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда Дүниежүзілік 37-поэзия құрылтайы болып өтті. Бұл поэзия құрылтайын Моңғолия жазушылар одағы мен Әлемдік өнер және мәдениет академиясы бірлесіп өткізіп, шараға алыс-жақын 40 елдің 200 ге жуық ақындары бас қосып, өлең оқыды.
«Табиғаттың ақыл-ойы және адамдардың жан-табиғаты» деген тақырып аясында өткен мерекелік іс-шараға шетелдік таңдаулы ақындармен қатар, біздің елден моңғол тілінде де қалам тербеп, аудармалар жасап жүрген ақын Жүкел Хамай және Ұлықбек Есдәулетов, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Ғалым Қалибек қатарлы ақындар, сонымен қатар Моңғолияда тұрып жатқан қазақ ақыны Байыт Қабанұлы шақырылыпты.
Осыған орай "Әдебиет порталы" ақын Ұлықбек Есдәулетпен сұхбат құрған екен. Аталмыш сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
-Аға, Моңғолияда өткен дүниежүзілік поэзия құрылтайына қазақ елінің атынан қатыстыңыздар ғой. Қандай әсермен қайттыңыздар?
- Менің ертеректе жазылған «Ақын деген бір ұлт бар» дейтін өлеңім бар. Есенғали Раушановқа арналған. Сол сөзім – сөз. Өйткені, Ақын деген жұрт – нәсіліне, ұлтына, тіліне, түріне, тегіне, дініне, мекеніне қарамай мінез-құлқы, жан-жүрегі, болмыс-бітімі, іс-әрекеті жағынан бір-біріне аса ұқсас келетінін ең алғаш рет сонау 1978 жылы Полтава қаласында өткен Жас ақындардың бүкілодақтық фестиваліне барғанда байқағам. Тіпті таң қалдым. Бәрі бас қосқанда бір үйдің балалары секілді. Пошымдары әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды, өлеңдері де әрқилы, бөлек-бөлек, бірақ араларында бәрібір бір жақындық, ұқсастық бары сезіліп, көрініп тұрады. Поэзия форумдарында кейбіреулері шабыттанып, есіп, екіленіп, құтырынып өлең оқығанда, бәрі бір шаңырақта туғандай. Тіпті мақтаншақтықтарына дейін ұқсастығын қайтерсің? Бәрі ұқсас, тек жырлары ұқсамайды, әр басқа. Бұл туыстықты ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз «Чили - шуағым менің» атты Пабло Нерудаға арнаған поэмасында:
«Барлық ақын - баласы бір ананың,
Ақын келсе өмірге, қуанамын.
Ақын өтсе өмірден - жылағаным,
Барлық ақын - баласы бір ананың», - деп дөп басып, дәл айтып кеткен.
Ал дүниежүзінің бұрын көрмеген, жүздеспеген, бірақ сөйлесе кетсең – сөзің үйлесетін, ежелден келе жатқан ескі танысыңдай, тіпті көптен көрмеген туысыңдай әсер беретін әртүрлі ақындарымен кездесу, танысу, білісу, бір шыны шайды бөліп ішіп, бір-біріңнің өлеңіңді оқып, кітап сыйласып, мекен-жөн, телефон алмасып, жатсынбай, жатырқамай жарасып тарқасу үлкен ғанибет. Жаңа таныстардан жаңа әсер аласың. Өзің көрмеген, бармаған құрылықтардың өзің сияқты ақындарымен жүздесуден, араласудан сарайың ашылып, сезімің сергіп, көңілің марқайып, дүниетанымың мен көзқарасың кеңи түседі. Біздің әсерміз де сондай болды.
-Əлемдік өнер жəне мəдениет академиясының президенті өз қолымен сізге сол ұйымның алтын медалін әрі əлемнің үздік ақындары қауымдастығына қабылдағаны жөнінде сертификатты тапсырыпты. Қазақстанда осы академияның бөлімшесін ашу құқығы берілетіні жайлы жағымды жаңалық бар екен. Бұл ұйымның нақты миссиясы қандай?
- Біз қатысқан поэзия конгресінің девизі – «Табиғат руханияты немесе адам санасындағы табиғат» деп аталды. Осы тақырыптың өзі көп дүние айтып тұр. Конгресс пен фестивальды өткізуші Моңғолия Поэзия академиясы болғанымен негізгі жоба иесі сол Әлемдік өнер және мәдениет академиясы. 1969 жылы БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның аясында Американың Калифорния штатында құрылып, Парижге орналасқан. Әлемнің көптеген елдерінде өнер мен мәдениет салалары бойынша дербес бөлімшелері ашылған, бізден басқа көптеген елдерде бар.
Мысалы, 2014 жылы мені Қырғызстанның Халықаралық Поэзия академиясы мүшелікке қабылдаған. Әлемдік академияның негізгі мақсаты мен қызметі - мәдениет пен өнерді насихаттау, жалпыадамзаттық құндылықтар мен рухани қазыналарды қорғап-сақтау мен өркендетіп-дамытуға ықпал ету, олардың күнделікті өмірге кірігуіне көмектесу, өскелең ұрпақты халықтардың тарихи-мәдени мұрасына қасиеттеп-құрметтеуге баулу. Ал біз құрғымыз келіп отырған Халықаралық поэзия академиясының негізгі мақсатына бұдан басқа еліміздегі рухани жаңғыру мәселелеріне белсене араласу, ұлттық әдебиетті дамытуға, қазақтың классикалық және заманауи шығармаларының дүниежүзіне танылуына үлес қосу, т.б. кіреді.
Біз өз шеңберімізде тұйықталып қала бермей, халықаралық әдеби процестердің бел ортасында жүруді көздеп отырмыз. Ақын-жазушы шығармашылығы жеке бастың жұмысы, бірақ оның насихаты, өзге тілдерге аударылып, жарыққа шығуы жеке қаламгердің қолынан келе бермеуі мүмкін, сондықтан бұл істі осындай ұйымдар қолға алып, атқаруы керек. Мұндай әр елдің белгілі деген 50-100-200-300 ақын-жазушы, әдебиетшісі қатысатын әлемдік, халықаралық, құрлықтық фестиваль, конгрестерді өткізу тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, бүкіл республикамыз үшін үлкен насихат, зор абырой болар еді. Әрбір кезекті поэзия форумын өткізу үшін мемлекеттер арасында кәдімгідей талас жүретінін көріп қайттық. Бұл жолғы бәсекеде төрт жылдан бері ұсыныс беріп жүрген Қытай жағының жолы болып, 38-конгресті өткізу мәртебесі бұйырды. Біздің еншімізге 2019 жылы өткізілетін 39-конгресс тиюі мүмкін екенін айтысты.
-Әлем ақындарының антологиясы ағылшын тілінде жарық көрді әрі сіздердің кітаптарыңыз моңғол тіліне аударылыпты. Қазақ әдебиетінен басқа елден келген қаламгерлер қаншалықты xабардар екен? Ал аудармаға ақын-жазушылар тарапынан қандай пікір айтылып жатыр?
- Шынын айтсақ, қазіргі заманғы шетелдік ақындар Олжастан басқа қазақ ақынын біліп жатқан жоқ. Ал Моңғолия оқырмандары Абай мен Мұқағалидың, Олжастың, Мұхтар Шахановтың, Серік Ақсұңқарұлының, Қасымхан Бегмановтың және менің шығармашылығыммен Жүкел Хамайдың аудармасы арқылы танысты. Ашылуында сөз сөйлеп, жыр кешінде өлең оқығанымнан кейін осыдан үш жыл бұрын Ұланбатырдан шыққан «Киіз кітабымды» іздеушілер, өзімнен келіп сұрап алушылар көбейді. Көлемі шағын кітапшадан отыз шақтысын апарып едім, моңғол ақындары мен оқырмандары қонақ үйге іздеп келісіп, пышақ үстінен үлестіргендей алып кетісті, әлденеше сұхбат алды.
Аудармаларға қандай баға берілгенін ақындарымыздың алып қайтқан жүлделерінен де байқауға болатын шығар. Маған Әлемдік академияның алтын медалі бұйырғанда Қасымхан Бегманов Гуманитария докторы атанды, Қазыбек Иса бар, басқаларымыз Әлемдік академияның академик мүшесі атандық оған қоса Жүкел Хамай Тайвань елінің «Алтын тырна» жүлдесіне, Ғалым Қалибек Моңғолия Жазушылар одағының «Алтын қалам» жүлдесіне ие болды.