ӘЛЕМ ақындарының АЛАМАНЫ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ үшін ЗОР ТАБЫСТЫ БОЛДЫ
2017 ж. 26 тамыз
4336
9
Моңғолияның астанасы ҰланБатыр қаласында өткен Дүниежүзі ақындарының поэзия фестивалы мен Әлем ақындарының 37 конгрессі қазақ ақындарына үлкен жеңіс сыйлады.
Әлемдік шараны ұйымдастырушылардың айтуынша Қазақстан әлемнің 40 шақты елінен ұзын саны 300-ге жуық ақын қатысқан мұндай дүниежүзілік дүбірлі бәйгеге бірінші рет қатысып отыр екен.
Қазақстаннан барған белгілі ақындар Ұлықбек Есдәулет, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Жүкел Қамай және Ғалым Қалибектер ЮНЕСКО-ның Əлемдік өнер жəне мəдениет Академиясының тұрақты мүшесі (академигі) атанды. Ал бұған дейін бұрын Қазақстанда бұл аталмыш айтулы академияға мүше болғандар болған емес.
Бұл әйгілі ƏЛЕМДІК ӨНЕР және МӘДЕНИЕТ АКАДЕМИЯСЫ АҚШ-та құрылған, ЮНЕСКО-ның аясындағы ұйым. Офис-орталығы Францияда, Президенті Маурис Янг.
Дүниежүзілік 37- поэзия конгресінің ашылу салтанатында Əлемдік өнер жəне мəдениет Академиясының президенті Маурис Янг (Франция), Моңғолия Президентінің өкілі, Мəдениет министрі, т.б. соң Қазақстан делегациясын бастап барған қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетке де сөз берілді. Бұл сөзді бірден ақын Жүкел Хамай моңғол тіліне, басқа тəржімандар ағылшын, қытай, испан, орыс тілдеріне аударып тұрды. Сөз соңында Ұлықбек Есдәулет құрылтайдың ұйымдасырушысы, негізгі тізгін иесі Гомбожав Менд-Ооёоға ұлы ақынымыз Абай атамыздың басмүсінін тарту етіп, Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын табыстады. Жұрт жақсы ықыласпен қабылдады.
Басқа да тілдерде құттықтаулар айтылып, баяндамалар жасалды.
Күні бойғы салтанатты бас қосу соңында əлемнің əр елінен келген белгілі ақындарды марапаттау болды. Ұлықбек Есдәулет өңіріне Əлемдік өнер жəне мəдениет Академиясының Алтын медалін сол ұйымның президенті өз қолымен тағып, əлемнің үздік ақындары қауымдастығына қабылданғаны жөнінде сертификат тапсырды. Мұндай медаль моңғолдың көрнекті ақыны Нямба екеуіне бұйырды. Ал белгілі ақын Қасымхан Бегмановқа сол Академия атынан гуманитарлық саланың докторы атағы берілді. Келесі күні ақын-аудармашы Ж.Хамай Халықаралық поэзия академиясының "Жыр пырағы" атты жүлдесіне ие болды.
Ал ақындар Қазыбек Иса мен Ғалым Қалибек екеуі Әлем ақындары Конгресінің Ұлықтау-Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге Ғ. Қалибек Моңғолия жазушылар одағының «Алтын қалам» сыйлығын иеленді.
Әлемдік ақындар антологиясына осы аталмыш ақындар жырлары жарияланды.
Келесі конгресті өткізуге Қазақстан да ұсыныс беріп еді, бірақ төрт жылдан бері таласып келе жатқан Қытай еліне берілген дауыс басып кетті. Олардан 25 ақын келіпті..
-Әлем ақындарының аламаны қазақ ақындары үшін зор табысты болды. ЮНЕСКО-ның Əлемдік өнер жəне мəдениет Академиясының толық мүшесі (академигі) атану, халықаралық сыйлықтарға ие болу, дүниежүзі ақындарының антологиясына кіру, әлемдік аренада қазақ ақындарының құрметке ие болғанын көрсетеді. Ақындар әлемдегі төртінші шөл болып табылатын атақты Гоби шөлінде болып, моңғол малшыларының өмірімен танысты. Ал түнде "Аспан астында оқылған жыр" атты әдеби кеш әсерлі болып, жарыса өлең оқыдық. Моңғолияның қастерлі жерлерінде болдық. Еліміздің ақындарын Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Қалыбек Қобландиннің қабылдауы да айтарлықтай өтті -дейді ақын, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық лауреаты, "Қазақ үні" газеті президенті, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса.
-Қайтардан бір күн бұрын әлемдегі ең алып ескерткіш Шыңғыс ханның туған жеріне бардық. Әлемдегі ең ұлы қолбасшының ескерткіші де өте зор, алапат етіп жасалыпты. Айтпақшы , оны жасатқан Монғолияның қазіргі жаңа президенті Баттулга екен. Бұл сапарға Моңғолиядағы бауырымыз Байыт Қабанұлы мен Ерқұлан Хизат бастамашы болды.
Жанында ескерткіштер кешенінде Шыңғыс ханның шешесі қазақтың қызы қоңырат Олун ананың ескерткішін де тамашаладық.
Шыңғыс ханға талассақ кейде мейлі,
Түбіміз бір дегендей ой демейді...
Түрлеріне қарасақ өзіміз ғой,
Неге бұлар қазақша сөйлемейді?
Шығатұғын дәл бүгін төрге атым бар,
Келді мұнда далаға ең жақындар.
Қаруменен Шыңғыс хан алса әлемді,
Қаламменен алуға келді ақындар!-
деп, ақын Қазыбек Иса осы сапар барысын әсерлене, жырлауы тегін емес қой деп те ойлауға тура келеді.
Біз де Шыңғыс хан елін қаламмен алып келген қазақ ақындарын Әлемдік аламандағы айтулы табыстарымен құттықтаймыз!
Алтай САҒИДОЛЛА
Qazaquni.kz
Ақын Қазыбек Иса, Әлемдік өнер және мәдениет академиясының президенті Маурис Янг (Франция) және 37-Дүниежүзілік поэзия конгресін ұйымдастырушы - Моңғолия халықаралық поэзия академиясының президенті Гомбожав Менд-Ооео.