Өмірбек Жампозовқа қатысты сот үкімі шықты
2017 ж. 25 тамыз
1937
1
Ақмола облысының Целиноград аудандық соты бюджет қаражатын жымқыру ісіндегі фигуранттардың бірі, қаза болған Өмірбек Жампозовқа қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Сотталушы Өмірбек Жампозов 20 шілдеде сот үкімі шығатын кезде өзін-өзі атып өлтірген. 61 жастағы ер адам бастапқыда мемлекеттік айыптаушыға оқ атып, кейіннен прокурордың қасында тұрған полиция қызметкерін жарақаттаған.
21 тамызда өткен сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Айымгүл Жаманбалина барлық алты фигурантты, соның ішінде қайтыс болған Өмірбек Жампозовты айыпты деп танылуын сұраған болатын.
Осылайша, прокурор Жампозовты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша айыпты деп танылуын және оның қайтыс болуына байланысты жазадан босатуды сұрады. Ал қалған сотталушыларды мемлекеттік айыптаушы 7 жылдан екі жыл 6 ай шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал бүгін судья осы іске қатысты үкімді шығарды.
"Өмірбек Жампозов ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша айыпты деп танылсын", - деп оқыды үкімді судья Төлеген Тұрғамбаев.
Өмірбек Жампозов өліміне байланысты соттың үкімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал осы істегі қалған фигуранттар 7 жылдан 2 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы сот залында қамауға алынды.
Еске сала кетейік, бюджет қаражатын жымқыру ісімен Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі айналысқан болатын. Іске қайтыс болған Өмірбек Жампозов пен тағы бес фигурант қатысты.
Тергеу осыдан екі жыл бұрын қозғалған болатын. Ал сот отырыстары 2016 жылдың желтоқсан айынан басталды.