Мемлекеттік тілді құрметтемеу этносаралық жанжалға ұласуы мүмкін
2017 ж. 24 тамыз
7254
9
Тіл мəселесін зерттеген саясаттанушы ретінде айтарым, кейбіреулер ойлайтындай, қазақ тілінің мəселесі тек қазақтілді қазақтардың ғана мəселесі емес. Бұлай ойласақ, оңбай қателескеніміз. Бұл - сіз бен біздің, Қазақстанда тұратын барлық этностардың бүгінгі жəне ертеңгі тағдырын айқындайтын ең негізгі мəселе. Себебі, тілді құрметтемеу жəне осы бағытта орын алатын даулар жиілей түссе, оның соңы кешегі жер дауы секілді қоғамның ішкі тұрақтылығына сызат түсіріп, əлеуметтік жəне этносаралық жанжалға ұласып кетуі əбден мүмкін.
Елбасымыз айтқандай, тəуелсіздік алған 25 жылдан астам уақыт ішінде басқа этнос өкілдерімен қоса, ең əуелгі кезекте, қазақтардың қазақ тілін үйреніп алатын кезі келді. Қазақ тілін үйрену бойынша жекелеген азаматтар жəне талап етуге келгенде мемлекеттік органдардың енжарлығы салдарынан елімізде осы мəселе жылдар өтсе де күн тəртібінен түспей келеді.
Қазақ тілін білмейтін кейбір қазақ азаматтар қазақ тілін үйренуге асығар емес. Керісінше, өкінішке орай, отбасында жəне қоғамдық ортада орысша сөйлесіп, балаларын ағылшын курстарына беріп əлек. Ұлттық таным-түсінік пен болмысынан жартылай немесе толық айырылып қалған ондай қандастарымыздың қазақ тілін үйренбеуі үшін айтатын себеп-сылтаулары да көп. Барлық ақпарат екі тілде жазылып, таратылып, теле-радиоарналардың көбісі орыс тіліне басымдық беруі жəне құзырлы органдардың (Үкімет, Мəдениет жəне спорт, Ақпарат жəне коммуникациялар, Білім жəне ғылым министрліктері) тарапынан мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту жəне осы бағытта жіберіліп жатқан өрескел заңсыздықтармен күресу бойынша прокуратура органдарының кешенді шараларды дер кезінде қолданбауы салдарынан елімізде қазақ тіліне деген қажеттілік толық қалыптаспауда жəне өкініше орай мемлекеттік тіл мəселесі жауыр əрі жүйкеге тиетін мəселеге айналып отыр. Бұл бағытта, əсіресе, Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті іс-қимылының мүлдем көрінбеюі көңілге қаяу түсіреді.
Мəселен, "Эйр Астана" ұшағында жақында тілге қатысты орын алған дау, жасыратыны жоқ, негізінен, қоғамның барлық саласында да көрініс беруде. Осы тақырып əлеуметтік желіде қызу талқыланып, мəселеге қатысты құзырлы органдардың үнсіз қалуы көпшіліктің өзара дауласуы мен ашу-ызасын тудырды. Міне, тілге жауапты құзырлы органдар тарапынан тиісті түсіндіру, мемлекеттік тіліміздің мəртебесін арттыру жəне оған деген шынайы қажеттілік тудыру бойынша жұмысының жоқтығы салдарынан қоғамда мемлекет атымен аталатын қазақ ұлтының тілі жетім баланың күйін кешуде.
Парламентте осы мəселені кезінде Мұхтар Шаханов пен Амангелді Айталы ағаларымыз талай мəрте көтерген болатын. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да мəселені өте орынды көтерді. Меніңше, егер мəселе осылай шешімін таппай, елдің зығырданын тудыра берсе, қайталап айтамын, арты жақсылыққа апармайды.
Сондықтан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мырзаға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша кешенді шараларды қабылдау бойынша Үкімет сағатын өткізу жəне қалыптасқан күрделі ахуалды тезірек реттеу үшін Тіл комитетінің басшылығын ауыстырып, орнына жай сөзбен шектелмейтін, тіл, ұлт мəселесін терең түсініп, ауқымды жұмыстар атқара алатын, бірнеше тілді меңгерген Расул Жұмалы, Айдос Сарым секілді білікті мамандарды тағайындау туралы ұсыныс білдіремін.
https://www.facebook.com/100018072196323/videos/133058233973249/ Айдос Сәдуақасов, Фейсбук парақшасынан